Ақан Сатаев "Рэкетир" фильмінің жалғасын түсіреді
2014 ж. 16 шілде
3561
1
Қазақстандық белгілі режиссер Ақан Сатаев Саян Беккәрімов атты жас жігіттің өмірі жайлы атышулы "Рэкетир" фильмінің жалғасын түсіреді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Уақытша атауы "Рэкетир-2. Возмездие" криминалдық драмасы қыркүйектен бастап төрт қалада: Алматыда, Қарағандыда, Астанада және Шымкентте түсіріле бастайды. Режиссер Ақан Сатаев фильмнің сценарийі әзірге жарияланбайтынын, құпия болатынын айтқан еді. Тіпті, фильмде басты рөлде ойнайтын актерлердің өзі әлі сценариймен толық таныспаған көрінеді. Соған қарамастан Ақан Сатаев аз да болса құпияны ашыңқырады. Басты кейіпкер Саян (Саят Исембаев ) экранға оралмақ.
"Рэкетир" фильмінің бірінші бөлімінің соңында Саянды үйінің ауласында үш белгісіз адам жаралап, шала жансар күйде қалдырып кетеді. Фильм кейіпкердің "Міне, бәрі де бітті, осы менің барлық өмірім. Айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Егер маған осы өмірімді қайта сүруге мүмкіндік берілсе, басқаша болар ма еді, білмеймін. Бітті, енді ештеңені өзгерту мүмкін емес. Анашымды аяймын, жылайтын болды-ау. Тоңып барам. Қазір мен көзімді жұмамын" деген сөздерімен аяқталған болатын. Фильм басты кейіпкердің өлімімен аяқталғандай әсер қалдырған. Алайда екінші бөлімде оның өмір сүуіне тағы бір мүмкіндік беріледі.
Басты рольдерді сол баяғы актерлер Саят Исембаев, Жан Байжанбаев, Әсел Сағатова, Бауыржан Әбішев ойнайды. Сонымен қатар, қазіргі таңда қосымша басты рольдерге және басқа да рольдерге кастинг жарияланды. Кастингке барлық қазақстандық қатыса алады. Түсіру тобына 22-27 жастағы сымбатты жігіттер, 20-25 жастағы сұлу қыздар керек. Анкетаны мына racketeer2@mail.ru эл.поштаға жіберуге болады.
http://kaz.tengrinews.kz/cinema/akan-sataev-reketir-filmnn-jalgasyin-tusred-255378/