БАҚ туралы заңға қатысты журналистер не білуі керек?
2018 ж. 26 қаңтар
8537
0
Желтоқсан айында 1999 жылы қабылданған БАҚ туралы заңға 250-ге жуық толықтыру мен түзету енгізілді. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, бұл өзгеріс БАҚ өкілдерімен қызу пікірталас негізінде жүзеге асқан. Ал тәуелсіз сарапшылар жаңа заңда сөз бостандығын шектеп, журналист жұмысына кедергі келтіретін көптеген шикілік барын айтады.
БАҚ туралы заң және сөз бостандығы
БАҚ туралы заңның 13-бабында БАҚ қандай жағдайда өз жұмысын тоқтататыны көрсетілген. Жаңа өзгерістен кейін заңның ауқымы кеңейе түскен. Мысалы, журналист қылмыстық істерге қатысты зерттеу жүргізсе, қылмыстық кодекстің талаптарын бұзбауы керек. Бұл БАҚ туралы заңның 25-ші бабының, 2,3 тармағында көрсетілген. Яғни журналист биылдан бастап заңды бес саусағындай білуі тиіс. Әйтпесе, сотталады.
Заңгер Абзал Құспанның айтуынша, заңгерлердің өзі қылмыстық процес кезінде бір тұжырымға келе алмайды.
- «Два юриста, три мнения» деген сөз бар. Процессуалды заң туралы айтқанда екі заңгер отырып, үш түрлі пікір айтып дауласамыз. Ал журналист қателеспей, қалай дәлме-дәл осы процестік кодекстің талаптарын қолдануы керек? Журналистің БАҚ туралы заңды білуі аздық етеді. Ол оның үстіне қылмыстық процестердің талаптарын зерттеуі қажет болады. Журналист заңгер, прокурор немесе тергеуші емес қой. Оған қылмыстық процестің талаптары қолданылмауы керек. Қылмыстық іске байланысты жауапкершілікке тартылатын болса, кез келген журналисті соттап жіберуге болады, - дейді Абзал Құспан.
Бұл өзгеріс журналист жұмысына бөгет жасайтыны анық. Енді даулы қылмыстық процесті зерттеп жүрген журналистің өзі істі болып кетуі мүмкін.
Сөз бостандығы тек журналистің жұмысына қатысты емес. Халық кез келген мәселеге қатысты өз наразылығын немесе пікірін айтуға толық құқылы. Бұдан былай БАҚ туралы заңға сәйкес, интернетте пікір қалдырғысы келген оқырмандар да аты-жөнімен тіркелуге міндетті.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осы заң жобасын түсіндіретін видеожолдауында аталмыш талап пікір білдірушінің ішкі тәртібін күшейту үшін енгізілгенін айтқан.
- Қазір ұлт аралық, дін аралық жанжалға шақыру, жала жабу, жеке басқа тиісу, алаяқтық жасау оқиғалары көбейіп кетті. Соның салдарынан қарапайым азаматтар зардап шегуде. Сондай пікірдің кесірінен бір-бірін танымайтын адамдар жанжалдасады. Сондықтан біз интернет қолданушылар өз әрекетіне жауап беру керек деп ойлаймыз, - деген болатын Дәурен Абаев.
Осы жерде мынадай сұрақтар туындайды: егер мәселе пікір білдірушінің ішкі тәртібіне ғана қатысты болса, сайт әкімшілігі жаңағыдай пікірлерді шектеп, сүзгіден өткізсе болды емес пе? Желідегі пікірі үшін жауапкершілікке тартылатынын естігендер өз пікірін ашық білдіруге жасқанып қалмай ма?
- Пікір білдірушілер сайтқа тіркеліп отырмайды. Бастарын қатырмай, қолдарын бірақ сілтейді. Одан кейін ойларын ашық айтуға қорқады. Бұл – нағыз сөз бостандығын шектеу.
Осыдан біраз уақыт бұрын желіде пікір жазамын деп ұсталған адамды білеміз. Мәселен, журналист даулы мақала жариялап, бір адам оны қолдап пікір жазды делік. Сонды пікір қалдырған адамда да жауапкершілік пайда болады деген сөз.
Бұл өзгерістер сайттың жұмысын бағалауға, оның оқылымына зиянын тигізеді. Сондықтан бұл қате шешім болды, - дейді Абзал Құспан.
БАҚ туралы заң және журналистік зерттеу
БАҚ туралы заңның 25-бабына енгізілген өзгеріс журналистің зерттеу жүргізуіне нұқсан келтіреді. Аталмыш заңда отбасылық құпияны сақтау туралы жазылған. Алайда Абзал Құспанның ойынша, мұнда шикілік өте көп.
- Отбасылық құпиядан басқа да құпиялар бар. Яғни заңда ненің отбасылық құпияға жататыны, ненің отбасылық құпияға жатпайтыны ашық жазылмаған. Журналистердің қызметіне мұндай шектеулерді енгізу шенеуніктерге, тіпті, сыбайлас жемқорлықпен айналысатын адамдарға өте үлкен мүмкіндік туғызып отыр. «Отбасылық құпия» деген желеумен журналиске ақпаратты бермейді. Ал журналист оның отбасылық құпияға жатпайтынын дәлелдей алмайды. Себебі заңда оның ара-жігі ашылмаған, - деп түсіндірді заңгер.
Ақпарат ала алмаған журналистің нақты дерексіз зерттеу жүргізуі қиындай түседі. Осы ретте журналист Ермұрат Бапидың да пікірін сұрап едік. Оның сөзінше, Қазақстанда соңғы 15 жылда адам құқығына, демократиялық қатынастарға байланысты, қоғамды демократиялық бағытта дамытуға қатысты бірде-бір дұрыс заң қабылданбаған.
- Барлығы – саяси жүйені күшейтуге, адамдардың құқығын шектеуге, авторитарлы заңдарды нығайтуға арналған заңдар. Мәселен, журналист бір тұлға туралы немесе зерттеу обьектісінің кейіпкеріне байланысты фактілерді жария ету үшін сол адамның өзінен рұқсат сұрау керек. БАҚ туралы заңға қатысты мұндай топастықты бұрын-соңды естімедім. Жеке деректерге байланысты баптар кіргізді. Оған сәйкес, тек паспорттағы адамның жеке басы деректерін ғана емес, оған тіпті жер туралы заңдағы жердің иесі кім екені, банктегі шоттары – барлығы жеке деректерге кіріп кетті. Журналистік зерттеу обьектісіне қатысты зерттеу жүргізетін болсаң, заңдағы тыйыммен ешқандай ақпарат жариялау мүмкін емес. Себебі жеке деректі жария етпеу қажет деген сылтаумен кез келген БАҚ-ты сотқа бере алады. Оған үлкен айыптар салуға болады. Тіпті, соттың шешімімен жауып тастай алады, - деп наразылығын білдірді журналист.
Айта кетейік, БАҚ туралы заңда Жеке бастың құпиясы – ҚР Конституцияның 18-бабында, банктік құпия – ҚР «Банктер және билік қызметі туралы» заңының 50-бабында, ал Коммерциялық құпия – ҚР кәсіпкерлер кодексінің 28-бабында көрсетілген.
БАҚ туралы заң және журналист сауалына жауап беру мерзімі
Мемлекеттік органдардың БАҚ сауалына жауап беру мерзімі 15 күнге ұзартылды, бірақ резонанс тудырған жағдайда шұғыл жауап береді. Егер жауап кешігіп жатса, мекеме өкілі журналиске екі жұмыс күні ішінде оның себебін түсіндіріп, хабардар етуі қажет. Ал екі аптадан кейін де жауап берілмесе, журналист қайда, кімге шағымданады?
- Жаңа өзгерістерге сай, мерзімінде жауап бермеген лауазымды тұлға Қазақстан заңында көрсетілген жауапкершілікке тартылады деген. Ал онда нақты жауапкершілік көрсетілмеген. Қазақстан заңы өте кең ауқымды. Нақтылық жоқ. Балаға кәмпит бергендей алдап отыр, - дейді заңгер Абзал Құспан.
Журналист толық ақпарат алмаған жағдайда немесе сауалына жауапты кешіктіріп алса, орындаушының үстінен арызданады. Ал оны жазалайтын – жұмыс беруші. Ол қызметкерін жауапкершілікке тарта ма, тартпай ма – оны да өзі шешеді.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев журналист сауалына жауап беру мерзімі өркениетті елдердің тәжірибесінде бар екенін айтады.
- Мәліметтерге қарағанда, кейінгі кезде ақпарат құралдары жолдайтын сауалдар бірнеше есе көбейді. Ал жауапқа берілген уақыт аз. Осыған қатысты мемлекеттік органдар көбіне формалды түрде жауап беруге мәжбүр. Сондықтан сапалы ақпарат ұсыну үшін журналистерге жауап беру уақытын он бес күнге ұзартуды сұрап отырмыз. Бұл әлемдік тәжірибеге сай, - дейді министр.
Шетелдегі мемлекеттік органдардың БАҚ-қа жауап беру мерзіміне назар салып көрейік:
Финляндияда – 14 күн;
Ұлыбританияда – 20 күн;
АҚШ-та – 20 күн;
Мексикада – 20 күн;
Канадада – 30 күн.
Журналист нені білуі керек?
Егер журналист дереккөзбен, іске қатысты адамдармен немесе ресми органдармен сұхбаттасса, редакция жауапқа тартылмайды.
БАҚ ресми хабарламаны таратқанда ресми өкілдің сөзін жарияласа немесе соған сілтеме берсе, жауапқа тартылмайды.
Журналист ресми өкілдің әлеуметтік желідегі сөзіне сілтеме берсе, БАҚ ол үшін жауапқа тартылмайды.
Егер журналистер өзге біреудің фото, видео, жазбасын embed сілтемемен жарияласа, жауапқа тартылмайды (оны интернетке салған адам заңмен қудаланады).
Егер кәмелет жасына толмаған баланың бет-әлпеті көрінетін видеоны өз атыңыздан жарияласаңыз, міндетті түрде оның бетін жабуыңыз қажет. Ал embed сілтемемен өзгенің видеосын алсаңыз, кәмелетке толмаған баланың бетін жабудың қажеті жоқ.
Осы ретте кәмелет жасына толмаған, жеңіл және орта деңгейдегі қылмыс жасаған балалар туралы дерек жариялауға қатысты өзгерістер енгізілгенін айта кеткен жөн.
- Біз жеңіл және орташа дәрежелі қылмыс жасаған 16 жасқа толмаған жасөспірімдер жайлы ақпаратты жарияламаған дұрыс деп санаймыз. Бірақ кейбіреулер қылмыс жасаған адам кім болса да, оның әрекеттерін қоғамнан жасыруға болмайды дейді. Біздің ойымызша, оларға ең алдымен бала ретінде қарауымыз керек.
Бала жеңіл ұрлықпен ұсталды делік. Сол оқиғадан сабақ алып түзелгісі келетін шығар. Оның қателігін жариялап жіберсек, күндердің күнінде алдынан шығатыны анық. Ол баланың жаңа өмір бастауына, жұмысқа тұруына, отбасын құруына кедергі келтіреді. Сондықтан біз мұндай ақпаратты көпшілікке жарияламау керек деп ойлаймыз. Бұл норма ауыр қылмыс жасаған жасөспірімдерге қолданылмайды, - деді министр Дәурен Абаев.
Әсем Әлмұханбет