Шейх Захир Махмуд: Рамазанның соңғы он түніне қатысты маңызды кеңестер
2017 ж. 17 маусым
3389
0
Осы сәтке дейінгі өмір салтыңыздың бұл он түннің шырқын бұзуына жол бермеңіз. Алла сізді бүгін немесе алдағы күндердің кез келген сәтінде кешіруі мүмкін. Әлі де үміт бар! Егер расында да бәрін түзетемін деген ниетіңіз болса, еңсеңізді көтеріп, жігерленіп, олқылықтардың орнын толтыруға осы кезден дайындалыңыз. Дұрыстап, шын жүректен ниет етуден бастаңыз.Бұл түнде не болатынын түсіну үшін бүгін «Әл-Қадр» сүресінің тәпсірін оқуға біраз уақыт бөліңіз. Сонда оның күші мен ұлылығын одан сайын сезіне түсесіз!Шын ықыласпен ден қойып, мінәжат ету үшін 27-ші түнге дейін күтпеңіз. Сол он күннің бәрінде бар ынтаңызды салуға тиіссіз. Әр түнді ғибадатпен өткізіңіз! Ләйләтүл-Қадр түнін өткізіп алғыңыз келмейді ғой.Сүннетке ілесіңіз! Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге қарапайым өсиет қалдырып кетті:
«Ләйләтүл-Қадр түнінде сеніммен, сауаптан үміт етіп, ұйықтамай, намаз оқыған адамның өткен күнәлары кешіріледі».
Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге үйретіп кеткен дұғасын жаттап алып, қайталап жүріңіз:
«Аллахумма иннәкә `әфууун тухиббуль`әфуа фә`фу `әнни»
(Я, Алла, Сен ‒ Кешірушісің, кешіруді жақсы көресің, мені кешіре гөр).
Дұғалардың қысқаша тізімін дайындаңыз. Сөйтіп, оны Алланың құлына лайықты түрде қолыңыздан келгенінше жақсылап жаттап алыңыз! Қадр Түні, Тағдыр Түні! Бұл өмірде, дінде, отбасында және ақыретте нені қалайтыныңызды саналы түрде таңдап алыңыз. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тауқымет тартып, қасірет шегіп жатқан бауырларыңыз бен әпке-қарындастарыңыз барын ұмытпаңыз! Күндіз мүмкіндік болса, біршама уақыт көз шырымын алуға тырысыңыз. Ауызашарда аса қатты тойып жемей, құптан намазынан кейін бірден ұйықтауға жатыңыз. Оны кейінге қалдырмаңыз! Азғантай ұйқыдан кейін беті-қолыңызды жуып, дәрет алып, құлшылық жасауға дайын болыңыз. Отбасыңызды да тыс қалдырмаңыз. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол түндерде әйелдерін оятатын болған. Тағы бір айтарым, балаларыңыз да соншалықты кішкентай емес, түннің бір бөлігінде ұйықтамай жүре алады. Оларға бейнеойын ойнап, бейнежазба көруге рұқсат етсеңіз, ең болмаса, біршама уақыт ұйықтамауға келіседі. Біздің киінуіміз бен дайындалуымыз психикамызға айтарлықтай ықпалын тигізеді. Ең жақсы киімдеріңізді киіп, үстіңізге иіссу себіңіз де, бір серпіліп қалыңыз! Мешіттен немесе үйіңізден өзіңізді алаңсыз сезінетіндей және ешкім кедергі келтірмейтіндей бір жерді таңдап алыңыз. Өзіңізбен бірге мусхаф, жайнамаз және су алып алыңыз. Сонда әр нәрсені іздеп алаңдамайсыз. Маңыздысы! Бұл түн оның неткен керемет екенін, қандай көңіл-күйде екеніңізді және Аллаға қалай ғибадат жасап жатқаныңызды айтып, твиттерде сурет жариялауға немесе фейсбукта «статусыңызды» жаңартуға арналмаған. Бұл сіз бен Раббыңыздың арасында құпия болып қалсын. Сондықтан, телефон, уайфай, лэптоп, компьютеріңізді өшіріңіз. Бүкіл әлемнен оқшауланып, Кешірушіге жалбарыныңыз! Ұйықтап бара жатқаныңызды сезсеңіз, құлшылықтың түрін өзгертіңіз. Намазда тұруды, шын ықыласпен дұға қылуды және Құран оқуды кезектестіріп отырыңыз. Бұл түнді уағыз яки Құранның оқылуын тыңдап өткізбеңіз. Не болмаса, оларды ұйқы қысып бара жатқанда аз ғана уақыт тыңдаңыз. Негізгі кілт — сабыр. Соңғы он күн қиынға соғуы мүмкін. Бәлкім, сіз жұмыс істейтін немесе оқитын шығарсыз. Бірақ, бұл уақытта қиындыққа төзіп, сабырлық танытқан жөн. Алла Тағаланың сізге осы орасан зор мүмкіндікті бергенін ойлап көріңізші. Мұндай мүмкіндік сізге енді ЕШҚАШАН берілмеуі мүмкін. Мұның сіз үшін соңғы Рамазан екенін анық білсеңіз,Жәннатқа қол жеткізуге мүмкіндігіңіз барын білсеңіз, соған жету үшін аянбастан барыңызды салмас па едіңіз? Ең маңыздысы. Алла туралы хусн әз-заннды сақтаңыз (яғни, Алладан жақсылықты күтіңіз). Дұға қылған кезде Ең Жомарт Әміршіден сұрап отырғаныңызды жадыңыздан шығармаңыз. Егер жақсылықтан үміт етсеңіз, Ол сізге ең жақсысын береді. Ештеңені жасырмаңыз. Оған сеніңіз, Оның алдында жүрегіңізді айқара ашып, ешбір күмәннің, ешбір тосқауылдың, ешқандай жаман ойлардың сізді Әр-Рахманнан, Әр-Рахимнен алыстатуына жол бермеңіз!