КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ: ӨРІС КҮН САЙЫН КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ
2016 ж. 22 тамыз
2615
0
Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлер құқығын қорғайды
Оңтүстік Қазақстан облысында шағын және орта кәсіпкерліктің қарқынды дамып келе жатқаны көпке аян. Бұл сала бойынша ауқымды жұмыстардың атқарылуына «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының да өз септігін тигізіп келе жатқанын айта кетуге тиіспіз. Әлбетте, бизнес саласы кең қанат жаюы үшін кәсіпкерлердің құқықтары өз дәрежесінде қорғалуы басты шарт. Өңірде жолға қойылған басты мәселенің бірі де осы.
Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облысында өткен баспасөз мәслихатында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының ОҚО бойынша секторының меңгерушісі, аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін бизнес-омбудсмен қызметімен жете таныстырды. Ел көлемінде 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап бизнес-омбудсменнің құқықтық мәртебесін айқындайтын ҚР Кәсіпкерлік кодексі күшіне енгендігі белгілі. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының аймақ бойынша сектор тізгінін ұстаған Ғазизбек Нәтбаев кодекске сай, бизнес-омбудсменнің жан-жақты өкілеттіліктерге ие екендігін атап көрсетті. Кәсіпкерлердің құқықтарын тікелей қорғау мүмкіндігіне ие бизнес-омбудсмен шенеуніктердің шешімдерін, сотқа дейінгі тергеудің ведомстволық актілерін тоқтату, бизнес-қауымдастықтың атынан талап-арыз беру және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін тікелей сотқа жүгіну сияқты жауапты міндеттерді атқара алады. Еліміздің кез-келген аймағындағы кәсіпкерлер өздерін толғандырған кейбір мәселелермен өз аймағындағы бизнес-омбудсмен мамандардың көмегіне жүгінуіне болады. Яғни, аталмыш мамандық иесі, жоғарғы дәреже мен кең ауқымды өкілеттіліктер қазақстандық бизнестің қордаланған мәселелерімен, шенеуніктердің өктемдік көрсетулерімен және заңнаманың жетілдірілмеген тұстарымен барынша тиімді күресе алады. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметіне ел Президентінің жарлығымен тағайындалған Болат Палымбетов республика бойынша кәсіпкерлік саласында ілкімді істердің атқарылуына ұйытқы болып келе жатқанын атап айтқан жөн. Жиын барысында жаңа мамандық қызметіне егжей-тегжейлі тоқталған Ғ.Нәтбаев бизнес-омбудсменнің мемлекеттік қызметкер санатына кірмейтінін және мемлекеттік органдардың пікірлерімен келіспеген жағдайда, ол кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қайта қалпына келтіру үшін прокуратура органдарына өтінішхат жолдай алатындығын да атап өтті. Сондай-ақ, бизнес-омбудсмен кәсіпкерлердің құқықтарына қайшы келетін заң нормаларының қосымша актілерін тоқтату өкілеттілігін де иеленеді. Егер кәсіпкерлік тұрғысында орын алған қандай да бір мәселе, мемлекеттік органдар деңгейінде шешілмеген жағдайда, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына үндеу жолдауға толық құқығы бар. Оның өз қызметін атқаруына заңсыз кедергі келтіруге жол берілмейді. Осы тұста, ескеретін бір жәйт – бизнес саласындағы осынау жаңа мамандық иесі кәсіпкерлер арасындағы қандай да бір келіспеушіліктерге араласа алмайды. Ол тек мемлекеттік органдар тарапынан олқылықтардың жіберілмеуін қадағалайды. Бұл ретте бизнес-омбудсменнің «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына кіретіндігін және палатамен бірлесе еңбек ететіндігін айта кеткеніміз артық болмас.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz