Жиырма жасында жетістікке жеткен қазақтың біртуар перзенттерін білесіз бе?
2017 ж. 10 тамыз
8094
0
Жиырма жасында қазақ зиялылары қандай қасиеттерімен ерекшеленіп, нендей жетістіктерге қол жеткізген? Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева әлеуметтік желідегі парақшасында жастарға мотивация ретінде қазақтың біртуар перзенттерінің жетістіктерін саралап шықты.
1. Әл- Фараби - әлемнің екінші ұстазы жиырма жас кезінде Отырарды тастап, білім алу мақсатында Бағдатқа қоныс аударды. Ол онда аудармашы, түрлі ғылымдар салаларының зерттеушісі болып еңбек атқарды.
2. Шохан Уәлихан - 19 жасында алғашқы "Тоқтамыс ханның жарлығы" атты ғылыми еңбегін жарыққа шығарып, бір жыл өткен соң полковник М.М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми Ыстықкөл экспедициясына қатысып, қырғыз елін жете зерттейді. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Әлем ғалымдары арасында тұңғыш рет "Манас" эпосының ең шұрайлы бөлігі "Көкетай ханның ертегісі" жырын жазып алады. Сол жылдары белгілі географ П.С. Семенов-Тян-Шанскиймен, Федор Достоевскиймен танысты.
3. Сұлтанмахмұт Торайғыр - өзінің жиырмасыншы көктемінде “Айқап” журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, “Өлең һәм айтушылар”, “Ауырмай есімнен жаңылғаным”, “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан”, “Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай және т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды.
4.Міржақып Дулатұлы - 20 жасында Байтұрсыновпен бipre Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға қатысып, сол жылы патша өкіметіне қазақ халкының атынан петиция жазушылардың қатарында болған. сол жылдары «Оян, қазақ!» деп ұрандатып, елді білімге, ел үшін пайдалы іс- әрекетке шақырады.
5. Ыбырай Алтынсарин - 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, жиырма жастағы Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы 4 жыл өз үйінде оқытады.
6. Мұхтар Омарханұлы Әуез - 20 жасында «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны Ойқұдықта сахнаға шығарады. 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.
Біз тәрбиелеген ұлдарымызбен қыздарымызға да осы тұлғалардың білімі мен зиялылығындай зерек беруіне атсалысайық деген ниет қой, менікі.