Ұлттық экономика министрі девальвацияға қарсы ауқымды жоспарын таныстырды
2018 ж. 18 сәуір
9887
0
Үкімет шұғыл түрде теңге бағамын ұстауға кірісті! Ол үшін жауапты министрлер мен Ұлттық банк бірлесіп, ауқымды жоспар әзірлеп қойған. Онда төл ақшамыз девальвацияға ұшырайтын болса, үш түрлі сценарий бойынша тығырықтан шығудың жолдары жазылған, деп хабарлайды КТК.
Десе де Данияр Ақышев дәл қазір қаржы нарығы тұрақталды деп сендіріп отыр. Айтуынша, рубльдің құлдырауынан кейін мың құбылған теңгеге әзірге төніп тұрған қауіп жоқ.
Қаржы нарығындағы тұрақсыздық, құбылған теңге мен Ресейдегі ахуал көпті алаңдатқаны мәлім. Бірақ, Ұлттық банк төрағасы енді төл ақшамыздың тағдырына қатысты алаңдамауға болады деген сенімде. Айтуынша, валюта нарығы тұрақталды. Яғни, төл ақшамыз Ресейге салынған санкцияның кесірінен алғашқы күндері ғана әлсірегені болмаса, қазір тегеуріндік танытып жүр дейді бас банкир. Тіпті, теңге бүгін де АҚШ валютасына шаққанда сәл нығайған. Сондай-ақ, Ақышев төл ақшамызға сенімнің артқанын айтып, соңғы бірнеше айда шетел валютасында депозит көлемінің азайғанын мәлімдеді.
“Бұл ретте жақсы макро экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, қазіргі кезде валюта нарығындағы ахуал тұрақтанды. Жалпы алғанда Ресейдегі оқиғаға реакцияны біз қысқа мерзімді қалыпты деп бағалаймыз. Ұлттық валютаның бағамын айқындайтын іргелі факторлар оңтайлы қалыптасты”, – дейді Данияр Ақышев.
Десе де АҚШ Ресейді экономикалық қыспаққа алуын доғарар емес. Тіпті, Ақ үй Кремьлге кезекті санциялар жайлы ескерткені мәлім. Сондықтан жаман айтпай жақсы жоқ. Егер санкция елімізге де әсер етіп, теңге тағы күрт құнсызданып кететін болса, Үкімет қарсы тұруға дайынбыз деп отыр. Яғни, қаржы тұрақтылығы сақтап қалуы тиіс ауқымды жоспар әзірлеп қойған.
“Барлығына талдау жасап зерттедік. Жоспарда үш түрлі сценарий бойынша девальвацияға қарсы тұру туралы жазылған. Яғни, қымбатшылықпен күрес, жалпы ішкі өнімнің деңгейін сақтап, инфляцияға жол бермейтін шаралар қамтылған. Бірақ, әзірге валюта нарығы тұрақты. Өйткені, мұнай бағасы қарқынды өсіп келеді”, – дейді Тимур Сүлейменов.
Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі мұндай жоспардың әзірленуі девальвация болады дегенді білдірмейді деп сендірді. Айтуынша, бұл сақтық үшін жасалып жатқан шара екен. Енді осы маңызды құжатты Мәжілісте таныстырмақшы.