ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ғаламтор арқылы тіл тигізіп, жала жабатын аноним пікір білдірушілерді қалай жазалауға болатынын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Мұндай сұрақ электронды үкімет сайтындағы "Ашық диалог" бөлімінде пайда болды.
Тіл тигізу, соның ішінде Ғаламтор арқылы да қылмыстық жазаға әкеледі. "Тіл тигізу" бабы сотта дербес қаралады. Дегенмен өзіне тіл тигізген адамға арыз беру үшін ол туралы мәлімет беріп, оның қайда тұрып жатқанын білу керек. Алайда Ғаламтор арқылы былапыт сөз жазатындар шынайы аты-жөнін көрсетіп тіркелмейді. Олар әлеуметтік желіде жалған аттар пайдаланады. Ал ондай адамдарды сотқа бере алмайсың деп налыды сұрақ авторы.
"Vk.com және facebook.com мұндай аккаунттар туралы ақпаратты (электронды пошта, ұялы телефон нөмірі, желі қолданушысының орналасқан жерін анықтауға болатын IP-мекен жай) тек полицияға береді. Менің сұрағым, құқық қорғау немесе өзге органдар бүгінде әлеуметтік желіде өз атын көрсетпейтін осындай қолданушыларды анықтай ала ма? Егер мұндай мүмкіндік болмаса, кез келген адам өзге аккаунт арқылы Ғаламторда әрбір адамды кемсіте бере ме?", - деп қойды сұрағын қолданушылардың бірі.
Қасымов ішкі істер органдары қазіргі таңда жалған ат апайдалантын желі қолданушыларын анықтай алатындай техникалық мүмкіндікке ие екенін айтты. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы бойынша, әлеуметтік желіде тіл тигізу ҚР ҚК-нің 131-бабының 1-тарауы бойынша жазаланады.
"Мұндай құқық бұзушылық үшін 200 АЕК түрінде айыппұл, не осы көлемде түзету жұмыстары, не 180 сағат қоғамдық жұмыс түрінде жазалар қарастырылған. Қазіргі кезде ішкі істер органдары жалған аккаунт арқылы тіркелген желі қолданушыларын анықтауға болатындай техникалық мүмкіндіктерге ие. Бірқатар жағдайда халықаралық келісім негізінде шетелдік құқық қорғау органдарына сұраныс жолданады. Сонымен бірге, Қылмыстық процесстік кодекстің 32-бабына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық ҚР ҚК-нің 131-бабымен сотта қаралатын дербес сипаттағы істер қатарына кіреді. Ішкі істер органдарына мұндай арыздар түскен жағдайда Қылмыстық процестік кодекстің 179-бабының 2-тарауы бойынша іс сотқа жолданады. Дәлелдерді жинау, зерттеу және өзге де процестік іс-әрекеттер тікелей сотқа қарасты", - деп жауап берді министр.