Алдағы күндері болатын 40 градустық аязға байланысты синоптиктер ескерту жасауда
2019 ж. 05 ақпан
6309
0
Қазақстанға аномальды аяз келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Синоптиктердің айтуынша, еліміздің біраз бөлігінде ауа температурасы минус 45 градусқа дейін төмендейді. Есесіне бірқатар өңірде қар жауып, қатты борандатуы мүмкін. Қатты аязға еліміздің солтүстік, орталық һәм шығыс өңірлері дайындалғаны абзал. «Соңғы рет мұндай аномальды күн райы 7 жыл бұрын тіркелген», – дейді синоптиктер.
Лаура Сайлыбаева, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:
– Орал аймағынан келе жатқан атмосфералық фронттар және оңтүстіктен келген циклон байланысты еліміздің басым бөлігінде алдағы түнде қар жауады, бұрқасын болады және қатты екпінді жел соғады. Ал оңтүстікте тұман мен көктайғақ күтіледі.
Қытымыр аяз еліміздің оңтүстігінде де қаһарына мінеді. Бұл өңірлерде ауа температурасы минус 30 градусқа дейін төмендейді. Бұған Арктикадан суық ауа массаларын әкелетін антициклон себеп.
Лаура Сайлыбаева, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:
– Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды және ШҚО ақпанның 6-7 ауа температурасы түнгі сағаттарда 45 градусқа дейін төмендейді. Бірақ адамның әсеріне қарағанда желдің, ылғалдың әсерінен 60 градус аязға дейін жетеді. Ал оңтүстік өңірлерде Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарында ауа температурасы кей жерлерде 30 градус аязға дейін төмендесе, бұл адамға 40 градусқа дейін әсер етеді.
Қазгидромет қытымыр аяз аптаның соңына дейін орнығады деп болжап отыр.