Заң бұзғандар жауапқа тартылды
2017 ж. 30 қараша
1791
0
Алматыда сот «Bank RBK» АҚ-на Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзды деп айыптады және айыппұл салып, әкімшілік жауапқа тартты.
Үстіміздегі жылдың 3-қарашасында Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 214-бабының 1-бөлімі бойынша (Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы ҚР заңнамасын бұзу) «Bank RBK» АҚ-ын әкімшілік жауапқа тарту туралы шешім шығарды. Аталмыш баптың 1-бөліміне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қаржылық мониторинг субъектілерінің құжаттарды тіркеуге, сақтауға және қаржылық мониторингке жататын операциялар, олардың клиенттері туралы ақпарат беруге, клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефециарлық меншік иелерін тиісті тексеруге, қаржылық мониторингке жататын операцияларды жүргізуді тоқтатуға және бас тартуға, өз қызметі үрдісінде алынған құжаттарды қорғауға қатысты ҚР Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзғаны үшін жүктеледі.
Бұл жағдайда заң бұзушыларға қатысты мынадай айыппұл қарастырылады: жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), лауазымды тұлғаларға, нотариустарға, адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 140 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 220 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК. Қазақстанда АЕК мөлшері жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді, сондай-ақ айыппұл санкциялары, салықтар мен өзге де төлемдерді есептеу үшін еліміздің заңнамаларына сәйкес 2017 жылға 2269 теңге көлемінде белгіленген.
qazaquni.kz