«ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы сотталушыларға азаматтық шағым түсірді
2015 ж. 13 қараша
2090
0
«Ахметов ісі» бойынша 11 қарашадағы сот отырысында «Топар жылыжайлары» жылыжай кешенінің құрылысын салу кезінде бюджет қаражатын ұрлау эпизодын қарау барысында сотталушыларға «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның басқарушы директоры Бауыржан Бишеновтың атынан азаматтық шағым түсті. Компания өзіне зиян келтіргені үшін сотталушылардан 1 млрд. 104 млн. 388 мың 755 теңге өндіріп алуды сұрапты.
Айта кетелік, Серік Ахметов пен басқа лауазымды шенеуніктердің қылмыстық ісі бойынша «Топар жылыжайларына» қатысты жетінші эпизодты қарау кезінде Қарағандыдағы жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуде бірқатар заң бұзушылықтарға жол беріліп, жобаның құны әдейі көтерілгені мәлім болған. 4 қарашадағы сот отырысында түсінік берген «Топар жылыжайлары» ЖШС-нің директоры Александр Забиров іс жүзінде С. Ахметов түпкі иесі болып табылатын жылыжай кешенін жетілдіруге «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы несие ақша бөлгенін хабарлады.
А. Забиров жылыжай кешеніне қажетті қондырғыны жеткізіп беруге испандық «Rupefa Technoagro S.L.» компаниясымен мәміле жасайды. Көп ұзамай ол С. Ахметовтің адамдарынан жеткізушіге қондырғының құнын 3 млн. еуроға асырып көрсету және айырмадағы ақшаны Қазақстанға қайтару туралы нұсқау алады. «Rupefa Technoagro S.L.»-ның басшылығы бұл ұсынысқа келіскен соң 3 млн еуро қазақстандық жалған кәсіпорындардың шотына аударылып, қолма-қол ақша түріне ауыстырылады. Оның бір бөлігі экс-премьердің «сенімді өкілі», сол кезде «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның басқарма төрағасы болған Ғұмар Рақымжанов арқылы С. Ахметовке берілген, қалған бөлігі жылыжай кешенінің құрылысына салынады.
Бауыржан Бишенов сот отырысында «Топар жылыжайлары» ЖШС-нің 8 гектар жерге жылыжай кешенін салу жобасын қаржыландыру туралы өтініші «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на 2012 жылы келіп түскенін хабарлады. «Несие комитеті оң шешім шығарды. Осы шешімді қоғамдық комиссия да мақұлдады. Жылыжайдың ескі ғимараты мен сиыр қоралар мүлік ретінде кепілге қойылды» деп түсіндірді жәбірленуші тараптың өкілі. Оның айтуынша, қазіргі кезде жоба күрделі күйінде қалып, толық қуатымен іске қосылмаған. Осыған орай берешек ақша көбейген. Мерзімі өткен міндеттемелердің сомасы 344 млн. 314 мың 296 теңгеге жетіпті. «Осыдан келіп азаматтық шағым жазып, кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершлікке тарту туралы шешім қабылданды. Шағымда айналымдық ақшаларды толтыруға арналған екі келісім-шарт бар. Оның біреуі құрылыс-монтаж жұмыстарына қатысты. Қондырғының құны асыра көрсетілгені жазылған. Біз басында жобаға енгізген қондырғының құны қазіргімен сәйкес келмейді»,- деді Б. Бишенов. Ол жылыжай кешенінің құрылысын аяқтауға инвесторлар іздеп жатқанын, әзірше оны сатып алуға тілек білдіргендердің жоқтығын айтты.
Әмина БӘКІР
qazaquni.kz