Елбасы тапсырмасымен құрылған бюджеттік әуе компаниясының билеті қанша тұрады
2018 ж. 07 қараша
2045
0
Бюджеттік әуе компаниясының ұшақтары бастапқыда Қазақстан өңірлеріне ұшады. Кейін компания дамып жатса, халықаралық бағыттар қарастырылады. Бұл туралы бүгін инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, бюджеттік әуе компаниясы мамыр айында іске қосылады.
"Бұл жақсы, қалыпты практика. Бүгінде көптеген ірі әуе компаниясының тиісті бюджеттік бөлімшелері бар. Бұл Lufthansa, British Airways, ресейлік Аэрофлот. Мәселен, "Победа" – бұл лоукостер, Аэрофлоттың еншілес компаниясы. Біз де "Эйр Астана" осындай бюджеттік компания құрады деп жоспарлап отырмыз", — деді Қасымбек үкімет кулуарында.
Ведомство басшысы келесі жылы "Эйр Астана" компаниясына сегіз жаңа лайнер сатып алынатынын айтты. Оның жартысынан астамы жаңадан құрылатын бюджеттік авиакомпанияға берілмек.
Осы орайда Қасымбек бюджеттік компанияның өзгелерден несімен ерекшеленетінін айтып өтті.
"Ұшақтарда орын саны аз болады, орындықтар тығыз орналасады. Жолаушының жүгі сол ұшақпен емес, бөлек жеткізіледі. Бүгінде заңнама бойынша ұшақ билетінің құнына жүк бағасы да кіреді. Ал мында сіз тек орын үшін ғана төлейсіз", — деді ол.
Министрдің айтуынша, егер бүгінде қазақстандықтар Алматыдан Астанаға ұшу үшін орташа 32-34 мың теңгеге жұмсаса, бюджеттік компания іске қосылғанда, 16-18 мың теңгеге қатынай алады.
"Бюджеттік компанияның қалай аталатыны әзірге белгісіз. Бастапқыда ол Қазақстан бойынша ұшады. Кейін әрі қарай дамып жатса, халықаралық бағыттарды да қарастырамыз", — деді Қасымбек.
Еске сала кетсек, 2 қарашада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекті, "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Эвансты және "Эйр Астана" әуе компаниясының президенті Питер Фостерді қабылдады.
Кездесу соңында президент "Эйр Астана" компаниясының базасында төмендетілген тариф бойынша көлік қызметін көрсететін бюджеттік әуе компаниясын құруды тапсырған болатын.