2017 жылы берілген ипотеканың 75%-ын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ресімдеген
2017 ж. 01 қараша
2844
0
31 қазан Миланда өткен 1924 жылғы жинақ банктерінің алғашқы конференциясында Бүкіләлемдік жинақ күні деп бекітіледі. Осы күннің құрметіне «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 2017 жылдың 9 айында атқарылған жұмыс жайлы халыққа есеп беру мақсатында арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Шараға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мен басқарма төрайымының орынбасарлары Жанар Жұбаниязова, Әділет Қожанбаев және Мирас Бейсенбаев қатысты.
– Басты мақсатымыз – халықты жеке баспанаға қол жеткізу үшін салым жасап, белгілі бір қор жинауға үйрету. Қазіргі таңда бұл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкініқолынан келіп жатыр деуге болады. Соңғы 3 жыл ішінде банкте 500 000 депозит ашылды. Бұл қазіргі тіркелген барлық депозиттердің 50%-ын құрап отыр. 2017 жылдың 1 қыркүйегіндегі статистикаға қарайтын болсақ, тұрғын үй заемдарының 75%-ын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» берген. Яғни, біздің банк ипотекалық заем беру бойынша өзге банктерден біршама алда келеді. Күн сайын банк жүздеген клиентке несие береді. Нақтырақ айтқанда, банк бөлімшелерінде бір күнде 120-130-ға жуық заем рәсімделеді. Бұл шамамен 1 миллиард теңгені құрайды. Банктің тағы бір артықшылығы – біз өз салымшыларымызға табыс көрсеткіштері мен жас ерекшелігіне байланысты ешқандай шектеу қоймаймыз. Мысалы, қазіргі таңда көптеген ата-ана балаларының атына жеке есепшот ашып, ай сайын төлем жасап тұрады. Есесіне, бала 18 жасқа келгенде өзгелермен бірге жеке баспанаға ие болу мүмкіндігін алады. Бүгінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 18 жасқа толмаған 120 000-ға жуық салымшының шоты бар, – дейді Ләззат Ибрагимова.
Жалпы тұрғын үй жинақтары жүйесі Еуропа елдерінде кеңінен дамыған. Бұл жүйені Франция, Германия, Испания, Австрия, Венгрия, Польша, Болгариямен қатар АҚШ және Қытай сынды алпауыт мемлекеттер қолданады. Ал ТМД елдері арасында табысы орташа және орташадан төмен халық өкілдеріне арналған тұрғын үй жинақтарының шарттары мен қағидаларын алғашқы болып қолға алған Қазақстан еді. Қазақстандағы тұрғын үй жинағы 80 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Германия үлгісіне негізделген. Десек те, Германияда салымшыларға берілетін мемлекеттік көмек 8,8%-ды құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 20%-ға жеткен. Оның үстіне, банктың салымшыларына беретін несие мөлшерлемесі 3,5% және 5%-ды аралығындағы ең тиімді көрсеткішке ие. Сондықтан болар, 2017 жылдың өзінде 255 278 адам жаңа есепшот ашқан
Бұл өткен жылғы 9 ай ішіндегі көрсеткіштен бір жарым есе жоғары. Оған қоса жыл басынан бері 28990 отбасы ТҮҚЖБ арқылы баспаналы болды. Жалпы банкте 2017 жылы ортақ сомасы 477,3 миллион теңгені құрайтын 988 152 депозит ашылған.
Осы жылғы банк жұмысындағы жағымды жаңалықтардың бірі – мамыр айында 2015 жылғы теңге бағамының өзгеруіне байланысты салымшыларға өтемақы ресімдеудің екінші траншының мерзімінен бұрын төленуі.
– Біз салымшыларға 2015 жылғы 18 тамыздағы депозиттер сомасы көрсеткішінің 15,8%-ын, яғни, 20,1 миллиард теңге өтемақы төледік. Оның 9 миллиарды банктің өз қаражатынан алынды. 2017 жылы 284 221 салым иелеріне өтемақы берілді. Жалпы алғанда екі жыл ішінде клиенттерге 49,4 миллиард теңге аударылды. Оның 19,4 миллиарды банк қаражатының есебінен төленді, – дейді Әділет Қожанбаев.
Сондай-ақ банк қыркүйек айында Baspana.kz деп аталатын жылжымайтын мүлік порталын іске қосты. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында тұрғын үй бөлістіру процесін айқын ете түсу үшін жасалған. Жаңа сервистің жұмыс істегеніне бір ай болса да, мұнда 180 нысан туралы ақпарат жарияланып, 6 000-нан астам салымшы баспана сатып алуға өтініш беріп, 1 400 пәтер үлестірілді. Орта есеппен алғанда порталға күніне 3 500 адам кіреді. Сонымен қатар, бүгінде банк клиенттері ұлттық пошта операторының бөлімшелері арқылы депозит ашып, Халық Банк, E-gov, Қазкоммерцбанк, Каспи Банк, Банк Центр Кредит, Qiwi, Pay point және басқа қызметтердің көмегімен шотқа ақша аудару мүмкіндігіне ие болып отыр, – деп атап өтті Жанар Жұбаниязова.
Банк өкілдерінің айтуынша, қаржы институты қазір әскери қызметкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алыпты. Парламент мақұлдауында жатқан «Әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету туралы» заңға сай 60 000 әскери қызметкер тұрғын үй төлемдерін алу мүмкіндігіне ие болады.
– Бұрындары әскери қызметкерлерге жалдамалы пәтерге төленетін ақы берілетін. Бірақ нәтижесінде олар баспаналы бола алмайтын. Ал қазір жеңілдетілген шарттар бойынша тұрғын үй займын алуға мүмкіндік бар. Осыған дейін тұрғын үй төлемдерінің көмегімен жалдамалы пәтер ақысын ғана төлеуге болатын. Ал қазір бұл төлемдерді тұрғын үй несиесін төлеу, тұрғын үй жинағы, тұрғын үй жағдайын жақсарту сынды т.б. 8 бағытта қолдануға болады. 2018 жылы осы бағдарламаның аясында біз 8000-9000 әскери қызметкерді қамтуды көздеп отырмыз, – деді Мирас Бейсембаев.
qazaquni.kz