ҚАЗАҚ ЖЕРІ САНАУЛЫ АЛПАУЫТТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА
2016 ж. 03 мамыр
4163
3
Қарапайым халықты сорлатқан Жер кодексі
"...Жер туралы заң қабылданар алдыңдағы Үкіметтің соңғы отырысында Жақсыбек Күлекеев жерді жекеменшікке беруге болмайтынын дәлелдеп, екеуміз бірігіп жасаған баяндаманы оқып берді. Сол кезде Премьер-министр Нұрлан Балғымбаев: «Жер сатудың мұнша зияндылығын маған ешкім айтқан жоқ еді», - деп, заң кері қайтарылған-ды. 2001 жылы қаңтар айында Жер туралы заң қабылданғанда билік халыққа: «Жерге жекеменшіктік еңгізілмейді» деп жариялаған, бірақ 2003 жылы жерге жекеменшіктік еңгізілді..."
Мұнан бес жыл бұрын, 20 маусым күні Жер кодексі қабылданды. Кез келген заң – бар халыққа ортақ және заң алдында әр адамның құқы тең болса керек еді. Өкініштісі, Жер кодексінің қабылдануы Қазақстан халқын екі жікке – байлар және тақыр кедейге бөлінуін асқындыра түсті. Жердің бағасы бір демде көтерілді. Ғасырлар бойы өз атамекенін қорғап, қанын төккен қазақ ұлтының өзі жерсіз қала бастады. Есесіне, иелігінде 100 мың, 200 мың, 400 мың, 500 мың тіпті 800мың гектардан жері бар В. Школьник, С. Терещенко, С. Кулагин, В. Метте (марқұм), Р. Мадинов сияқты алпауыттар пайда болды. Осылардың арасында болмаса жібі түзу бір қазақ жоқ. Сонда, жерге қатысты мәселеде қазақ ұлтын алдағы уақытта не күтіп тұр? 5 мамыр күні «Күретамыр» қоғамдық қорында, 23 мамыр күні «Таным» пікірсайыс клубында бір тп саясаткерлер мен ұлттық, қоғамдық ұйымдардың өкілдері осы мәселені талқылады. Өздеріңіз білесіздер, 90-шы жылдардың басында «Новое поколение» деген қозғалыс пайда болып, олар: «Жер жекеменшікке берілуі керек» дегенді айта бастады. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес мұны қолдамай, беті қайтқандай болып еді. Бірақ 1999 жылы жерге қатысты заң жобасы жасала бастады. Заң ауыл шаруашылық жерлеріне тікелей қатысты болады. Қазір қамауда отырған Жақсыбек Қүлекеев ол кезде Статистикалық агенттіктің бастығы болатын, екеуміз жерді жекеменшікке берудің қандай зиян әкелетінін шенеуніктерге барынша түсіндіруге тырысып бақтық. Жер туралы заң қабылданар алдыңдағы Үкіметтің соңғы отырысында Жақсыбек Күлекеев жерді жекеменшікке беруге болмайтынын дәлелдеп, екеуміз бірігіп жасаған баяндаманы оқып берді. Сол кезде Премьер-министр Нұрлан Балғымбаев: «Жер сатудың мұнша зияндылығын маған ешкім айтқан жоқ еді», - деп, заң кері қайтарылған-ды. 2001 жылы қаңтар айында Жер туралы заң қабылданғанда билік халыққа: «Жерге жекеменшіктік еңгізілмейді» деп жариялаған, бірақ 2003 жылы жерге жекеменшіктік еңгізілді. Жаңа жер кодексінің жобасын жасаған жұмысшы тобының құрамында мен де болдым. Біз о бастан ауыл шаруашылығына тиесілі жерлерге жекеменшік құқы еңгізілуіне қарсы болғанбыз. Тіпті, енгізілген күнде, жергілікті халыққа ыңғайлы тетігін жасау керектігін айтып, көп дауластық. Сондай-ақ, жер тұрғылықты халықтың иелігінде болуы керектігіне биліктің назарын аударып бақтық. 2003 жылдың 19-20 наурыз күндері Мәжілісте Жер кодексінің бірінші оқылымы болды. Сонда Мәжіліс депутаттары Жер кодексінің жалпы ережелерін мақұлдап , оның ішінде мыналар есепке алынсын деп Үкіметке талап қойылған: 1. Жер кодексін енгізгеннен бастап ауылдық мекендерде тұратын жер пайдалану құқығы бар немесе оны кейін шартты жер үлесін уақытша пайдалануға ауыстырған еліміздің азаматтарына ақысыз негізде жер учаскелерін жеке меншікке, ал 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік емес заңды тұлғаларға ақылы негізде беру; 2. 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап екінші мәрте жер пайдалану (субаренда) құқығына тыйым салу. 3. Жерлікті атқару органдеры бекіткен, мемлекетік емес заңды тұлғалардың жеке меншігіндегі әкімдік ауданның ауылшаруашылығы жерлерінің жалпы аудандық бес проценттен аспайтын мөлшерін, жүз мәрте жер үлесіне дейін жеңілдетілген бағамен алумен шектелетін жер учаскелерінің мөлшерін сақтау; 4. Шетелдік заңды тұлғалардың уақытша пайдалануындағы жер учаскелерінің әкімдік ауданның ауылшаруашылығы жерінің жалпы ауданның бес проценттен аспайтын, ал шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға 0,5 проценттен аспайтын шектеулі мөлшерді сақтау; 5. Мемлекеттік жер учаскелерін жекеменшікке сатудан түсетін қаржыны жер құнарлығын арттыруға және ауылшаруашылығы өндірушілерін қамтамасыз етуге жұмсау;
Бұл бес шартты сол кезде 83 депутаттын 75-і қолдап, қол көтерді. Бірақ 26 наурыз күнi Парламент Мәжiлici торағасының атына Премьер-министрдің қолы қойылған Үкімет жауабы келiп түсті. Онда Үкімет ауылшаруашылығы жерлерiне жеке меншiк институтын еңгiзуге қатысты Мәжiлiстiң бес ұсынысының бесеуiмен де келiспейтiндiгiн бiлдiрдi. Үкімет «Үнемі жер пайдалану құқығы бар, оны кейiн шартты жер үлесiне сәйкес уақытша жер пайдалануға ауыстырған Қазақстан Республикасының азаматтарына жер учаскелеріне меншік құқығын ақысыз беру қалаларда, ауылдарда, аудан орталықтарында тұратын, мемлекеттік ауыл шаруашылықтары ыдыраған кезде аталған жер үлесiн ала алмаған халықтың көбінің конституциялық құқығын аяққа таптау. Сонымен бiрге мемлекeттiк емес заңды тұлғаларға меншікке берілетін жердің акылы болуы берiнiн заң алдында тең болуы принципiн бұзады» деп уәж бiлдiрiптi. Меніңше, азаматтарға жер учаскесiне меншiк құқығын акысыз беру Мажiлiс тарапынан әдiл шешiм болды. Бiрақ жеме-жемге келгенде Укімет тiзесiн батырып, заңды сол олқы күйінде қабылдаттырып жiбердi. Yкiмeттiң қателігін көрсетiп, сол 2003 жылдың сәуір айында «Ақ жол Қазақстан» газетінде «Жердi қалай бөлген жөн?» деген мақала жаздым. Егер қысқаша айтып кететін болсам, бiрiншiден, жер - жай ғана экономикалық ресурс емес, ауыл шаруашылығы өндiрiсiнің негізгі құралы. Ал қалалықтар үшiн жер - үйлері, кәсiпорны тұратын орын. Сондықтан шаруаларға берілетін жер - мемлекеттік мүдделерi қорғауға қызмет ететін мүлiк. Бiрақ Үкімет өз жауабында шаруалар мен қалалықтарды бiр-бiрiне әдейi қарсы қойды. Екiншiден, шартты жер үлесiнiң құқығы барларға қайтарымсыз жер беру соңғы ғасырлардағы барлық аграрлық реформалардың «жер - жер өңдеушіге берiлсiн!» деген - принципiн іске асыратын тарихи қадам едi. Бiрақ бiздiң Үкiмет тарихи сәтте «Жер кімде капитал бар, соған берiлсiн!» деген өрескел қате принципті ұстанып кетті. Үшiншiден, тәуелсiздiк алғаннан кейiн мемлекeттiк меншіктің орнына нарық экономикасы келгенiн есепке алуы керек едi. Бұл - эволюциялық процесс. Мәселен, жерге жекеменшікті еңгiзу бiр актiлi үдерiс емес. Осы үдерiстiн, алғашқы бөлiс және жердi қайта бөлу деген екі кезеңi жеке дара жүргiзiлуi керек едi. Яғни, бiрiншi кезеңде жер үлесiн азаматтар арасында тең бөліп, екiншi кезеңде жердi ең шаруақорлардың қолына шоғырландыру керек едi. Жалпы жердi сату, сатып алу үдepici шаруаның мүддесiн көздеуi керек. Жер шаруашылық айналымынан шығып кетпеуі, шаруаның қолынан саудагердің қолына өтiп кетпеуi қажет. Төртіншіден, тарихқа жүгiнсек, бұрын-соңды қазақ жерiнде жерге жекеменшiк болмаған. Жер Құдайдың несiбесi, кейiн халық (мемлекет) меншiгi деп саналған. Сол себепті елімiздің азаматтарына жер бергенде ақша талап ету саяси, экономикалық әpi адамгершiлiк жагынан дұрыс емес. Тiптi ол кезде шаруаның жер сатып алмақ түгiлi күнін зорға көрiп отырған кезi едi ғой. Мұны Үкімет ескермедi. Бесiншiден, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын (совхоз, колхоз) жекешелендiрудiң, зиянды жақтарын көрдiк. Сол кездегi мүлiктiк пай алған шаруалар қазір онысынан да айырылып қалды. Шаруаларды күйзелтуде, әcipece, Үкiметтiң, 1998-2002 жылдардағы ауыл шаруашылығы кәсiпорындарына қаржылай көмектесу саясатының ерекше зияны тидi. Ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының банкротқа ұшырауы туралы арнайы заң болмағанның кесірінен «Банкротқа ұшырау туралы» жалпы заң қолданылды. Ал ол заң, ауылшаруашылығы өнiмдерiн өндірушiлерден гөpi кредит берушiлердiң оң жамбасына дәл келдi. Нәтижесiнде банкрот болудың кecipiнен көптеген кәсiпорындар ауылшаруашылығынa «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» коммерциялық құрылымдардың: кредит берушiлердiң, инвесторлардың меншiгіне өтіп кетті. Өйткені 4462 ауыл шаруашылық кәсіпорындарының тек 619(14)-ы ғана жұмыс істуеге қауқарлы боп саналған. Ал 86 %-ға жуығы банкротқа ұшыраған. Мұндай кезде шаруалар тек мүліктік пайынан ғана емес, жер үлесінен де айырылып қалды. Өйткені Қазақстанда жер үлесін пайдаланудың үш құқығы болды. Біріншісі – жер учаскесін жеке меншікке сатып алу, екіншісі – шаруа (фермер) қожалығын немесе тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін өз алдына жүргізу үшін жер учаскесін жеке немесе ұжымдық негізде уақытша пайдалануға алу, үшіншісі – жер үлесін шаруашылық серіктестіктерінің жарғылық қорына салым ретінде, акционерлік қоғамдар акциясына төлем немесе өндірістік кооперативтерге жарна ретінде беру. Көптеген жағдайда жер Жарғылық қорға еңгізілді. Шамамен 50 пайыздайы. 20 пайыз жерді жекеменшікке сатып алды. Ал жарғылық қорға салынған жерлер ауыл шаруашылық кәсіпорындары банкротқа ұшырағанда қарызын өтеу үшін берілді, немесе еріксіз түрде байшыкештердің қолына көшті. Жалпы мұндай жағдай жеке адам мен заңды тұлғаның бір деңгейде қарастырылғандығын кесірінен болды. Бұл туралы мамандар да, депутаттар да айтты. Бірақ осыған қарамастан, оның тетігі жасалмағанына ешкім көңіл аудармады. Нәтижесінде, заңды тұлға өкілі мен жеке адам өзара қанша бағаға келіссе, Жарғылық қорға сол бағамен салу белең алды. Кәсіпорын иелері бір гектар жерді 7-10, әрі кеткенде 30 теңгеден, қысқасы сутегінге иемденді. Олар жер үлестерін Жарғылық қорға салғандарды: «Акционер болыңдар, ертең дивиденд аласыңдар!» деп алдап соқты. Қазір көпшілігі «қап!» десіп, соттасуға дейін барып жатыр. Естіп жатырмыз, бұл туралы Бас прокуратура Үкіметке хат жазған. Бірақ әлі мардымды жауап жоқ. Өздеріңіз ойланызшы, егер шаруа қожалығын құра алмаған адам қолындағы жерін Жарғылық қорға гектарын 10-30 теңгеден салса, оның алатын үлесі қандай болуы мүмкін? Ал ондаған немесе жүздеген елдің Жарғылық қордағы үлес салмағы 2-3 әрі кеткенде 6 пайыздан аспаса, оған қандай пайда бар? Түтпеп келгенде, жерді өз күшімен игере алмағандар біріншіден жарғылық үлестен де пайда көрген жоқ, екіншіден жерлерінен айырылып қалды. Өндірістік кооперативтер жойыла бастады. Қәзір қалып отырғаны – жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Бүгінгі күні жерге ие заңды тұлғалар бірнешеу ғана, олардың бәрі аттары мәлім адамдар. Заңды тұлғалар Жарғылық қордың 100 болмаса да, 98-99 пайызына ие екендігі туралы мәліметтер бар. Жер кодексінің жобасы жасалып жатқанда депутат Ерасыл Әбілқасымов депутаттық сұраныс жасап, ауылшаруашылық өнімін өндіретін жүз ірі ЖШС-ның тізімін Әділет министрлігінен алдыртқан. Сонда бір ЖШС-ның тек бір-екі ғана иесі бар екені анықталды. Қолдағы бар кейбір мәлімет бойынша салыстырып көрейік. Алматы облысында 306 мың гектар жер сатылса, оның 162 мың гектары жеке тұлғаларға берілген. Жері құнарлы солтүстік облыстарда жеке тұлғалар 15-20 мың гектардан жер иемдеген. Тіпті, анау кезде Қостанайда бір адам 213 мың гектар жер сатқанын ақпарат құралдары жария етті. Үкіметтің қолындағы мәлімет бойынша, бұл өңірдегі заңды тұлғаларға әрі кеткенде 21,5 мың гектар жер сатылған. Сонда әлгі жалғыз адам осынша гектар жерді қалайша өзіне қаратып алған? Қазір, арада бес жыл өткенде, жер сатуды заңдастыруды тікелей қолдаған Аграрлық партияның мақсаты орындалды ма деген ой келеді. 86 миллион гектар ауылшаруашылығы жерлерінің 500 000 гектары сатылды. Жер кодексінің 170-ші бабының 3 тармақшасы бар. Онда былай делінген: «Мәліметтер жасалған кезде қолданыста болған заңдарға сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығын (ұзақ мерзімі жер пайдалану құқығын) мемлекеттен бұған дейін сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғалары, осы Кодекс қолданысқа енгізілген кезден бастап осы Кодексте белгіленген жер учаскелері нормаларының шегінде жекеменшік құқығын сатып алуға қосымша төлемақы алынбай, жер учаселерінің меншік иелеріне айналады» Осы бап төңірегінде үлкен тартыс болды. Тіпті, сол кездегі «Отан» партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияевтің өзі бұл бапты алып тастау қажет екенін айтты. Бірақ тағы да белгілі бір топтардың ықпалы өтінкіреп, бұл бап өзгеріссіз қалды. Осы баптың сақталып қалуының нәтижесінде , шамамен 4,5-5 миллион гектар жер тегін беріліп кетті. Айналып келгенде лоббистік топтар, латифундистер майшелпекке бөкті. Осы арада «олар қандай жерлерге тегін ие болды?» деген сұрақ туындайды. Жақсыбек Күлекеев екеуміздің есептеуіміз бойынша, бізде шамамен 30,5 миллиондай құнарлы жерлер бар екен. Оның 57 майызы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарын алып жатыр. Осы облыстарда бірқатар астық компаниялары құралды: 90-шы жылдардың соңы мен 2000 жылдардың бас кезінде жүргізілген есеп бойынша 40-тан аса астық компаниясы бар еді. Әрқайсының қарамағында 200 мың, 300 мың,400 мың, 500 мың тіпті 800 мың гектардан жер болатын. Ал соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүкіл Қазақстан ойынша бар болғаны бес-ақ астық компаниясы бар көрінеді. Бәрін ат төбеліндей топ қана ұстап отыр. Былтыр Қазақстанда 20 миллион астық өндірілсе, оның 17 миллионы осы үш облыстың үлесіне тиеді. Жер сатудан қандай нәтиже шықты дегенде, біздің қазақтың жері аттөбеліндей ғана алпауыттардың уысында қалды деп толық сеніммен айта аламыз. Қазіргі қолданыстағы Жер кодексінің халық мүддесінен шықпайтын тұстары көп. Біз өзіміздің заңды көрші Ресей, Украина елдерінің заңдарымен салыстырып көрдік. Ал Балтық жағалауы елдерінікі сәл өзгешелеу. Ресей, Украина, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан жерді шаруаларға, яғни қарапайым халыққа тегін берді. Ресей 90-шы жылдардың басында-ақ, Кеңес одағы тарамай тұрып, бұрынғы колхоз, совхоздардың жерін сол шаруашылықтың адамдарына тегін үлестіріп жіберді. Бірақ он жылға дейін жерді бір-бірінен сатып алуға тыйым салды, ал адамдар жер және мүлік үлесін бұрынғы шаруашылықтың (колхоз, совхоз) ішінде ғана ауыстыра алатын еді. Меніңше , халыққа жер үлестірудің ең тиімді әдісі осы болатын. Ресей шаруа адамы аяғынан тұрғанша, жерді саудаға салмады. Армения мен Грузия да жерді тегін таратып берді. Бізде жер үлестерін тарату дұрыс жүргізілмеді. Мәселен, мына көрші Қырғызстанда жер үлесін алған адамның саны 2,5 миллион, Қазақстанда 2,3-ақ миллион. Ал Қырғызстан халқының жалпы саны бізден үш есе аз! Демек біздің заңдардың шикілігінің кесірінен көптеген адамдар жер үлесінен қағылды. Сондықтан Үкімет «Жер туралы кодекстің» 170-бабы, 3-тармағы бойынша қанша адамға қанша жер тегін берілгенін есептеп, жұртшылыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария етуі тиіс. Үкіметтің халық алдында есеп беретін кезі келді. Бұл үшін ең алдымен жер сатуға мораторий жариялау керек, әрі жер үлестерін ауылшаруашылық кәсіпорындарының жарғылық қорына өткізу жөніндегі келісімшарттарды қайта қарауды Үкіметтен талап еткен Бас прокуратураның әрекетін бүкіл халық болып қолдау керек деп ойлаймын.
Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор.
(Бұл мақала «Ана тілі» газетінде 2008 жылы 3- шілдеде жарияланды.)