ҚР Ұлттық банкі ақша айырбастау пункттеріне қатысты мәлімдеме жасады
2016 ж. 29 ақпан
2357
0
ҚР Ұлттық банкі ақша айырбастау пункттеріне қатысты мәлімдеме жасады, - дер хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі банктің баспасөз қызметінің өкілдеріне сілтеме жасап.
ҚР Ұлттық Банкі Басқармасы "Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 16 шілдедегі №144 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2016 жылғы 28 қаңтардағы №55 қаулысын бекітті, ол жақын арада жарияланатын болады. "Бұл өзгерістер мен толықтырулар бірінші кезекте айырбастау операцияларының айқындылығын арттыруға және халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында айырбастау пункттерінің үзіліссіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталады. Мәселен, айырбастау пункттері уәкілетті ұйымның айырбастау пунктінің кассасын қолма-қол ұлттық және (немесе) шетел валютасымен толықтыру үшін уәкілетті банкпен шарт жасауға міндетті. Яғни, егер айырбастау пунктінің кассасында шетел валютасы немесе теңге бітсе, уәкілетті ұйым өзімен тиісті шарт жасаған уәкілетті банкке шетел валютасын сатып алу немесе сату және өзінің айырбастау пунктінің кассасын толықтыру үшін жүгінуге тиіс. Бұл ретте осындай шарт бірнеше уәкілетті банкпен жасалуы мүмкін", - делінген банк хабарламасында.
Сонымен қатар, банктік емес айырбастау пункттерінің қаулы алғаш ресми жарияланғаннан кейін бір айдың ішінде уәкілетті банктермен тиісті шарттарды жасауға тиіс екендігі айтылады. "Сондай-ақ, 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін бағамдарды белгілеу туралы өкімді шығару уақытын Қазақстан қор биржасының жұмыс уақытына байланыстыру туралы норманың қолданылуы тоқтатылды. Яғни айырбастау пункттеріне демалыс және мереке күндері валюта нарығындағы өзгерістерді барабар көрсететін айырбастау бағамын белгілеу мүмкіндігі берілді. Бұл айырбастау пункттерінің жұмысында туындайтын іркілістерді жою үшін жасалды. Қабылданған қаулының қолданысқа енгізілуімен банктік және банктік емес айырбастау пункттері демалыс және мереке күндері шетел валютасын сатып алудың және сатудың белгіленген бағамдарын өзгертуге құқылы және тиісінше валютаның бір түрі бойынша сатып алу және сол сияқты сату кезінде әдеттегі режімде жұмыс істейтін болады", - деп хабарлады банк өкілдері. Сонымен қатар, ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға жәрдем беру және айырбастау операцияларының ашықтығын арттыру мақсатында сатып алынатын / сатылатын шетел валютасының жеке тұлғаның жүргізілген айырбастау операциялары бойынша сәйкестендіру деректерін тізілімдер журналында міндетті тіркеу талап етілетін шегі айырбастау операциясын жүргізу бағамы бойынша баламада 2 миллион теңгеден 1 миллион теңгеге дейін төмендетілді. Осылайша, жеке тұлғаға айырбастау пункті арқылы 1 миллион теңгеден астам сомаға айырбастау операциясын жүргізу үшін жеке басын куәландыратын құжатты ұсыну қажет. Егер айырбастау пунктінде клиентке валюта болмауына байланысты айырбастау операциясын жүргізуден бас тартылса, онда айырбастау пунктінің кассирі оның талабы бойынша айырбастау пунктінде жоқ болған валютаның түрі мен сомасын, анықтаманы беру күні мен уақытын көрсете отырып, еркін нысандағы анықтаманы беретінін еске саламыз.
"Кассир анықтамаға қол қояды және оны қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар заңды тұлғаның ішкі қағидаларында белгіленген тәртіпте тіркейді. Айырбастау пунктінің клиенті кейіннен Ұлттық Банктің филиалына жоғарыда берілген анықтаманы қоса бере отырып, айырбастау пунктіне шағымын беруге құқылы. Түсіндірмелер мен консультацияларды Алматы қ., Әйтеке би, 67 мекенжайы бойынша Ұлттық Банктің Қоғамдық қабылдау бөлмесінде, Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарында, сондай-ақ +7 (727) 2788 058, 2619-234 телефондары бойынша алуға болады", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.