БҚО-ның Тасқала ауданында ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда
2017 ж. 12 қыркүйек
5215
2
2017 жылдың 12 қыркүйек күні БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифингке «Тасқала ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбымен аудан әкімі С.Әлиев қатысты.
Әкімнің айтуынша, ауданның биылғы бюджеті 4 млрд 250,8 млн.теңге құрады. Ол 2016 жылмен салыстырғанда 22,6%-ға артты. Ауыл шаруашылығында өсім бар. Есепті мерзімде ірі қара мал саны 12,4 %-ға (30 мың 438 бас), қой мен ешкі саны 7,8 %-ға (71 мың 456 бас), жылқы саны 13 %-ға (8 мың 253 бас) артқан. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруды субсидиялау бойынша асыл тұқымды ірі қара және ұсақ мал басын сатып алғаны үшін 42 шаруа қожалығына – 18,9 млн. теңге, асыл тұқымды жұмыстарын жүргізгені үшін 80 шаруа қожалыққа 69,5 млн. теңге субсидия төленді.
Қазіргі таңда аудан бойынша 381 мүшесі бар 17 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құрылды. Кооператив мүшелері «Ынтымақ» бағдарламасы бойынша 2,5 млн. теңге және «Береке» бағдарламасы бойынша 138 млн. теңге несие алды. «Тасқала Ет» кооперативі 8 млн. теңгеге рефрежиратор сатып алып, қазіргі таңда мал сою пунктін жарақтандыру жұмыстарын аяқтауда.
2017 жылдың ақпан айында 20 млн.теңге өз қаражатына «Тасқала Сүт» жеке кәсіпкерлігі сүт өңдейтін пункт ашты. Жаңа нысанда 3 адам тұрақты жұмыспен қамтыған. Тәулігіне 1000 литр сүт өндейтін кәсіпорын 30 бас сүтті сиыр сатып алуды жоспарлауда.
Аудандағы жалпы егіс көлемі 24 932 гектар. Жыл басынан бері ауданның ауылшаруашылық құрылымдары 11 дана «Беларусь», 1 дана «New holland» тракторларын, «Есиль» маркалы 2 комбайнды, «New holland» маркалы 1 комбайнды сатып алған.
Есепті кезеңде аудан бойынша 980 (2016 жылы 944) шағын бизнес субъектілері тіркелген. Жалпы бұл салада 1905 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар есепті кезеңде 376 млн. 634 мың теңгеге өнім өндіріп, қызмет көрсеткен (2016 жылмен салыстырғанда 38% артық).
Ауданда жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін арнайы есепте тұрғандардың саны 580 адам. Барлық жер учаскелерінің саны – 266. Жер учаскелері кезекте тұрған тұрғындарға толықтай берілді. Сонымен қатар, биылғы жылы пайдаланылмай жатқан 23 шаруа қожалығында жалпы көлемі 17263,0 га жер анықталып, 9 шаруа қожалығы 11621,0 га жерді өз еркімен бас тарту арыздары негізінде мемлекеттік меншікке қайтарды.
Ағымдағы жылы Мерей ауылында спорт алаңының құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Оян, Тасқала ауылдық округтерінде алаңдар салынып жатыр. Амангелді ауылдық округінің спорт алаңы келесі жылы салынатын болады.
Сондай-ақ, биыл аудандық «Шұғыла» балалар сауықтыру лагеріне (салынған жылы 1975) күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Ғимаратта жылу жүйесі жүргізіліп, енді қысқы мерзімде де жұмыс жасауға мүмкіндік туды.
- «Аудан орталығында көше жолдарының құрылысы қарқынды жүруде.
Тасқала ауылының Жақсығұлов көшесі (55 млн. теңге) автомобиль жолының бір бөлігіне және Мәметова (176,9 млн. теңге), Шамов (59,2 млн. теңге) көшелерінің жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарын қараша айына дейін толығымен аяқтаймыз. 2016 жылы көшпелі тәсілмен басталған Жақсығұлов, Құрманғалиев көшелерінің автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Чурилин, Жеңіс көшелерінің автомобиль жолдарының күрделі жөндеу жұмыстарын 2017 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда. Халықты ауыз сумен қамту мәселесіне келетін болсақ, аудан орталығындағы он көшеге жалпы ұзындығы 4 шақырым ауыз су құбыры тартылды. Күні бүгін Тасқала ауылы тұрғындарының 87 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып отыр. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 2-Шежін, Мерей және Амангелді ауылдарының су құбырларын қайта құру жұмыстары жүзеге асырылуда», - деп атап өтті С.Әлиев.
Қазіргі таңда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 25 жас маманға жалпы сомасы 4,0 млн.теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленіп, 20 маманға 66,6 млн.теңге көлемінде бюджеттік несие рәсімделді.
Биылғы жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің (БҚАТУ) оқыту бағдарламасы негізінде ауылшаруашылығы саласындағы мамандықтарға мектеп оқушыларының қызығушылығын арттыру мақсатында ауданның 2 мектебінде (Жақсығұлов және Сәтбаев атындағы орта мектептер) пилоттық режимде агросынып ашылды.
Ауданның әлеуметтік өміріне ауылдастар да өз үлестерін белсенді қосуда. Мысалы, Шежін ауылының тұрғыны Р.Байтуков өз күшімен, қаражатсыз балалар ойын алаңын салып берді. Мерей ауылының тұрғыны А.Ахмекиев өз қаржысына Бақалы көлін жөндеп, тазалап, үлкейтіп, оған балық жіберу жұмыстарын жүргізеді. Атамекен ауылы мектеп түлектерінің демеушілігімен «Жастар» саябағын абаттандыру жүргізіледі. Сонымен бірге Тасқала ауылдық округі әкімдігі және «Тасқала-нан» ЖШС-нің өкілдері екі жақты меморандумға қол қойып, ауданның тазалық жұмыстарына атсалысуға ниет білдірген жеке кәсіпкер өз қаражатына Тасқала ауылындағы қатты тұрмыстық коммуналдық қалдықтарды төгетін орынды жою жұмыстарын бастайды.
Брифинг барысында аудан әкімі Ақтау ауылындағы бұлақ суын ұстап қалатын бөгет салу туралы сауалға түсінік берді. «Облыс әкімі бізге осындай тапсырма жүктеді. Күні бүгін жоба әзір, мердігер анықталуда. Мердігер анықталған соң нақты жұмысқа кірісеміз» деді әкім.
Аудандағы қысқа мерзімді жоспарлар:
Ø Тасқала ауылында 280 орынға арналған балабақша құрылысы, Қ.Сәтбаев атындағы ОМ-не күрделі жөндеу жұмыстары (мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде).
Ø Тасқала ауылында 320 көрермен орынға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы.
Ø Атамекен, Қалмақшабын, Алмалы ауылдарының су құбырын қайта құру.
Ø Тасқала ауылындағы 2 үш қабатты көппәтерлі тұрғын үй құрылысы және оған инженерлік инфрақұрылымдар тарту.
Ø Тасқала ауданында 22 бір қабатты бір пәтерлі үш бөлмелі арендалық (коммуналдық) тұрғын үйлердің құрылысы бойынша ЖСҚ-ын түзету.
Ø Тасқала ауылының су құбырын қайта құру.
Ø Тасқала ауылының бірнеше көшелерін күрделі жөндеу.
Ø Ауданның барлық ауылдық округтерінде заманауи балалар ойын алаңдарын салу.
qazaquni.kz