«Ақ жол» депутаттары алтын-валюта резервтері құрылымындағы алтын қорын арттыруды ұсынды
2018 ж. 29 маусым
5233
0
Тәуекелі бар халықаралық валюта мен құнды қағаздарға байланысты «Ақ жол» депутаттары алтын-валюта резервтері құрылымындағы алтын қорын арттыруды ұсынды – бұл туралы Азат Перуашев Үкімет пен Ұлттық Банктің атына жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.
«Алтын-валюталық қоры (АВҚ) ұлттық қаржы жүйесінің және ұлттық валютамыз – теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды фактор болып табылады. Сондықтан, олардың қауіпсіздігі мен өтімділігін қолдау мәселесі әрдайым мемлекеттік экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі болып келеді, - деп атап өткен Перуашев Ұлттық банктің сайтынан ақпарат келтірді. Оған сәйкес алтын-валюта қорлары Ұлттық банктің халықаралық резервтерінен және Ұлттық қордың қаражатынан тұрады. Бүгінгі күні олардың жалпы сомасы 90 миллиард АҚШ долларынан асады, оның ішінде Ұлттық қордың активтері – 59 млрд. доллар болса, Ұлттық банктің резервтері – 31 млрд. долларды құрайды.
«Ақ жол» әлемдік экономикада болып жатқан үрдістердің аясында олардың қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесінің өзектілігі одан сайын артып келеді деп есептейді. Шын мәнінде, бүгінде пайда болған халықаралық қаржы жүйесіне қауіп төндіретін Батыс-Ресей, АҚШ-Еуропалық Одақ және басқа да бағыттар бойынша бірқатар жаһандық геосаяси және экономикалық қақтығыстар туралы айтуға болады. Бұл халықаралық қаржы жүйесіне, валютаның жоғары құбылмалылығы тәуекеліне және халықаралық қаржы міндеттемелеріне қауіп төндіреді.
Сонымен бірге Ұлттық қордың жəне Ұлттық Банк резервтерінің жинақтары және негізгі бөлігі шетел валютасы мен шетелдік бағалы қағаздардан тұрады. Мəселен, Ұлттық Банктің резервтерінде шетел валютасы жəне бағалы қағаздар 57% (17,8 млрд. АҚШ доллары) құрайды; Ұлттық қордың активтерінде бұл көрсеткіш одан да жоғары. 2016 жылғы деректерге сүйенсек, Ұлттық қордың қаражаты шамамен 40% АҚШ-тың валютасы мен құнды қағаздарынан, ал 22% - Еуроаймақтың, 10% - Жапонияның қаражатынан тұрады екен.
«Бір қызығы, бұл портфелде Қытай (ҚХР) сияқты еліміздің елеулі серіктесі және маңызды инвесторының валютасы мен құнды қағаздары тіпті айтарлықтай да ұсынылмаған», - деп осы орайда «Ақ жол» жетекшісі өз пікірін қоса кетті. Оның айтуынша, АҚШ-тың белсенді өзімшілдік (протекционистік) саясатынан күмәнданып қалған кейбір мемлекеттер мен ұлтаралық бірлестіктер әлемдік бірінші экономикадағы сауда қарым-қатынастарын шектеуге және төлем құралы мен резервтік валюта ретінде АҚШ долларынан бас тартып, оған баламасын табудың жолын іздеуге кіріскен. Атап айтқанда, әлемдік екінші экономиканың өкілдері ҚХР мен Ресей Федерациясы, Ресей мен Иран және т.б. елдердің ұлттық валютадағы өзара есеп айырысуларға көшуі туралы сөз болып отыр.
Перуашевтің пікірінше, мұндай жағдайда доллардың беталысын ғана емес, сондай-ақ өзге де елдердің валюталары мен міндеттемелері сияқты америкалық бағалы қағаздардың өтімді құндылығын да күні бұрын болжау мүмкін болмай барады. Қытайды қоса алғанда бірқатар мемлекеттердің АҚШ-тың қазынашылық міндеттемелеріне қаржы салуды қысқартып, өздерінің алтын қорларын жинақтау үшін алтын-валюта резервтерін қалыптастыруға ерекше көңіл аударып жатқаны кездейсоқтық емес.
«Бұл үрдістер әзірге жергілікті деңгейде, бірақ бұл ахуалдың даму жылдамдығы күннен-күнге артып келе жатқаны қандайда бір қорытынды жасауға мәжбүр етеді. АҚШ валютасы мен олардың қаржы институттарының позицияларын нығайту мүмкіндігі бар. Дегенмен, еліміздің алтын-валюта резервтеріне қатысты келетін болсақ, онда консервативтік әдісті ұстану дұрысырақ болар еді. Қаржы жүйесінің ерекшелігі де сонда, кей кездері іргелі емес, спекулятивті себептердің валюталық және қор нарығын құрдымға кетіруге қауқары жетеді», - деп баса айтты Перуашев және де басқа мемлекеттердің
банктік есепшоттарына қатысты батыс елдері соттарының юрисдикцияны қолдану тәжірибесі жөнінде еске сала кетті.
Ол мысал ретінде БАҚ-та күні кеше жарияланған ақпаратқа тоқталып – әуелі британдық соттың Ұлттық банктің «Bank of New York Mellon» -дағы бұрын пайдалануға тыйым салынған $ 22,6 млрд. сомасындағы қаражатын бұғаттан шығарудан бас тартып отырғаны туралы, және де ҚР Әділет министрлігінің бұл ақпараттың дұрыс еместігі туралы мәлімдемесі жөнінде, сот ісінің процедурасы жалғасып жатқан 530 миллионды қоспағанда, аталған банктен негізгі қаражатты шығарып алудың жүзеге асқаны хақында нақты мысалдар келтіріп өтті.
«Сәйкесінше, егер бұл қаражаттарды пайдалануға белгісіз мерзімге тыйым салынған болса, онда олардың қаржы салымдары нысанының бағасы (мысалы, АҚШ-тың құнды қағаздары) төмендеген жағдайда мұндай резервтердің құрылымын өзгерту мүмкін еместігіне байланысты шығынға ұшырау тәуекелдері күрт өседі», - деген сенімде Перуашев.
Байқалып отырған геосаяси және макроэкономикалық тәуекелдерді ескере отырып, «Ақ жол» фракциясы валюта портфелін одан әрі әртараптандыруды жалғастырып, бір валютаның үстемдігінен шығу және ұлттық жинақтағы алтын қорының үлесін көбейту арқылы Қазақстанның алтын-валюта резервтерін қорғау шараларын қабылдау қажет деп санайды.
«Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмысын жалғастыруда.