Құрбан шалып жатқанын немесе шалынған малдың басын ұстап суретке түсу – бұл шариғатқа қайшы амал. Бұл жөнінде алдағы Құрбан айт мерекесіне қатысты өткен баспасөз мәслихатында «Нұр Астана» мешітінің бас имамы, Астана қаласының өкіл имамы Асқар Мұқанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Имам: Құрбандыққа шалынған малдың басымен селфи жасау – шариғатқа қайшы амал
2018 ж. 16 тамыз
2979
0
«Иісі мұсылман баласын бауырмалдыққа, татулыққа, мейірімділік пен қамқорлыққа шақыратын Құрбан айт мейрамы биыл 21 тамызға дөп келіп отыр. Астана қаласы бойынша Құрбан айт намазы таңғы сағат 07:00-де басталады деп шешілді. Себебі, шариғат бойынша күн найза бойы көтерілгеннен кейін әрбір ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, сапарда емес мұсылман баласына айт намазын оқу міндет амалдардан болып есептеледі. Сәйкесінше, 20 тамыз – Арапа күні», - деген имам намаз айтылған уақытта басталып кететіндіктен, астаналықтарды намазға ертерек қамданып келуге шақырды.
Имам Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұлық мейрамды бұқаралақ сипатта мерекелеу үшін бірқатар мәдени, рухани және қайырымдылық іс-шаралар бағдарламалары қолға алынғанын айтты.
«Қайырымдылық шара дегеніміз - сол күнгі, яғни Құрбан айт күндегі қайырымды жандардан түскен етті бұзып алмастан, бірден Астана қаласының жағдайы төмен көпбалалы немесе мүгедек мүшені қамтыған отбасыға тізім бойынша, кезек бойынша таратылады. Мәдени шаралар дегеніміз - айт намазынан кейін мешіттердің алдында қайырымдылық жәрмеңкелер, спорттық шаралар өтуі, ақсақалдар мен мешіт жамағатына арнайы жайылған айт дастарханы», - деді Асқар Әбітайұлы.
Сонымен қатар, мешіт қызметкері мәлім еткендей, айт күндері қаладағы «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» және «С.Ғылмани» мешіттерінің аулаларына киіз үйлер тігіліп, спорттық-мәдени шаралар өткізіледі.
«Бұл мереке күндері әрбір шамасы жеткен мұсылман баласы құрбан шалып, Алла алдындағы міндеттерін өтейтін болады. Осы тұста бір ескеретін жағдай, қазір «селфи» деген нәрсе шығып кетті. Бұл нәрсе шариғатқа кішкене қайшы. Құрбан шалып жатқанын немесе шалынған малдың басын ұстап суретке түсу – бұл шариғатқа қайшы амал, мұндай әдептерге мұсылман баласы бармауы керек. Жылда біздің құрбан шалушы жастарымыз сойылып жатқан малдың жанына барып, қан ағып жатқанын суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге салып, әдепсіздік танытады. Бұл - дұрыс емес. Себебі, құрбан шалу – бұл Аллаға жақындау. Пенде құрбан шалғанын бәріне жариялап, жар салып, суретке түсу, бұл амалыңызды әшкерелеп қойғанмен бірдей болады», - деді имам.