Оралмандардың еңбек өтілін есептеу мәселесі қалай шешіледі
2018 ж. 13 тамыз
2765
0
Қытай Халық Республикасы еңбек өтілін өзара тануға қатысты келісімді рәсімдеуге келіспей отыр. Соған қарамастан, Қазақстан аталған мемлекеттен келетін қандастырмыздың еңбек өтілін біржақты тәртіппен есептеуге әзір, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бүгінде Қытай сияқты елдерден келетін қандастарымыз өздерінің еңбек өтілін дәлелдей алмай жүреді. Себебі аталған мемлекетте еңбек өтілін рәсімдеудің бірыңғай жүйесі жоқ, тіпті еңбек кітапшасы да жүргізілмейді. Ал еңбек өтілін дәлелдей алмағаннан кейін зейнетақының толық мөлшерін алу қиын.
«Негізі, ондай мәселелер екіжақты халықаралық келісімдермен реттеледі. Ондайды «еңбек өтілін өзара тану» деп атайды. Қазақстан бірқатар мемлекеттермен осы іспетті келісімдерді рәсімдеген. Біз Қытайға да еңбек өтілін өзара тануды ұсындық. Былайша айтқанда, біз шетелден келетін қандастырмыздың еңбек өтілін толығымен санаймыз. Олар да сөйтеді. Дегенмен, Қытай жақ оған келісеміз деген ниетін білдірген жоқ. Сол себепті біз өзіміз еңбек өтілін біржақты тануға дайынбыз. Себебі қандастарымыздың біраз бөлігі сол жақтан келіп жатады», - деді М.Әбілқасымова ҚазАқпарат тілшісіне.
Оның сөзіне қарағанда, ендігі мәселе - еңбек өтілін дәлелдейтін құжаттарды анықтау. Ол еңбек кітапшасы бола ма, жұмыс берушінің ресми хаты бола ма, осы жағын реттеп алу қажет.
«Қазіргі кезде арнайы сарапшылар тобы Қытай мен Моңғолия бойынша жұмыс істеп жатыр. Себебі аталған екі мемлекеттегі жағдай ұқсас. Сарапшылар еңбек өтілін дәлелдеудің формаларын пысықтап жатыр. Алдағы уақытта тиісті заңнамаға оралмандардың еңбек өтілін есептеуге қатысты өзгерістер енгізіледі», - деп атап көрсетті М.Әбілқасымова.
Айта кетейік, бұған дейін министр М.Әбілқасымова оралмандардың еңбек өтілін есептеуге қатысты арнайы хатты Қытайға жібергені жайында айтқан болатын.
Оның айтуынша, оралмандардың еңбек өтілін есептеу мәселесі шешілсе, базалық зейнетақы және тағы басқа әлеуметтік төлемдердің ұлғайған мөлшерін алуға мүмкіндік болады.
«Оралмандардың көбісі Моңғолиядан, Қытайдан, Өзбекстаннан, Ресейден, тіпті Германиядан келіп жатыр», - дейді М.Әбілқасымова.