Жандар Омаров: Биыл ауыл тұрғындарын шағын несиелеуге 39 млрд теңге қарастырылған
2017 ж. 18 мамыр
3236
1
- «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» қандай несиелеу бағыттарын жүзеге асырады?
- «ҚазАгро» Холдингінің құрамына кіретін Қордың негізгі қызметі - ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін несиелеу. Қордың айырмашылығы – шағын несиелеуде, яғни 500 мыңнан 18 миллионға дейін қарыз бере алатындығында. Сол себепті де, біз көбінде шағын кәсіпкерлермен, жеке шаруашылықтармен және кооперативтермен жұмыс істейміз.
- Қор ауылшаруашылық кооперациясын дамытуға белсенді атсалысып келеді. Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз.
- Ия, бұл мақсатта Ауыл шаруашылық министрлігі мен оның қарамағындағы ұйымдардың алдында көптеген мақсат тұр. Өздеріңізге белгілі, министрлік тарапынан 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы әзірленген. Бағдарламада жеке қосалқы шаруашылықтарды жаппай кәсіпкерлікке тарту механизмдері қарастырылған. Ол үшін Қор ауылды жерлерде шағын мал бордақылау алаңдарын, сүт қабылдау бекеттері мен жеміс-жидек, көкөніс дақылдарын сақтау және өндіру бағытындағы ауылшаруашылық кооперативтерін құру жұмыстарын қаржыландырады. Бұл бағыттар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының есебінен және Қордың өз қаражатынан қаржыландырылады.
- Кооперативке кірген шаруашылықтар қандай мүмкіндіктерге қол жеткізеді және Кооперативтің артықшылықтары қандай?
- Кооперацияның қажеттілігін түсіну үшін мынадай бір маңызды нәрсені есепке алуымыз керек. Қазіргі таңда елімізде ауыл шаруашылығының басым бөлігі шағын тауарлы шаруашылықтардың үлесінде. Мысалы, мал шаруашылығы саласында жеке, шағын шаруашылықтардың үлесі – 70 пайыздан асып тұр. Мұндай кішігірім шаруашылық жалғыз өзі жаңа технологияларды енгізіп, өнімділік пен бәсекеге қабілеттілігін арттыра алмайды және өз бизнесін толық түрде жүргізе алмайды. Сонымен қатар, өндірілген өнімді сақтап, оны қайта өңдеуге, тиімді сатуға да мүмкіндігі бола қоймайды.
Бұдан бөлек, шағын шаруашылықтар ауылшаруашылық техникасы мен тыңайтқышты, мал азығы мен жанар-жағар май сияқты басқа да көптеген қажетті дүниелерді сатып ала алмайды. Сатып алған күннің өзінде олар үшін бұл қомақты қаржыға келетіні анық. Ал жеткілікті мүлігі мен қажетті білімі болмағандықтан олар несиелік ресурстарға да қол жеткізе алмаулары мүмкін.
Жаңадан қабылданған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасында осы мәселелерді шешу жолдары, яғни, ауылшаруашылық өнімінің сапасы мен көлемін кооперация арқылы арттыру қарастырылған. Жеке шаруашылықтарды бизнеске тарту жұмыстары өткен жылдың шілде айында басталған.
Бүгінгі таңда Қордың қатысуымен 243 ауылшаруашылық кооперативі (127 – ет, 116 – сүт бағытында) құрылып, 8,5 мың шаруашылықты біріктірді. Олардың 2,2 мың мүшесі Қордан жалпы сомасы 6,5 млрд теңге несие алды. Сонымен қатар, 250 млн теңгеге 46 кооператив қаржыландырылды.
Несиелеумен қатар, мемлекет тарапынан басқа да қолдау шаралары қарастырылған. Оның ішінде – инвестициялық шығындарды 50 пайызға дейін субсидиялау, асыл тұқымды мал сатып алған кезде шығынды өтеу және өнімді сату жұмыстарына да субсидиялар бөлінеді.
- Ауыл тұрғындарының кооперативтер құру мен оларды қаржыландыру жұмыстарына қызығушылығы қандай?
- Осы орайда мына бір мәліметті айта кеткен жөн болар деп ойлаймын. Мысалы, биылғы жылдың ақпан-наурыз айларында Ауыл шаруашылық министрлігі мен ҚазАгро, оның еншілес компанияларының мамандары тұрғындар арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Топ мүшелері барлық ауданда кездесулер өткізіп, халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Жергілікті атқарушы органдар да бұл жұмысқа өз үлестерін қосқан еді. Қазіргі таңда қаржыландыруға түскен өтінімдердің саны күн сайын өсіп келеді.
Жалпы, биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 27 млрд теңге бөліну жоспарланған болса, оның 16 млрд теңгесі Қор арқылы ауыл тұрғындарын шағын несиелеуге бөлінетін болады. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен бөлінген және Қордың өз қаржысын шағын несиелеуге бағыттау жоспарланған. Барлық қаржыландыру көздерін қосқанда, биыл жалпы 39 млрд теңгеден астам сома игеріледі деп болжануда.
- Қор жүзеге асыратын бағдарламаларға қатысу үшін қандай талаптар қойылады және кімдер несие ала алады? Кепілзат талап етіле ме?
- Осыған дейін айтып кеткендей, біз шағын және орта бизнесті, жеке кәсіпкерлік нысандарын қаржыландырамыз. Ең бастысы – шаруашылық иесінің өз бизнес-жоспары болу керек, одан кейін ол кооператив мүшесі болуы тиіс. Несиелерді жеке тұлғалар, шаруа қожалықтары, фермерлік шаруашылықтар, заңды тұлғалар ала алады.
Несие аламын деушілердің барлығына қойылатын талап – төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығы. Жағымды несие тарихы болуы керек және бюджет пен салық органдарына, екінші деңгейлі банктерге мерзімі өткен берешектері болмауы қажет. Кепілдікке - ауылдағы барлық мүлік түрлері алынады: үйлер, жер телімдері, тіпті сатып алынатын мал мен техника кепілдеме ретінде қабылданады.
Мысалы, ауылшаруашылық кооперативі сүт қабылдау бекетіне немесе мал сою цехына арналған модульдік құрал-жабдық орнататын болса, кепілдікке сол сатып алынатын құрал-жабдықтарды қоя алады. Оған кететін шығынның 50 пайызын субсидия арқылы жабуға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, әрбір жобаға байланысты да талаптар қойылады. Мысалы, кәсіпкер мал бордақылау алаңын ашам десе, сатып алынатын мал басын ұстау үшін қажетті қора, ауылдық округте ветеринарлық-санитарлық жағдай дұрыс болғаны жөн. Мал азығы жеткілікті болуы керек немесе оны сатып алатын қаржысы болуы қажет. Сонымен қатар, жұмысын енді бастап жатқан азаматтар болса, олардың кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарынан өткені туралы сертификаты болуы да міндетті.
- Несиені қайтарудың жеңілдік мерзімі, сыйақы мөлшері қандай, қанша уақытқа беріледі?
- «Ынтымақ» бағдарламасы бойынша айтсам, мақсаты - ет, сүт, жеміс-көкөніс өнімдері бойынша сервистік-дайындау кооперативтер үшін техника немесе құрал-жабдықтар сатып алу. Қарыз сомасы – 18 млн теңгеге дейін, мерзімі – 6,5 жыл, сыйақы үстемесі - 6%, жеңілдетілген мерзімі – 9 айға дейін жалғасады.
«Береке» бағдарламасының мақсаты - ауылшаруашылық өнімін алу үшін мал мен құс бордақылау. Қарыз сомасы – жеке тұлғалар үшін - 4 млн теңгеге дейін, заңды тұлғалар үшін – 40 млн теңгеге дейін өседі. Ал несиені қайтару мерзімі – 6,5 жыл. Сыйақы үстемесі – 6 %, жеңілдетілген мерзім – 9 айға дейін кепілдік береді.
«Игілік» бағдарламасы арқылы несие берудің мақсаты – ірі қараның, ұсақ малдың, жылқының, құстың басын көбейту. Қарыз сомасы – 6 млн теңге дейін, несиелеу мерзімі – 6,5 жыл. Бұл жобада да сыйақы үстемесі – 6 %, жеңілдетілген мерзімі – несиелеу мерзімінің үштен бір бөлігіне дейін. Яғни бұл бағдарламаның бір ерекшелігі жеңілдетілген мерзімі басқасына ұзақтау – 2 жылдай уақыт бар.
- Шағын шаруашылықтар үшін тағы қандай көмек көрсетіледі? Қордан несие алып, кәсібін бастаған азаматтарға қандай да бір сервистік не маркетингтік қолдау бола ма?
- Қазіргі таңда Қор жүзеге асырып жатқан несиелеудің басым бағыттары бойынша мемлекет тарапынан көптеген қолдау шаралары қарастырылуда. Мысалы, етті, сүтті бағытта мал шаруашылығын дамытамын деген азаматтар субсидия ала алады. Кооперативтерге тапсырған сүттің әр литріне 10 теңгеден, әрбір тапсырған ірі қара мал басына – 20 мың теңге, ұсақ мал басына – 1,5 мың теңге, жем-шөп дайындайтын кәсіпорындарға құрама азықтың әр сатылған тоннасына – 20 мың теңгеге дейін субсидия төленетін болады. Сервистік, маркетингтік қолдау жергілікті ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан жүзеге асырылады.
- Ауыл тұрғындары арасында Қордың қай бағдарламасына сұраныс жоғары?
- Қазіргі таңда «Береке» бағдарламасының несиелеріне сұраныс жоғары болып тұр. Өйткені, мақсаты – мал бордақылау, шектеулері жоқ, пайыздық үстемесі төмен, мерзімі ыңғайлы, қарызды өтеу кестесі – клиенттің қалауы бойынша. Бұл несиені ауылдағы кез келген жеке отбасылық шаруалар ала алады. Кейін кооперативке мүше бола отырып, етті сол кооперативке тапсыру керек. Ал, кооператив өз тарапынан малды сойып, етті өткізумен айналысады.
Сонымен қатар, кооператив шаруаға техника, тыңайтқыш, жанар-жағар май, тұқым немесе мал азығын дайындау жұмыстарына көмек береді.
- «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» несие алу үшін қандай құжаттар қажет? Жалпы толық консультация алам деушілер қайда хабарласуына болады?
- Қордың қызметі лицензияға сәйкес жүргізіледі. Сондықтан құжаттар тізімі біздің лицензиар - Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ережелеріне сәйкес нормативті құжаттарымен бекітілген. Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар үшін тапсырылатын құжаттар тізімін FAD.kz сайтынан көре аласыздар. Жалпы, несиелеу бағытына байланысты 14-16 құжат тапсырылады. Оның бір бөлігі Қор филиалында толтырылып, тапсырылады. Барлық сұрақтарды, толық консультацияны біздің мамандарымыздан алуға болады. Қор филиалдары облыс орталықтарында, сонымен қатар Алматы, Астана, Семей қалаларында жұмыс істейді. Халық көп шоғырланған аймақтарда несиелік менеджерлер аудан орталықтарында қызмет көрсетеді. Олардың құзіретінде – клиенттерге кеңес беру, несие өнімдерін ұсыну, құжаттарды қабылдау. Толық ақпаратты 8 800 080 80 10 тікелей байланыс телефоны арқылы да алуға болады.
Сұқбатыңызға рақмет.
Ержан Жаубай