КЕҢІРДЕГІ КЕҢ КЕДЕНГЕ ҚАШАНҒА ДЕЙІН ҚАРЖЫ БӨЛІНЕДІ?
2019 ж. 11 наурыз
5199
1
Қытайдан тағы да қарыз алмақшы екенбіз. Біздің Үкімет бұл жолы шығыстағы көршімізден 100 миллиардтан астам теңгені несиеге беруді сұрап отыр. Бұл жолы да депутаттар бұған өз күдіктерін айтып қалды.
Қомақты қаржыға шекарадағы 10 кедендік өткізу бекетін жаңартып, техникалық жабдықтар сатып алмақшы. Алайда депутаттар министрлердің қарыз алуға құмарлығына күдікпен қарап отыр. Кезекті отырысқа келген депутаттардың мереке алдындағы көтеріңкі көңіл-күйін Қытайдың Экспорттық-импорттық банкінен 100 миллиард теңге несие алғалы жатқан қаржы министрі Әлихан Смайылов бұзып берді. Анар Жайылғанова бастаған Мәжіліс депутаттары алмақтың да салмағы бар екенін еске салды. Алайда Әлихан Смайыловтың жауабы дайын екен. Үкімет кеден бекеттерін қалпына келтіру жобасын қазынадан қаржыландыруға қауқарлы. Бірақ осынша ақшаны бірден берсе, бюджетке артық салмақ түседі. Сондықтан министр несиені 2 пайыздық мөлшермен 20 жылға Қытайдан алған жөн деді. Бұл ретте депутаттар былтыр Алматы облысындағы бір ғана «Нұр жолы» бекетіне 70 миллиард теңге берген министрдің ісін сынға алған сияқты болғанмен бәрібір Қытайдан қарыз алу туралы келісімді бірауыздан бекітіп берді. Күдігі мол бұл жобаны тоқтату қолдарынан келмеді.
Жаңа үкіметті сайладық деп мәз болып жатырмыз. Енді міне жаңа үкіметтің алғашқы күннен-ақ ескіше жұмыс істеп отырғанын көріп отырмыз. Қытайға берешегіміз онсыз да бастан асады. Кеден жұмысын сынға алған Елбасы табыстың қомақты бөлігі біреулердің қалтасына кетіп жатқанын жақында ғана айтқан болатын. Неге сол біреулерге кетіп жатқан қаржы есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілмейді? Қаржы қамыты үкіметтің мойынын қажаған жоқ па? Әлде осы қарыз алу арқылы өздерінің де жеке қалтасына пайда түсірмекші ме? Жемқорлық жайлаған біздегі тәжірибеге сүйенсек ол да әбден мүмкін...
qazaquni.kz