Жер кодексіне қатысты бірқатар сұрақтардың жауабы
2016 ж. 01 мамыр
3198
2
Бүгінгі таңда қоғамда Жер кодексіне енгізіліп жатқан өзгерістер қызу талқыланып жатыр. Жұрт арасында жер шетелдіктерге сатылады деген алыпқашпа әңгімелер де тарап кетті. Осыған орай жер мәселесіне қатысты ең өзекті деген мәселелерді санамалап көрелік.
- Жерді жеке меншікке кім сатып алады?
Бірде бір шетелдік Қазақстан жерінің бір сантиметрінде сатып алуға құқығы жоқ. Тек қазақстандықтар ғана ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке сатып алуға құқы бар, біріншіден, жеңілдетілген бағамен (50%), жалға берілген жерді 10 жылға ұзартумен және екіншіден аукцион арқылы сатып алуға құқы бар. Шетелдіктер үшін бұндай норма жүрмейді. Мынаны ескерткіміз келеді, ауыл шаруашылығы мақсатындағы қазіргі айналымдағы 100,8 млн га жердің 1,3 млн га жері Қазақстан азаматтарының жеке меншігінде, ал 99,5 млн га жер жалға берілген. Бұндай жерлерде әртүрлі егістік, майлық, дақылдық, жемдік, көкөністік -бақшалық және өнімдік дақылдар өсіріледі және бұндай жерлерде мал шаруашылығымен және ет-сүт өндірісімен шұғылданады. 2015 жылдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі ақшалай түрінде 2,7 трлн. теңгені құрады.
99,5 млн га жердің шетелдіктерге 65 мың га жері ғана берілген - бұл шамамен 0,06% - оның өзі жалға берілген. Атап өткен жөн, оның ең көп бөлігі - 45 мың га - бірлескен кәсіпорындарға жалға берілген, олардың үлесін қазақстандықтар тікелей иелік етеді. Мысалы, Ақмола обласында 2010 жылы американдық Global Beef компаниясымен (капиталдық үлесі 15% ) «KazBeef Ltd» ЖШС бірлесіп құрылды. Кәсіпорын жер телімінің көлемі 154,8 мың га, оның ішінде: егістік -13,2 мың га, шабындық - 141,6 мың га.
Компания елімізде алғашқылардың бірі болып тұқымдық таза ангус және герефорд малы тұқымдарын алып келе бастады, сөйтіп сапасы жоғары ет өндірісінің толық циклін құру жолын бастады. Биыл 2015 жылдың қорытындысы бойынша жоғары сапалы 2014 тонна ет экспортталды. Қазір кәсіпорында 85 - ге жуық адам жұмыс істейді, олардың ішінде бірде бір шетелдік жоқ.
Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысында Қытай инвесторларының қатысуымен майлы дақылдардың өндірісі мен қайта ұқсату бойынша ілкі кооперативті құру іске асырылуда. Аталған жоба кластерлік жолға қойылған, 12 мың га жер көлемінде май дақылдарын өсіру және өсімдік майын қайта өңдеу үшін май экстракциялау заводының құрылысы салынбақшы. Барлығы кооператив 9 ауылшаруашылығы өндірушілерінің басын қосады.
Жалға берілген жерлердің кейбір өңірлер бойынша жерді таратуы мынандай: Ақтөбе облысында - 29 мың га, Жамбыл облысында - 13,5 мың га, Ақмола облысында - 8,6 мың га. Ресейліктерге 10 236 га жалға берілген. Қытай резиденттері - 282 га, БАӘ - 859 га, Түркия - 7 га және тағы басқаларға жалға берілген.
- Заңнама шетелдіктердің жерді жекеменшікке алу үшін заңды айналып өтуінің мүмкіндіктерін ескере ме?
Заңнамада ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке сатып алуға тыйым салынады, сондай-ақ шетелдіктерге салынған шектеулерді айналып өту тетіктерін де ескереді.
Егер де шетелдіктер жалған неке арқылы жерді жекеменшігіне сатып алуға тырысса, ЖШС үлесін сатып алу арқылы немесе екінші нарықта жерді сатып алғысы келсе, бұндай жағдайларда әділет органдары тіркеуге қабылдамайды.
Заң тұрғысында, бұндай тіркеусіз жер құқығына иелік те туындамайды.
Сонымен, әділет органдарындағы тіркеу рәсімдері арқылы шетелдіктер үшін белгіленген шектеулердің сақталуын бақылайды.
Сонымен бірге, заңнамалық шектеу туралы шетелдік азамат және әлеуетті сатып алушы нотариусқа келісім жасауға келгенде де біледі.
- Қоғамда шетелдіктер жерге жекеменшік құқы бар қазақстандық заңды тұлғаның үлесін сатып алу жолымен жер телімдерін алуы мүмкін деген қауіп бар. Бұл солай ма?
Бұл мәселені екі жақты қарауға болады.
Біріншісі. Егер де шетелдік сатып алатын үлес 50%-дан асатын болса, онда бұндай заңды тұлғаның жер телімдері үш айдың ішінде алынуға жатады немесе жер пайдалану (жалға беру) құқығы қайта хатталуы қажет.
Бұл талапты орындамаған кезде, Әкімдік жер телімдерін мемлекетке қайтару туралы шағым береді.
Мемлекет өз кезегінде бұндай фактілерді ақпараттық жүйелердің бірлескен іс-қимылы арқылы анықтайтын болады, ондай ақпарат заңды тұлғалар үлесінің мөлшері және барлық заңды тұлғалар - жер телімінің иелері туралы ақпараттан тұрады.
Егер де жекеменшігінде жер құқығы бар заңды тұлғалар анықталған кезде, шетелдіктердің үлесі 50%-дан асса, бұл ақпарат әкімдікте жерді алу үшін, жер телімін жалға беру құқығын қайта қарау немесе сотқа оны қайтару жөнінде шағым бойынша жұмыс істеуге жіберілетін болады.
Екінші. Егер де шетелдіктің үлесі 50%-дан кем болса, заңды тұлға үшін ештеңе болмайды.
- Егер де, шетелдік 50%-дан кем үлес сатып алған болса, бұндай заңды тұлға шектеуді айналып өтпей ме?
Бұл күмәнді сейілтсек деймін.
Азаматтық кодекске сәйкес, бұндай шетелдік - заңды тұлға иесі оның мүлкіне, оның ішінде жер теліміне де құқығы болмайды, тек жарғы капиталындағы үлес құқығына ғана ие.
Басқа сөзбен айтқанда, бұндай жер телімдерінің иелері шетелдік азамат емес, заңды тұлға - біздің заң бойынша қызметін жүзеге асыратын және осы жерде салық төлейтін Қазақстан резиденті болып табылады.
Егер де шетелдік қатысушылар құрамынан шыққысы келсе және өзінің жер үлесін алғысы келсе, оған ондай мүмкіндік жоқ, өйткені ол жер құқығын тіркей алмайды.
Бұл жағдай - заңды тұлға қатысушысы жұбайлар болып, оның біреуі шетелдік болған жағдайға да қатысты.
Бұл кезде акционерлік қоғам сияқты ұйымдық-құқықтық нысаны ерекшелігін де ескерген жөн. АҚ үлестер, барлық мүлік нарықта еркін айналым акциялары, бағалы қағаздар түрінде, олар биржаларда сатылуы және сатып алынуы мүмкін.
Бұл кезде шетелдікке тиісті акция үлесін бақылаудың қажеттілігі жоқ, өйткені тіпті акцияның 100% иесі шетелдік акционердің өзі де жерді өзінің меншігіне ала алмайды.
Айтылғандарды түйіндей келе, ауылшарушылығы мақсатындағы жерлердің жекеменшік құқы тек қазақстандық компанияда ғана болады және ол қатысушы құрамынан шыққан кезде жер телімімен емес ақшалай түрде төленетін заңды тұлға үлесіне ғана құқы бар.
- Жерді кім жалға алады?
Жаңа жер заңнамасы бойынша шетелдіктерге конкурс арқылы берілетін болады. Үкімет облыстың әрбір ауданы бойынша шетелдіктер үшін бір адамға берілетін жердің ең төменгі мөлшерін бекітеді. Мысалы, Ақмола облысында, Шортанды ауданында - бұл 1000 га. Конкурс ережесі былай, әлеуетті жалға беруші міндетті түрде жерді пайдалану жоспарын тапсыру қажет. Мемлекет конкурстың өтуіне кепілдік береді. Егер де шетелдік біздің талаптарды бұзатын болса, біз олармен жасалған келісімшартты бұзуға және олардан жерді алып қоюға құқымыз бар. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану ережелерімен Сіз мына сілтеме бойынша: http://adilet.zan.kz/rus/docs/V1500011549 танысуыңызға болады
- Мемлекет жерді қайтарып алуға құқылы ма?
Иә, қайтарып алуға құқылы. Егер де, жер мақсаты бойынша пайдаланылмаса, мысалы, жер өңделмесе, жердің үстінде өнім өндірілмесе, онда мемлекет жерді қайтарып алуға құқы бар.
Екіншіден, сапаға жүргізілген бақылаудың көрсетуі бойынша, егер жер тиісті тәсілмен пайдаланылмаса (тыйым салынған химикаттар қолданылса), нәтижесінде жер құмға айналады. Жерді сондай-ақ, жырқыштар мекендеген жағдайда да алып қойылады. Бұл шаралардың барлығы жердің жекеменшікте немесе жалда болуына байланыссыз қолданыла береді.
- Қазақстан азаматы жерді сатып немесе жалға ала ма?
Иә, алады. Қазақстандықтар үшін ерекше жеңілдік жағдайлары қарастырылған: жалға берілген жерді 10 жылға дейін ұзартылған мерзімде жарты бағасына сатып ала алады. Ал шетелдіктер үшін мұндай ереже қарастырылмайды.
- Қазақстандықтарға немесе шетелдіктерге жалға берілген жер олардың жауапкершіліксіз пайдалану әрекетінен тозуға және тыйым салынған химикаттармен улануға ұшыраса, жалға берілген жерге не болады? Бұл жағдайды кім және қалай бақылауға алады?
Пестицидтер тізіміне ресми енгізілмеген химикаттарды пайдалануға Қазақстан заңнамасы тыйым салады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің агрохимия қызметі мен Әкімдіктердің жер инспекциялары жер қыртысы мен оның жағдайын үнемі бақылауда ұстайды.
Заңнаманы бұзған жағдайда жерді қайтарып алуға дейінгі қатаң шараны қолданады.
Жер заңнамасын сақтау жөніндегі Әкімдіктердегі бақылау органдары тарапынан агроөнеркәсіптердегі кешендерге тиесілі жер телімдеріне тексерулер жүргізілді. 2015 жылы және 2016 жылдың бірінші тоқсанында жүргізілген тексерулер ауыл шаруашылығы мақсатындағы 263,9 мың га жердің тиімсіз пайдаланылғанын анықтады.
Өткен жылы 187 меншік иесі мен жерді пайдаланушыларға жер заңнамасын бұзғандығы үшін ескертулер берілді, оның ішінде 171 субъекті 169,5 млн. теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2016 жылдың бірінші тоқсанында 7 меншік иесі мен жерді пайдаланушыларға жер заңнамасын бұзғандығы үшін ескертулер берілді, оның ішінде 5 субъекті 106 мың. теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Жер қанша тұрады?
Жер телімінің нақты құны базалық ставкаға сәйкес анықталады және бұл жөніндегі ақпараттар http://adilet.zan.kz/rus/docs/P030000890 сайтында орналасқан.
Жер телімі жағдайының сапасына, орналасқан жеріне, сумен қамтылуына, қызмет көрсету орталығынан алыс-жақындығына және т.б. байланысты базалық ставкаға түзету коэффициенті қолданылады.
Мысалы, жер телімі елді мекеннен, инфрақұрылым нысанынан алыстаған сайын, коэффициенті де төмендейді.
Әрбір жер телімінің жеке-жеке құны бекітіледі.
Жер телімінің қорытынды бағасы аукцион арқылы анықталады.
- Бір адам қанша жерді сатып ала алады?
Бір әкімшілік ауданның шеңберінде ауылшаруашылық мақсатында жеке меншікке және жалға берілетін жер телімінің ең төменгі шекті көлемі бекітілді. Жер телімінің ең төменгі шекті көлемі туралы ақпаратты adilet.kz сайтынан алуға болады.
- Қазақстандықтардың аукционда жерді сатып алып, оны шетелдікке қайта сатуға құқығы бар ма?
Жоқ, сата алмайды. Бұған заңнамамен тыйым салынған.
- Аукциондар мен конкурстар ашық әрі әділ өтеді дегенге күдігіміз бар. Осы бағытта қандай шаралар жүргізілуде?
Сатуды ұйымдастырудың тәртібі заңмен нақты бекітілген, аукцион - азаматтар үшін, конкурс - шетелдіктер үшін жүргізіледі.
Сатуды ұйымдастырудың тетігі жерді бөлуде жемқорлыққа жол бермейді. Өткізілетін аукциондар өз кезеңінде жариялылықты, әлеуетті сатып алушылардың арасындағы ашық бәсекені қамтамасыз етеді.
- Еліміздегі шетелдіктердің жұмыс күшінің үлес салмағын кім бақылайды? Бірлескен кәсіпорындарды құруда шетелдіктер барлық жұмыс орнын иемденіп алады деген қауіп жоқ емес.
Қазақстанға соңғы 5 жылда келетін шетелдік азаматтардың саны жыл сайын аса өзгеріп отырған жоқ. Жыл сайын біздің республикамызға орта есеппен түрлі мақсатта бір миллионнан артық шетелдік азаматтар келеді (тіркеледі). Бұлар туристер, іссапармен келушілер, студенттер, жұмысшылар және т.б. Олардың басым бөлігі (80-90%) - ТМД елдерінің азаматтары.
Қазақстандағы шетелдік жұмысшылардың қызметі квота арқылы реттеледі, яғни үкімет қаулысымен біздің елімізге табыс табу үшін келген шетелдіктердің ең жоғарғы саны белгіленеді. Бұл квота экономикалық белсенді тұрғындардың 0,7%-нан асып кетпейді. Мысалы, 2016 жылы квота 63 мың адамды қамтиды. Өткен жылы да квота мөлшері жоғарыдағы көрсеткішпен шамалас болды, 2015 жылы 32 мың адамға елге кіруге рұқсат берілді. Сонымен, квотаның 50% игерілді.
Осыған байланысты, квота отандық еңбек нарығында көрініс тауып отырған тапшылықты жоюға, еңбек нарығына білікті жұмысшыларды тартуды көздейді. Олардың тек 2054 адамы ауылшаруашылық жұмыстары үшін келді.
- Қазақстан жерін жалға алушы шетелдік жер пайдаланушы өзінің отандастарын бірлескен жұмысқа тарта ала ма?
Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тарту мемлекеттік жыл сайынғы квотамен шектелген және тек ғана білікті жұмысшыларға таратылады. 2016 жылы квота 63 мың адамды құрады және қазақстандық жұмысшылар санының 0,7%-нан аспайды. Шетелдіктердің біздің елімізде болу рұқсаттарының жарамдылығы жылдан аспайды, мерзімі өткен кезде олар Қазақстаннан кетеді
Бұдан басқа, шетелдік жұмысшылардың саны осы немесе өзге кәсіпорында жұмыс жасайтын жұмысшылардың жалпы санының 10% - нан аспауы қажет. Бұл норма тек қана жұмыс берушілерге таратылады.
- Біздің түсінуімізше, қазақстандықтар үшін жер - ерекше тақырып. Дәл қазір оны жалға беру немесе сату мәселесі басты мәселе емес. Жер - Ана. Ана ешқашан сатылмайды және ешкімге жалға берілмейді.
Бәрімізге белгілі, жер-ана байлығымыз, ал еңбек - оның әкесі! Еңбек және жер - байлықтың қайнар көзі. Ел өнімді көбірек өндірген сайын байи түседі. Байлықтың қайнар көзін өндірістен іздеудің қажеттілігі туындап отыр. Қазақстан ауқымды ауылшаруашылық ресурстарына ие. Біздің еліміздің жер қоры 272,5 млн. гектарды құрайды. Бұл - біздің баға жетпес ұлттық байлығымыз, өкінішке орай, күні бүгінге дейін осы ұлттық байлығымызды тиімді пайдалана алмай отырмыз. Жылдар бойы жерлеріміз өңделмей, арамшөптер басып, деградацияға ұшырауда. Еңбек ету және жерді өңдеу арқылы жер еліміздің шын мәніндегі байлығы мен дәулетіне айналады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жерімізде алдыңғы қатарлы әлемдік технологиялармен жабдықталған өзіміздің үлкен-үлкен шаруашылықтарымызды өркендетуге барлық жағдайлар жасаймыз
- Заңнамалық нормаларды енгізу кезінде қазақстандықтар бұрын жалға алған жерлерінен айырылып қалмайды ма?
Қабылдаған заңнамада бұрын жерді жалға алған пайдаланушылардың құқығы бұзылмайды.
Жалға алған жерлерін дәл қазір сатып ал деп ешкім күштемейді. Жалға алу мерзімінің аяқталуына дейін еркін пайдалана алады.
Сонымен бірге, жер пайдаланушының бұрын жалға алған жер телімін жекеменшігіне 50% жеңілдікпен сатып алу құқығын береді. Бұдан басқа, аталған сомманы 10 жылға ұзартылған мерзіммен рәсімдеп, төлеуге болады.
- Мен ауылда тұрамын және жер сатып алғым келеді. Бұл үшін мен не істеуім керек?
Біріншіден, ақпараттар легінен хабардар болып, хабарландыруларды қадағалап отыру қажет. Әкімдіктер аукционның өтуі туралы хабарландыруларды аукцион өткізілетін күннен күнтізбелік он бес күн бұрын жариялайды. Аукционға сатылуға қойылған жер телімдері туралы хабарландыруларды облыстық мерзімді басылымдардан, әкімдіктің арнайы сайттарынан, Элекетрондық үкімет платформасынан табуға болады.
Аукционға қатысу үшін міндетті түрде әкімдікке өтініш беру қажет.
2016 жылдың 1 шілдесінен Қазақстан азаматтары үшін 1,7 млн. га ауылшаруашылық жерін аукционға шығару жоспарланып отырғанын ұмытпаңыздар.
- Мен - кәсіпкермін. Мен жердің сапасы және оны не үшін пайдалану қажеттігі туралы ақпараттарды қайдан алсам болады?
Аукционды өткізу туралы хабарландыру жер телімі туралы, сондай-ақ, сапалық сипаттамалары мен жерді пайдаланудың мақсаты туралы мәліметтерді қамтуы қажет.
- Қазақстанға ауыл шаруашылығы үшін шетелдік инвестицияларды тартудың қажеттілігі неде? Біз өз жерімізді өзімізі игере алмаймыз ба?
Отандық ауыл шаруашылығы белсенді дамуда десек те, біздің елімізде әлі де болса игерілмеген үлкен әлеуеттер бар. Мысалы, Қазақстанда 147 млн. га жайылым бар және сиыр етін тұтынушы екі ірі елмен шекаралас. Бұл - 2014 жылы 4 млрд. АҚШ долларына сиыр етін сатып алған Ресей мен Қытай. Осындай әлеуетті тұтынушыларымыз бола тұрып, біз бар мүмкіндіктерімізді пайдалана алмай отырмыз.
Бұған себеп неде? Басты себеп - жоғары өндірістік қаржы шығындармен, өтімділігінің үлкен мерзіммен байланысты ауыл шаруашылықтағы инвестицияның жетіспеушілігі, ауылда ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу мен сақтауды қамтамасыз ететін инфрақұрылымның жоқтығы, осы салаға сәйкес мамандардың жоқтығы.
Өз кезегінде инвестицияның жетіспеушілігі бірінші мынадан көрінеді, саланың төмен техникалық жабдықталуы (ауылшаруашылығы техникасы паркінің 80% тозған).
Екіншіден, қаржыландырудың төмендігіне байланысты көптеген шаруалар тыңайтқыштарды қолданбай жердің құнарлы қыртысын бұзады.
Сонымен бірге, мал шаруашылығы қазақтың ата кәсібі, фермерлер бүгінде бұл саланың бұрынғы әлеуетін қалпына келтіріп жатыр. Салаға инвестиция тарту осы бағытты қарқынды дамытуға алып келер еді.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығына келген инвестициялар 2015 жылы 167,0 млрд. теңгені құрады, бұл өнеркәсіпке келген инвестициялардан 23 есе төмен. Сондықтан шетелдік компанияларды агроөндірісті дамытуға тарту жаңа агротехнологияларды, ауыл шаруашылығы техникаларын, дәндік тұқымдарды, тыңайтқыштарды және тағы басқаларды енгізуге мүмкіндік береді.
Біз, қазақстандықтар, өзіміздің отандық ауылшараушылық өнімдерін, өз жерімізде өскен: ет, жеміс-жидек, көкөністі пайдаланатын боламыз. Ал шетелдік компаниялар бізге салық төлейтін болады, жұмыс орындарын құратын болады, ауылдың инфрақұрылымын жақсартады, біздің жұмыскерлердің біліктілігін арттыруға көмектесетін болады. Біз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, импортты алмастыруды төмендетуге, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыруға тырысуымыз қажет.
Сонымен катар Қазакстанда жерді химиялаудың тарихи төмен деңгейінде және жақын маңдағы нарықтың төлем қабілеттілігіне байланысты көрінетін органикалык өнімді өндіру үшін қолайлы шарттар жасалған.
2015 жылдың аяғында біздер органикалық өнімді өндіру туралы заң қабылдадық. Осы заң органикалық өнімнің жүйесін қалыптастыруға жәрдемдесуге және халықты жоғары деңгейдегі өніммен, ал өндірушіні әділ бағамен қамтамасыз етуге көмектеседі.
Сонымен қатар оның ғаламдық алғышарттары да бар.
Біріншісі, ол халықтың өсімі. Халық санының өсімі туралы болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай тамақ өнімін 60%-дан көп, ал дамушы елдерде қазіргі көлемнен 2 есе көп өндіруді қажет етеді.
Екіншісі, халықаралық ауыл шаруашылығының әлеуеті деңгейінің төмендеуінен тамақ өнімі дефицитке ұшырауы мүмкін.
Сондықтан да, Қазақстан әлемдегі тамақ өнімінің тұрақтануы мен жақсаруына байланысты маңызды рөл ойнамақ.
Әлемдің тәжірибеде ауыл шаруашылығына бөлінген ақы-пұлдың өтімділігі минимум 10 жылды құрайды. Ал бұл өндірістің әрі қарай дамуына ұзақ жылдар қажет.
Мысалы шетелдіктерге жерді жалға беру Ресейде- 49 жыл, ал Біріккен Араб Әмірлігінде - 99 жылды құрайды. Бұл тегіннен тегін емес.
- Азаматтық алу мәселесі (жалған некелер, Қазақстан Республикасының азаматымен некелескен тұлғалардың азаматтық алуы және олардың жер үлесін алуы)
Қазақстан Республикасының азаматтығына: Қазақстан Республикасының аумағында кемінде 5 жыл тұрақты тұрып келе жатқан тұлғалар немесе Қазақстан Республикасының азаматымен некелескен тұлғалар (ең кемі 3 жыл) қабылдана алады.
Аталған норма Қазақстан Республикасының «Азаматтық туралы» Заңының 16 бабына сәйкес реттелген.
Егер де, шетелдік азамат азаматтық алу мақсатында Қазақстан Республикасының азаматымен жалған некеге тұратын болса, оның азаматтық алу мүмкіндігі жойылады.
Бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында нақты бекітілген. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Азаматтық туралы» Заңының 6 тармағы, 21 бабында: «Қазақстан Республикасының азаматтығын алуына негіз болған Қазақстан Республикасының азаматымен некесін сот жарамсыз деп таныса» делінген.
- Ауыл шаруашылық жерлеріне жекеменшік құқығын енгізу ұзақ мерзімді жалға беру кезінде оның нәтижелі қолданылып жатқаны қандай обьективті көрсеткіштермен дәлелденген?
Жекеменшік жері бар адам міндетті түрде өз жеріне жауапкершілікпен қарап, оны қолданады және жері арқылы табыс табады. Алайда, жерді жалға алып, ол үшін мардымсыз ақша төлеген Қазақстан азаматтары (орташа есеппен 200 тг/га), жерге қамқорлық тұрғысынан қарамайды.
Ауыл шаруашылығына түгендеу жүргізу нәтижесінде (2012-2014 ж.ж.) 7,4 млн.га аумағында 19,2 мың қолданылмаған жер учаскелері бар екендігі анықталған. Сонымен қатар, топырақ құнарлығының деңгейінің төмендегені анықталды.
Сараптама көрсеткендей, заңнаманың бұзылуы көбінде жалға берілген жерді пайдалану немесе пайдаланбау кезінде туындайды. Өйткені жерді жалға алушы тұлғаның басты мақсаты - табиғи ресурс ретінде жердің құнарлы бөлігін пайдалану болып тыбылады.
Қазіргі жерді жалға алушылардың біразы жерді дұрыс пайдаланбайды және жерді өңдеу кезінде қазіргі технологиялық мүмкіндіктерді қарастырмайды.
Осыған орай, Ұлт жоспарының 35-ші қадамында ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу қарастырылған.
- Қазақстан Республикасының азаматымен некеге тұрған шетел азаматы иемденген жердің меншік иесі бола алады ма?
Заңда нақты бөліп көрсетілгендей: Ауыл шаруашылық жерлерге жекеменшік құқығы Қазақстан Республикасының азаматына ғана беріледі, ал жалға алу құқығы - шетел азаматына беріледі.
Сондықтан некелік қатынастар жерге қатысты құқықтарға ықпал етпейді.
Қазақстандық ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда (зайыбының), жекеменшігінде жер бөлігі қалады, ал, шетелдік азамат жалға алумен шектеледі.
- Ауыл шаруашылығына қатысушылардың болашақ тағдыры қалай болмақ? Жер кодексінің 24 бабына сәйкес заңды тұлғалардың жарғылық капиталында шетелдіктер үлесі 50 пайыздан астам болса, онда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тек 25 жылға жалға алуға мүмкіндігі бар.
Егер, заңды тұлғаның шетелдік қорға қатысуы (үлесі) ұлғайған жағдайда, Жер Кодексінің 66 бабына сәйкес жер учаскесі шеттетіліп немесе жалға алу құқығы үш ай мерзім ішінде қайта рәсімделуі тиіс.
Егер көрсетілген эаңды талаптар орындалмаған жағдайда, жергілікті атқарушы орган жер учаскесінің орналасқан жері бойынша сот органдарына жер телімін мемлекет меншігіне өткізу жөніндегі шағымын жібереді.
Егер, қазақстандық жер телімі шет елдік банкке кепілдікке қойылған жағдайда, шет елдік банк жерді меншігіне алуға құқылы емес.
Мұндай жағдайда да Жер кодексінің 66 бабының 1 тармағына сәйкес шет елдік тұлға үш ай ішінде жерді иеліктен шығаруға талаптанып немесе жер құқығын қайта рәсімдеу керек. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда облыстың жергілікті атқарушы органы, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандар, облыстық деңгейдегі қалалар жердің орналасқан аумағына байланысты қайтарып алуға шағым түсіре алады.
Дерек көзі: ҚазАқпарат