Тозақтың басым көпшілігі әйелдер екен
2017 ж. 13 қараша
12976
9
Тозақтықтардың көсемдері
Жаннат тұрғындарының дәрежелері әртүрлі болғанындай, тозақтықтар да өзара дәрежелерге бөлінеді, олардың көсемдері болады. Тозақтың көсемдері кімдер? Олар – бұл дүниеде адамдарды күпірлік пен адасушылыққа бастағандар. Олар жайында Алла тағала: «Оларды тозаққа шақыратын басшылар еттік. Оларға Қиямет күні жәрдем көрсетілмейді», – деген.
Тозақтық көсемдердің жын тайпасына жататындарының ең үлкені – Ібіліс малғұн, ал адамдар арасындағы ең ірісі – перғауын. Алла тағала Ібіліс жайлы: «Шын мәнінде, шайтан өз тобын тозақтықтардан болуға шақырады», – десе, залым перғауын туралы оның Ақыреттегі жағдайын баяндап: «Ол Қиямет күні елінің алдына түседі де, оларды тозаққа бастап барады. Ол түсетін нендей жаман орын!» – дейді.
Тозақтың басым көпшілігі – әйелдер
Әйелдерді тозақтан сақтандырған Пайғамбар (с.а.с.): «Ей, әйелдер қауымы, садақа беріңдер! Мен тозақтықтардың көпшілігінің сендерден екенін көрдім», – деген. Сонда әйелдер: «Ол не үшін, уа, Алланың елшісі?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.а.с.): «Қарғысты көп айтасыңдар, күйеуге қарсы келесіңдер», – депті.
Тағы бір хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Тозақты көрдім... және оның тұрғындарының көпшілігі әйелдер екенін көрдім», – деген. Сонда адамдар: «Не себепті, уа, Алланың елшісі?» – деп сұрайды. «Күпірліктері себепті», – дейді. «Олар Аллаға күпірлік қыла ма?» – деп сұрапты. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Күйеуіне күпірлік қылады, жақсылыққа күпірлік қылады. Егер олардың біріне өмір бойы жақсылық істеп келіп, сосын сенен бір нәрсе көрсе: «(Сенен) еш жақсылық көрмедім», – деп айтады», – деп жауап берген.