Кейбір қазақстандықтардың мүлкі иесіз деп танылуы мүмкін
2019 ж. 03 желтоқсан
3965
1
Үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов қайтыс болған және елден кеткен адамдардың мүлкін иесіз деп тануды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Смайыловтың айтуынша, "Жылжымайтын мүлік тізімі" ақпараттық жүйесіндегі жылжымайтын мүлік бойынша өңделген 17,3 миллион мәліметтің 2,6 миллионы жаңартылып, ретке келтірілген.
"Бұл ретте, мынадай проблема анықталды. 843 мың жылжымайтын мүлік қайтыс болған немесе шетелге кеткен адамдардың атына тіркелген. Осыған байланысты, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қайтыс болған және Қазақстаннан тыс жерлерге кеткен адамдарға тиесілі мүлікті иесіз деп тану мәселесін пысықтау керек", - деді бірінші вице-премьер үкімет отырысында.
Ол салық және кедендік әкімшілендіруді цифрландырудың маңызды бағыттарының бірі мемлекеттік органдардың дерекқорларын жаңарту екенін атап өтті. Айтуынша, бұл жұмыс жыл басынан бері белсенді түрде жүргізілуде.
"25 миллионнан астам мәлімет өңделіп, 3,6 миллионнан аса қате мәлімет жаңартылды", - деді Смайылов.