Есеп комитеті Білім министрлігінің жұмысынан миллиардтаған қаржының заңбұзушылығын анықтады
2017 ж. 06 қараша
8201
46
Мемлекеттік аудит кезінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің жұмысынан 16,9 млрд теңгеге заңбұзушылық, 43,2 млрд теңге көлеміндегі республикалық бюджет қаржысын дұрыс игермеу, жалпы сомасы 26.7 млрд теңгені құрайтын процедуралық бұзушылықтардың 147 фактісі анықталды.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы Есеп комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Комитет ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы Қазақстан Бүкіл әлемдік экономикалық форумның жаһандық индекс рейтингісінде білім сапасы бойынша төмен көрсеткіштер алған. "Білім саласының сапасы", "Мектеп менеджментінің сапасы", "Жоғары біліммен қамту" секілді негізгі индикаторларға қол жеткізілмеді.
«2016 жылдың қорытындысы бойынша 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік білімді дамыту бағдарламасы аясында үшауысымды мектептер санын азайту мен мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобаларын арттыру бойынша көрсеткіштер орындалмаған», - делінген хабарламада. Сондай-ақ, орта және жоғары білімді мамандарды даярлау бойынша аймақтағы кадр қажеттіліктері ескерілместен мемлекеттік білім тапсырыстары жарияланған.
Мемлекеттік аудит құжаттары құқық қорғау органдары мен әкімшілік құқықбұзушылықтарды тергейтін өкілетті органдарға жолданатыны хабарланды.