Қазақстан Қытайдан 20 жылға 2 млрд юань кредит алмақшы
2019 ж. 09 сәуір
6993
2
Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қытай Халық Республикасының жеңілдікті кредит беруі туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Келісім 2018 жылғы 7 маусымда Бейжіңде жасалды.
Негіздемелік келісімге сәйкес тараптар Қытайдың Экспорттық-импорттық банкі Қазақстан Үкіметіне Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі арқылы бес жыл жеңілдікті мерзімді қоса алғанда 20 жыл мерзімге 2% жылдық пайыздық мөлшерлемемен жалпы сомасы 2,062 млрд. қытай юанынан аспайтын жеңілдікті кредит беретіні туралы уағдаласты. Кредит «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының Қазақстандық учаскесінде орналасқан өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық толық жарақтандыру» жобасын іске асыруға арналған.
Бұдан басқа, Негіздемелік келісімде Қытай Халық Республикасының Үкіметі тікелей кредиторға төлейтін кредит бойынша пайыздарды субсидиялауға арналған шығыстар туралы ереже көзделген. Бұл ереже кредит бойынша берілетін 2% жылдық пайыздық мөлшерлеме банктің шығындарын жаппайтынымен негізделіп отыр. Субсидиялаудың барлық шарттары мен мөлшерлемелерін Қытай Халық Республикасының Үкіметі және Экспорттық-импорттық банкі өз араларында, Кредитор мен қарыз алушы арасындағы негіздемелік келісімді қозғамай қарайды.
Тұтастай алғанда, жеңілдікті кредит тоғыз автомобиль және бір теміржол өткізу пунктін жаңғырту бөлігінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге, тиісті жабдықты беруге, құрылыс-монтаждау жұмыстарын, сондай-ақ инженерлік желілерді тарту жұмыстарын жүргізуге бағытталатын болады. Нәтижесінде кедендік шекарада кедендік бақылауды ақпараттық қамтамасыз етуге қол жеткізіледі.
Заң жобасы Палата қарауына берілді.