Бұл Дүниежүзілік банктен алынып отырған бірінші кредит - Бақыт Сұлтанов
2016 ж. 11 мамыр
2470
1
Қажеттілік туындаса Үкімет Дүниежүзілік банктен 2 млрд. долларға дейін қарыз ала алады. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті. Еске салсақ, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Ол бойынша Дүниежүзілік банк Қазақстанға макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілін арттыру саясатын қаржыландыру үшін 1 миллиард доллар мөлшерінде қарыз береді.
«Бұл Дүниежүзілік банктен алынып отырған бірінші кредит. Біз аталмыш банкпен қарыз аясындағы келіссөздерді 2013 жылы бастаған болатынбыз. 2014 жылы бюджеттің атқарылуы бойынша проблемалар орын алып, бюджетті екі мәрте нақтылаған едік. Былтыр да бюджетті екі мәрте түзеттік. Сондықтан да, әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуіне байланысты туындаған проблемалар орнықтылыққа, бюджеттің кіріс бөлігіне әсер етті», деді министр.
Оның айтуынша, осындай түсімдердің төмендеуіне байланысты бюджет тапшылығы былтыр үш пайызға дейін арттырылды. Биыл да тапшылық шамамен үш пайызға болжанған болатын.
«Әзірше бюджет тапшылығы бір пайыз шамасында тұрақтап отыр. Негізінен біз Дүниежүзілік банкпен келіссөздерді екі миллиард доллар көлемінде жүргізген болатынбыз. Сондықтан да бірінші кредит бойынша бір миллиард доллармен шектеліп отырмыз. Дегенмен, алдағы уақытта еліміз үшін тағы бір миллиард доллар алуға қажеттілік туындаса, онда біз оны тарта аламыз. Қазірше бұндай қажеттілік туып отырған жоқ, сондықтан бір миллиард доллармен шектелеміз», - деді Б. Сұлтанов.
Дерек көзі: Қазақпарат