"462 миллион бөлініпті": Аудан әкімдері бюджет қаржысына жаппай қымбат көліктерді сатып алып жатыр
2018 ж. 19 наурыз
6747
14
Біздің облыстағы қала мен аудан әкімдерінің арасында «өлмесе берілмейтіндей» ерекше бір бәсеке жүріп жатыр. Онысы қайсысы шетелдік ең қымбат машина мініп, өзгелерді шаң қаптырып кетеді екен деген өлсе де беріспес тайталас. «Мұндай айрықша көлік бюджеттің есебінен алынады ғой, яғни халықты ақшасы жұмсалады. Аздап болса да қарапайымдылық таныталық» деген ой ешқайсысының да ойына кіріп-шықпайды.
Қостанай облысына қарасты аудандардың әкімідері жаппай мініп жатқан тұлпар осы...
Ал енді бәсекеге айналған қандай көлік дейсіз ғой? Ол біздің шенеуніктердің ылғи түсіне кіріп жүретін атақты «Toyota Land Cruiser 200» деген сүліктей сылаңдаған шетелдік аса ыңғайлы да, әдемі көлік. Бағасы да адам қызығарлықтай. Ең сорлысы дегенінің өзі 20 миллион теңгеден асып жығылады. Олар тіпті бұдан сәл де болса арзандау, алайда әлгі машинадан еш кемдігі жоқ «Toyota Land Cruiser Prado» машинасын да менсінбейді. Ал оны ары кетсе 15-16 миллион теңгеге оп-оңай алуға болады.
Айырмашылығы шамалы, тек жайлылығы яғни комфорты ерекше демесең. Пәленің бәрі міне осы комфорт дегенге тіреліп тұр емес пе? Айтпақшы, Prado секілді жол талғамайтын джипті былай қойып, жер бетінде сән-салтанаты еш машинадан кем емес «Mercedes-Benz», «Audi», «Volkswagen», «Nissan», «Renault», «Ford», «Уаз», «ВАЗ» және «KIA» маркалы көліктер жыртылып-айрылады емес пе? Жоқ, біздің шенділер олардың біріне де отырмайды. Ал өз облысымызда шығарылатын JAC, Peugeot, Ravon және Iveco тәрізді машиналарға тіпті де мұрын шүйіре қарайды. Демек, біздегі шенеуніктер Елбасының өзіміздің автомобиль зауыттары өндіретін өнімдерге көбірек көңіл бөлу керек деген сөзін құлағына ілмегені ғой. Бұдан кейін бұл жерде оларға «сен неге еліміздің патриоты болып, өз көлігімізді неге мінбейсің?» деп айтуға да ұялады екенсің,
Жалпы біздегі осындай шенеуніктердің өздеріне деген аса мырзалық қасиеті Астанадағы Парламенттің де құлағына жетіпті. «Машиналарды сатып алудағы баға айырмашылығы бес миллион теңгеден де асып жығылады, - дейді Мәжіліс депутаты Әбсаттаров. - Мәселен, Павлодар қаласы әкімінің аппараты «Toyota Land Cruiser 200» машинасын сатып алуға деп 20 миллион теңге белгілесе, ал Қостанай облысының Әуликөл ауданы әкімінің аппараты 25 миллион 125 мың теңге бөлген».
Депутат қанша дегенмен алыста тұрады ғой, сондықтан да тым сыпайылап айтқан шығар. Ал оның жаңағы 20 миллион дегенін бізде онша үлкен ақша санамайды, Мәселен, осындағы Денисов ауданының әкімі Ерлан Жаманов «Құласаң нардан құла» дегендей, әлгіндей сәйгүлікті 26 миллион теңгеге сатып алып, өзге шенеуніктердің барлығын да жерге қаратып кеткен. Сондай «іскерлігінің» арқасы шығар қазір ол сонау ит арқасы қияндағы Денисов ауданынан қала іргесіндегі жақын да жайлы өңір Алтынсарин ауданына әкім болып тағайындалды.
Ерлан Жаманов деген әкіміміз осы кісі
«Жаман әдет жұққыш келеді» емес пе, мұндай мырзалықты көрген өзгелері де ысырапшылықтың көкесін танытты. Қазір дәл сондай көлік алып үлгермесе, тағынан түсіп қалатындай кезек-кезек бір-бір тұлпардан таңдап мінді.
Мысалы, «Toyota Land Cruiser 200» көлігін Наурзым ауданының әкімі 25 миллион 629 мың теңгеге, Арқалық қаласының әкімі 25 миллион 600 мыңға, Сарыкөл аудананың әкімі 25 миллион 793 мыңға, Жітіқара аудананың әкімі 22 миллион 624 мыңға, Таран аудананың әкімі 21 миллион 109 мыңға сатып алып, халықтың ақшасының тегін келген дүние екендігін айдай әлемге әйгілеп тастады.
Ал енді мұндай ысырапшылдық пен менменсінуге облыс әкімі Архимед Мұқанбетов қалай қарайды дейсіздер ғой. Ол кісіге бәрі бір сияқты. Тіпті өз қарамағындағы әкімдердің көліктеріне қарамайтын да секілді. Әкім болған соң қымбат машина мінгенде тұрған не бар дейтін шығар. Ал халықтан жиналған қаржы ше? Ал біз осы күнге дейін облыс әкімінің қарамағындағыларға «Сендер неге шетелдік қымбат машинаға құмарсыңдар? Өзімізде шығарылатын көлікті алып, біріншіден бюджеттің ақшасын үнемдеп, екіншіден отандық өндірісті қолдауға неге өнеге танытпайсыңдар?» дегенін естіген адам жоқ.
Айтпақшы, аудан және қала әкімдерінің әлгідей қымбат көліктерін сатып алуға деп бюджеттен анау-мынау емес 462 301 413,28 теңгені қиналмай-ақ бере салыпты. Қаламызда балабақшаларға деген зәрулік талай жылдардан бері шешілмей келе жатқандығын, ал үйге кезектің жақын уақытта жойыла қоймайтындығын, облыс түгілі Қостанай қаласының өзіндегі көшелердің әбден қиюы кеткендігін ескерсек мұндай «мырзалықтың» қисынға сыймайтын қисықтық екендігін мойындаған жөн.
Жайберген Болатов
Дереккөз: Abai.kz