Храпуновтың Қазақстаннан ұрлаған ақшасын заңдастыруға Дональд Трамптың серіктесі көмектескен
2018 ж. 17 сәуір
2406
3
Виктор Храпуновтың отбасы Қазақстаннан жымқырған 120 миллион долларын Кипрдегі Танзания банкінің бөлімшесінде сақтағаны белгілі болды. АҚШ-тың құзырлы органдары Храпунов БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовпен бірігіп мемлекеттен жымқырған миллиондаған долларды осы күдікті қаржы ұйымы арқылы заңдастырғанын растайтын құжаттарды тапқан.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.Құйтырқы жоспарын іске асыруға ешбір жөні түзу шетелдік банк келіспеген соң, Храпуновтар танзаниялық банкке шыққан. FBME банкінің клиенттерінің көбі - мафиозилер, порнофильм шығарушылар және жемқор саясаткерлер. Бұл күдікті мекеменің жұмысы былтырдан бері тоқтатылған.
Сондай-ақ Храпуновтың заңсыз ақшасын игеруге Дональд Трамптың бизнес серіктесі Феликс Сатер қол ұшын созған екен. Ол Нью-Йорктегі Trump Soho ғимаратында жалпы құны 40 миллион доллар тұратын үш пәтерді сатып алуға көмектесіпті. АҚШ –тың ақпарат құралдарына сенсек, Храпуновтар Қазақстаннан қашқанда, ресейлік чартерлік ұшаққа картиналар, зергерлік бұйымдар мен құнды заттарын толтырып әкетіпті.
Қазір Виктор Храпунов отбасымен бірге Швейцарияда тұрып жатыр. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, бұл отбасы 2003 пен 2007 жыл аралығында Швейцария мен оффшорлық банктерге 48 млн. доллар мен 8 млн. еуроға жуық қаражат аударған.