"ASTANA PROCESS": СИРИЯҒА 700 МЫҢ ДОЛЛАР БЕРІЛДІ
2017 ж. 23 қаңтар
2997
0
Астанада өтіп жатқан халықаралық бітімгерлікке бағытталған "Astana process" келіссөздері барысында сөз сөйлеген Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми хатын оқып берді. Ал Астанадағы жиынға келген шетелдік делегаттардың дені бүгін алты жылға созылған қанды қасаптың доғарылуынан үмітті екендіктерін білдірді, - деп хабарлайды Abai.kz.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті:
- Сирияның бүгінгі жағдайы әлемдік қауымдастықтың назарын аудартып отыр. Алты жылдан бері жалғасып келе жатқан қанды қақтығыс ешбір тарапқа пайда әкелмегенін көріп отырмыз. Қазақстан әлем жұртшылығын бейбітшілік пен тұрақтылыққа үндеп келе жатқаны белгілі. Сондай-ақ, біз БҰҰ тұрақты емес мүшесі болдық. Бұл ұйымдағы Қазақстанның миссиясы Таяу шығыстағы тұрақтылықты реттеу. Бүгінгі басқосу халықаралық қауымдастықтың Сириядағы жағдайды бейбіт түрде реттеуге бағытталған жігер-ынтасының айқын көрінісі болып табылады.
Сирия халқына түскен ауыртпашылықты жеңілдету мақсатында сириялық босқындарға 700 мың доллардан астам қаражат бөлдік. Жақында 500 тонна азық-түлік және гуманитарлық көмек жөнелтілді. Астанадағы кездесу барлық мүдделі тараптардың БҰҰ аясында Женева келісімдерінің шеңберінде сириялық дағдарысқа қатысты оңтайлы шешім табуына қажетті алғышарттарды қамтамасыз етіп, Сирия жерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату ісіне лайықты үлес қосады деген сенім білдіремін.
Десе де дөңгелек үстелге жиылған Сирия Президенті Башар Асад режімі жақтастары мен оларға қарама-қарсы отырған оппозициялық ұйым жетекшілерінің қабақтары қатулы көрінді. Бұған дейін, Сириядағы саяси күштерді татуластыру мәселесі бойынша министр Әли Хайдар келіссөздердің төңірегіндегі атмосфера "жағымды емес" деп мәлімдеген болатын. Сирия бұл келіссөздерге "Дамаск диалогқа қарсы" деген түсінікті жоққа шығару үшін ғана қатысып отыр делінген.
Осы тұста сириялық саясаткер Basel Haj Jasem мырза мен түркиялық журналист, саяси-шолушы Доған Йылдыз бүгінгі түйткілді мәселеге байланысты "Abai.kz" порталына пікір білдірді.
Basel Haj Jasem, сириялық саясаткер:
- Бүгінгі кездесуден күтілетін үміт көп. Өйткені осы уақытқа дейін Сириядағы қанды қырғынды тоқтату мәселесін бірнеше мәрте талқылады. Әр тарап өз позицияларынан таймады. Ал Астанадағы кездесудің бір ерекшелігі Сириядағы оппозиция өкілдері мен Асадтың саяси билігі қалыптастырған жүйеде қызмет етеін адамдар бас қосып отыр. Олар бұрын бір үстел басында отырмаған адамдар. Сондай-ақ, бұл жиынға оппозиция ұйымы өкілдері әскери делегация жіберіп отыр. Астана процессі барысында екі тарап бітімге келеді деген үміт басым. Екіншіден Асад режімі мен оппозиция өкілдері бетпе-бет талықаулар жүргізбек. Бұл соғыс жүріп жатқан алты жылда бірінші рет болайын деп тұр. Яғни, тараптар тікелей келіссөздер жүргізбек. Бұл қанды қырғынның тоқтатылуына алғашқы бастама болары сөзсіз.
Доған Йылдыз, түркиялық саяси шолушы:
- Бүгінгі жиналыстан нақты шешім шығады деп күтпейміз. Бұл жерде бірінші кезекте Сирия оппозициясы мен Асад жақтастары арасындағы соғысты тоқтату мәселесі талқыланбақ.Және гуманитарлық көмектің Сирия халқына жеткізілуі мәселелері сөз болады. Бүгінгі кездесу өткен жылғы желтоқсан айындағы Ресей, Иран, Түркия арасындағы кездесудің жалғасы болып табылады. Ал енді өткенде Ресей СІМ Сергей Лавровтың айтқанындай, Астанада Сирия оппозициясы мен Асад жақтастары бір үстелде бас қосып отыр. Оның үстіне жиын бүгін жабық форматта өтіп жатыр. Кездесудің күн тәрбітін ешкім білмейді. Одан кейінгі мәселе Түркиядағы босқындар мәселесі бүгінгі жиында көтерілмейді деп есептеймін. Неге десеңіз, Еуропа жағы оларды қабылдаудан бас тартып отыр. Түркиядағы, Германиядағы жарылыстардан кейін ЕО мигранттарға басқаша қарай бастады. Түркияның өзінде қазір 4 миллионға жуық мигрант бар. Бұл ұзаққа созылатын проблема болмақ.
Нұргелді Әбдіғаниұлы