ОҢТҮСТІК КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ АРҚЫЛЫ КӨШБАСШЫ АЙМАҚҚА АЙНАЛМАҚ
2017 ж. 05 мамыр
2060
1
Оңтүстікке жасаған жұмыс сапарының аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сайрам ауданындағы «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің жұмысымен де егжей-тегжейлі танысты. «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС жоғары технологияларды қолдану арқылы алма өсіріп, оны сақтаумен және сатумен айналысады.
Осы тұста бұл ЖШС-нің мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылғандығын айта кетуіміз керек. «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нде алғашында 83 адам жұмыспен қамтылса, кейін олардың саны 277 адамға жеткен. Жалпы көлемі 106,5 гектарды қамтитын серіктестік бауына 215 мың түптен астам жеміс ағашы отырғызылған.
Шетелдік сұрыптар да көптеп кезігетін бұл бау шаруашылығында алманың «Гренни», «Смит», «Фуджи», «Голден –делишес», «Гала», «Айдеред» атты түрлері отырғызылған. Ал, алхоры мен шиенің «Стенлей» атты түрлері егілген.
«DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-да 1 гектер жерге шамамен 2500 түп ағаш көшеті қондырылыпты. Заманауи техникамен жабдықталған бау тамшылатып суару жүйесі бойынша жұмыс істейді.
Бау шаруашылығында әлемдік тәжірибені қолдану арқылы қарқынды жұмыс істеп келе жатқан компания жылына 8-10 мың тонна алма өсіреді.
– Бұдан 10-15 жыл бұрын өзіміз осындай алуан түрлі өнім өндіреміз деп ойлап па едік? Ал бүгін ол шындыққа айналды, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сондай-ақ, Оңтүстіктің кәсіпкерлікті дамыту арқылы көшбасшы аймаққа айналуы керектігін де тілге тиек етті. Сонымен қатар, Ел Президентінің назарына ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесі ұсынылды. Осынау кездесу барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы толығырақ таныстырып өтті. Аймақ жұртшылығымен емен жарқын жүздескен Елбасы жиылған халыққа бақ-береке тіледі. Жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізулеріне тілектестік білдірді.
qazaquni.kz