Бұғаусыз бағаға бақылау бола ма?
2016 ж. 04 қазан
3127
3
Қай қоғамда болсын адамға өмір сүру үшін бірінші кезекте азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек пен күнделікті тұтынатын қарапайым ғана тұрмыстық тауарлар аса қажет. Осы аталғандар болмаса тұрмыстың берекесі болмайды. Азық-түлік пен тұрмысқа қажет заттардың бағасы қолжетімсіз болса қоғамда әлеуметтік әурешіліктер басталып, саяси сергелдеңге ұласып кетуі әбден мүмкін. Бұл заңдылықты дәлелдеудің қажеті жоқ, оны біз күнделікті тұрмысымызда көріп келеміз. Кез келген тұрғы
нды түн ортасында түртіп оятсақ та бағаға деген базынасын ұйқылы-ояу күйінде айтып бере алады...
БҰҚАРА НЕ ДЕЙДІ?
Бүгінгі күні баға десе бәріміздің шашымыз тік тұратын болды. Дүкенге немесе базарға керек-жарағымызды алуға барарда «Кешегі баға секіріп кетпей орнында тұрса екен» деген бір ғана тілекпен шығамыз үйден. Секіргенде баға деген патшағар ешқашан төмен қарай басымен омақаса құламайды. Тым болмаса анда-санда бір саты төмен түсіп қойса да арман жоқ қой, үнемі өсіп, құйын көтерген қаңбақтай биіктей береді. Қандай да бір затқа бағаның төмендегенін көрдіңіздер ме? Жоқ, көрдім деп бірде-бір адам айта алмайды. Оған біздегі түрлі тұтыну тауарларының әр жылдардағы қымбаттау сызбасын келтіріп, тізімін толық ұсынып, мыңдаған нақты мысалдар келтіруге болушы еді. Бірақ оның қажеті қанша? Оны біздің тұрғындарымыз өздері де көздерін жұмып жатқа айтып бере алады. Бізге керегі – бағаның өсуі мен оның себептері және тұрақтандыру жолдары емес пе?
«Бұл – нарық заңы, осындай сауатсыз сұрақты қашанғы тықпалай бересіңдер?!» деп бізді ұялтпақ болған экономистердің «біліктілігін» де талай естігенбіз. Капиталистік қоғамдағы нарық заңдылықтарын теория жүзінде шетелде оқып-тоқып келгендер өнімнің шектен тыс өндірілуіне байланысты оған деген сұраныстың әлсірейтінін, сол өздері айтқан заңдылық бойынша бағаның төмендеу керектігін білмей ме? Білсе, өздері құран сөзіндей көретін сол киіз кітаптарында жазылған жаңағы заңдылықтың біз айтқан екінші бөлігі ұрандатқан нарықпен бірге біздің елге келмей, шетелде қалып қойған ба? Бағаның қымбаттауы мен қатар тауар құнының төмендеуі туралы заңдылықтарынан дәріс алмаған ба сол білгіштер. Мықты болса іс жүзінде осыған орай, бағаны тұрақтандыруға немесе оны сәл де болса түсіруге бағытталған бізде қандай да бір шараларды қолға алуға болатынын неге айтып көрсетпейді? Өмірлік тәжірибемізде неге іске асырмайды? Олар халықтың қаржысын шығындап шетелдік атақты білім ордаларында босқа оқымаған болар. Осындай «ғұламаларымыз» тұрғанда біз неге азық-түлікті қымбатқа алып қаражатымызды қор қылып жүрміз? Әлде біз шетімізден ақшамызды қайда шашарымызды білмей жүрген шіріген баймыз ба?
Бұл айтқанымыз – біздің қоғамда қалыптасқан жағдайға байланысты бағадан әбден шаршаған көптің көкейінде жүрген кейбір сұрақтар мен жалпы ой-пікірлер ғана. Онысын бұрыс деп те айта алмаймыз. Енді осы сұрақтар төңірегінде бұқарамен біріге отырып ой толғап, шама-шарқымыз жеткенше тамырына тереңірек үңіліп көрелікші. Әрине, негізгі сұрақ біздің қоғамдағы созылмалы бас ауруымыз – баға жайында болмақ. Дәлірек айтсақ, баға неге бұғаусыз, бақылаусыз кетті? Қайткенде оны төмендетіп, тіпті болмаса тұсаулап, тұрақтандыруға болады? Бұл мәселе біздегі әрбір адамды толғандыратынын білеміз. Тіпті шайлығын айтпағанда, миллион теңгеден асатын айлығы бар министрді де бей-жай қалдырмайды. Айына 30 мың теңге зейнетақы алатын зейнеткердің қасында министрдің қандай қымбатшылық болсын қылшығы да қисаймайтыны түсінікті. Содан да болар баға мәселесіне келгенде олар онша көп бас қатыра қоймайды. Ал, сол шенеуніктер айына 50 мың теңге айлық алатын болса баяғыда бұл түйінді тарқатар өтірік болса да бір жолын табатын еді немесе «Бала-шағамыз аш қалды!» деп көшеге шығып ереуілдетер еді.
БИЛІК НЕ БІТІРІП ОТЫР?
Алдын ала ескертіп қоялық, осы мәселені көтеруге жақында ғана өткен премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың өзі жүргізген Үкіметтің селекторлық отырысы түрткі болды. Мұндай ордалы отырыста бағаға байланысты мәселе алдындағы сегіз премьер-министрдің кезінде де талай рет айтылған. Бірақ нәтиже болған емес. Баға бұрынғыша биіктеп, халықтың сатып алу мүмкіндігі керісінше құлдырап келеді. Жиналыс өткізуден баға төмендесе біздің елде тауарлардың бәрі бүгін тегін таратылатын еді. Сөз бар, іс жоқ.
Бұл жолы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әлеуметтік маңызы бар тауарлар санатына жататын 33 түрлі азық-түліктің бағасы біршама көтерілгенін ашық айтты. Бізде баға құбылуына жол бермеу үшін еліміздің әр өңірінде тұрақтандыру қорлары құрылған. Бұл қорлар да нақты нәтиже бермеді. Қорлардағы азық-түліктің көлемі тым аз. Бұған жауапты әкімдер де салғырттық танытқан. «Азық-түлік тауарлары бағаларының өсу жағдайы жыл сайын қайталануда. Ал жергілікті атқарушы органдар осы жағдайды ескермейді, ішкі нарықта жағдайды тұрақтандыру үшін керекті шараларды уақытылы қабылдамайды. Бұл іс ұйымдастырусыз қалған. Біз 2015-2016 жылдар кезеңіндегі тұрақтандыру қорларының жұмысына талдау жасадық. Өңірлерде әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері бағасын реттеудің нарықтық тетіктерінің бірі – тұрақтандыру қорлары. Биылғы жылдың 25 - тамызындағы жағдай бойынша республика бойынша тұрақтандыру қорларындағы қалдық 33 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар, тұрақтандыру қорлары төмен бола тұра Ақмола, Ақтөбе, Павлодар облыстары және Астана мен Алматы қалалары ағымдағы жылы әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерін мүлдем сатып алмаған. Бұған қоса, барлық өңірлерде тұрақтандыру қорларын толтыруға арналып бөлінген ақшалай қаражаттар тиісті деңгейде қолданылмайды. Қорларының ағымдағы және депозиттік шоттарында жатқан 4 млрд. теңге бар» деді министр.
Қ.Бишімбаев баға өсіміне әсер ететін нарықтық емес факторларды атап, баға жөн-жосықсыз қойылатынын да айтты. Тіпті, тауарға қосылатын сауда үстемесі 200 пайыздан да асып кеткен деректер тіркелген. Айталық, республика бойынша орташа есеппен баға айырымының мәні кеспеге – 102, ұнтақ жармасына – 123, арпа жармасына – 147, сөкке – 175, күрішке – 116, сұлыға – 233, картопқа – 102, сәбізге – 130, басты пиязға – 154, қызылшаға – 140 пайызды құраған. Осы мәселеге орай еліміздің бірқатар өңірінің әкімі Үкімет басшысына есеп беріп, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында атқарып жатқан жұмыстары жайында баяндады. Премьер-министр бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жұмыстарында кемшіліктер жіберген әкімдерді сынап, оны реттеу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін баса айтты. Сағынтаев бұл қызметке енді келіп отыр. Сондықтан тоғызыншы Бас уәзір бұл бағытта белгілі бір нәтижеге қол жеткізеді деп сенгіміз келеді.
ЕНДІ НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?
Бағаның жиі көтерілуіне қатысты айтар уәжіміз жетерлік. Шеттегі нарық әсері, мұнай бағасының төмендеуі, шекаралас елдердің біздің арзан тауарларды түбімен көтеріп кетуі деген сияқты болып жалғаса береді. Шындап келгенде бұның бәрі – сыныққа айтар сылтау ғана. Соның бәрін реттеуге болады, ең бастысы ниет керек. Мысалы, сыртқы нарықтың әсерін отандық өнімдерді шығару арқылы бәсеңдетуге болады. Шекаралас елдерден қауіп күтетіндей біздің шекарамыз ашық-шашық жатыр ма? Қадағалау керек. Кеденде импортқа салынатын салықты төмендетсе нарықтағы баға да түседі. Біздің адамдар қазір тауарларды Қырғызстан арқылы әкелуде. Өйткені оларда кедендік салық бізден анағұрлым төмен. Артық қыламыз деп тыртық етіп келеміз. Енді осыған қоса көпшілік ұсынған кейбір пікірлерді қысқа ғана айта кетелік.
1.Біздегі нарықта ашық, әділ бәсеке жоқ. Сондықтан баға төмен түспейді. Ықпалдылар өз бизнесін көтеріп, өзгелерді басып, жаншып отырады.
2. Тауар өндірушілер өз еңбегіне тиесілі пайданы көре алмайды. Ортадағы делдалдар түк істемей оларға қарағанда көп пайда табады. Мал өсіруші еттің бір келісін 900 теңгеден тапсырса, базарда ол 1500 теңгеге бір-ақ көтеріледі. Сондықтан өндірушілердің фирмалық сауда орындарын ашып беріп, өздері тікелей сататындай жағдай жасау қажет. Сол сияқты электр қуаты өндірістен 2 теңгеден шықса тұтынушыларға жеткенше он есе қымбаттайды. Басқа да салаларда дәп осындай жағдай, ортадағы делдал компаниялардан аяқ алып жүре алмайсыз. Оларды барынша қысқарту керек.
3. Тауардың өзіндік құнын анықтап, бағаны, табиғи манополияны реттейтін құзырлы орындар дұрыс жұмыс істемейді. Пара алып бағаны ойларына келгенінше көтеруге жол береді. Осы мекеменің бұрынғы басшысы Мұрат Оспановтың сотталуы нақты дәлел.
4. Жаппай жайлаған жемқорлық та бағаға әсерін тигізеді. Онымен күресуде нәтиже жоқ. Лауазымдылардың өздері сотталып жатса басқалардан не күтуге болады?
5. Біздегі салықтық мөлшерлемелер тым жоғары. Ол өндірістің дамуына кедергі келтіреді.
6. Барлық сала бойынша бақылау жоқ. Бақылау жоқ жерде ұрлық өріс алады.
7. Бағаны көтермеу үшін қор құрып, қыруар қаржы бөлгенше осы мәселелерді қатаң бақылауға алып, дұрыс жолға қойса жағдай біршама түзелер еді. Осының бәрін халық арасында дұрыс идеологиялық жұмыс жүргізумен ұштастырсақ ұтар едік.
Бұл біздің тұрақты оқырмандарымыздың, яғни бұқара өкілдерінің қандай мәселеге баса көңіл бөлу керектігі жөніндегі пікірлері. Несі бар, айтылған ойларында назар аударарлық тұстары баршылық. Бұны билік басындағылар білмейді деу қисынсыз, дегенмен ел экономикасына жауапты лауазымдылар осыған қалай қарайды екен?..
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz