Шетелдік банк зейнетақы қоры салымшыларының 71 млрд теңгесін қайтармауы мүмкін
2017 ж. 16 мамыр
2136
0
Халық ақшасын жөн-жосықсыз жұмсады деп айыпталған Зейнетақы қоры тағы дауға қалды. Бұл жолы қор Әзірбайжан банкіне 71 миллиард инвестиция құйып, қыруар қаржыны қайтара алмады деген күдікке ілінді. Өйткені, Әзірбайжан банкі сырттан тартылған инвестициялар бойынша өтемақы төлеуді мүлдем тоқтатқан. Тіпті банкротқа ұшырауы да ықтимал. Мол ақшаның бей-берекет жұмсалғаны туралы алғашқы дабылды экономистер қақты, деп хабарлады КТК арнасы.
Зейнетақы қоры 71 миллиард 300 миллион теңге халық ақшасын Әзірбайжан халықаралық банкіне инвестиция ретінде құйған екен. Алайда мұнай экспортына тәуелді елдің ұлттық валютасы манат құлдырап, банк шетелдік қарыздарын қайтаруға қауқарсыз боп қалған. Бұл былықты қордың есеп-қисабын ақтарып отырып экономист, бұрынғы вице-министр Ошақбаев анықтапты.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жалпы сараптамасы, қор қолындағы 7 трлн теңгенің 20 пайызын, экономика тілінде қорда құнды қағаздар деп аталатын облигацияларға салып тастағанын көрсетіп отыр. Басқарушы қор халық ақшасын арттыруды айтпағанда, оның бүтіндігін де қамтамасыз етуге шамасы келмей отыр, - дейді экономист Рахым Ошақбаев.
Енді осы облигация ретінде салынған Әзірбайжан банкі банкротқа ұшыраса, 71 миллиард теңге Қазақстанға қайтпай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл деректі депутаттар да дереу тексеруді талап етті.
Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев "Бұл тағы да халқымыздың қалтасынан қағылған ақша деуге болады. Сондықтан жауапты адамдардан сұрау керек. Өкінішке орай сол жауаптылар ұсталмай кетіп жатыр" дегенді айтады.
Депутаттар халық ақшасының бүтіндігіне Ұлттық банк те жауапты деген пікірде. Өз кезегінде орталық банк төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайынов, көпшілікке басу айтып, ақша қайтады деп сендіріп бағуда. Әзірге қор да, Ұлттық банк те үндеместің ойынын ойнап отыр. Әзірбайжан банкіндегі күйіп кеткелі тұрған миллиардттарға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Ең алдымен жауапкершілікті Ұлттық банктен сұрауымыз керек. Егер әрі қарай да қыруар ақша халықтың назарынан жасырын пайдаланса, жемқорлыққ жол ашып отырмыз деген сөз, - деді мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Перуашев сонымен қатар жекеменшік зейнетақы қорларын қайта ашып, бәсекені қайтару керек дейді. Ал экономист Рахым Ошақбаев қор халықтың әр тиынын парламентпен келісіп барып, инвестицияласын деген пікірде. Зейнетақы қоры мен Ұлттық банктің бұл даудан кейін қандай қадамға барары белгісіз. Сонымен бірге 71 млрд теңгенің тағдыры не болары да әзірге құпия.