Шетелмен ымыралас Төлешов есірткі плантациясын ұстай ма?
2016 ж. 05 ақпан
3952
7
Тоқтар Төлешовтің Ресейлік саяси және күштік құрылымдармен де ымыралас екені аян
Шымкент сыра зауытының қожайыны Тоқтар Төлешовке әзірше екі айып тағылды: Қылмыстық Кодекстің 266 бабының 3-тармағы (қылмыстық топты қаржыландырды, мүлкін сақтады, таратты, қаржыландыру көздерін ұйымдастырды) және 297 бабының 3-тармағы (есірткі заттары, психикаға әсер ететін дәрілер және сол сияқты заттарды заңсыз дайындады, өңдеді, сатып алды, сақтады, сату үшін тасымалдады).
Екі айыптың жүгі атан түйеге де ауыр. Бірақ саяси дода алдында басталған «сырашының ісі» бұл айыптармен шектеліп қалмайтын сияқты. Өйткені, Тоқтар Төлешовтің Ресейлік саяси және күштік құрылымдармен де ымыралас екені аян. Алысқа бармай-ақ, былтырғы ісіне назар аударып көрелік. 2015 жылдың 12 тамызында Сайрам ауданындағы «Бүркіт» әскери-спорт базасында дүркіреген той өтті. Бұл шара Тоқтар Төлешовтың әкесі Жүсіп қарияның 93 жасқа толу құрметіне орайластырды. «Кім той жасамай жатыр?» дерсіз.
Осы тоймен тұспа-тұс келген бір деталь болмаса, біз де мән бермес едік. «Халықаралық форум» деп әспеттелген шараға Ресейдің Әскери-теңіз күштері, Ресей арнайы жасағы, «Альфа», «Краповые береты», «Вымпел» элиталық бөлімшелерінің ардагерлері және Интерполдың Ресейлік бөлімшесінің жоғары кәсіби мамандары мен оққағарлары арнайы оқу-жаттығуларын өткізді. Ресейден келген әскери қонақтың ұзын саны 70-ке жуық. Бағдарлама бойынша парашюттен секіріп, қоян-қолтық ұрысқа түсіп, қысқадүмді қарумен атысу өнерін паш етті. «Біздің басты мақсатымыз – болашағымыздың сенімді қолда екенін дәлелдеу, — деді Ресей қаһарманы, полковник Александр Маргелов. – Сондықтан, Ресейде, таяу шет елдерге осылай шығып тұрамыз». Бәрінен бұрын бізді осы жолсапар туралы жан-жақты толғана жазған ресейлік журналистің мақаласы таң қалдырды: «Алматыдан Шымкент бағытына ұшаққа мінгенімізде стюардессалар таң қалды. Бейнебір бұл жолаушылар ұшағы емес, жорыққа аттанып бара жатқан әскерлер сияқты. Сымбатты, ұзын бойлы жігіттерге сұқтана қарады. Шындығында, ұшақтың ішіндегі адамдардың жартысынан астамы әскерилер еді», — деп тамсанады. Ресейлік дәл осы ұйым ардагерлерінің Таулы-Қарабақта, Донбасста, Қырымда белсенділікпен көзге түскені мәлім. Сондықтан, «қазағы қалың ортада бұл пақырлар не іздеді?» дейтін заңды сұрақ туады. Әлде, қыр көрсету ме? Онда, бұл қыр көрсетудің астарында не жатыр? Тоқтар Төлешов істі болысымен, әлеуметтік желідегі ресейшіл топ кезінде «сыра патшасынан» көрген шарапаттары туралы мақтап жаза бастады. Ең қызығы, қазақ тілді, ұлтшыл топ өкілдері мұндай мадақ айтудан әзірше аулақ. Бастапқы тағылған айыптарға оралсақ. Бірінші айып бойынша, күдікті «қылмыстық топты қаржыландырып отырған». Сәл шегініс жасасақ, Тоқтар Төлешов Шымкент сыра зауытына қожайын болып келмес бұрын, шамамен 1992 жылы зауыттың жанынан делдал компания құрып, бүкіл өнімді тұтынушыға үстемелеп, көтерме бағамен сатып отырды. Бизнес-империясы күшейгенде, зауыттың толық қожайыны болып шыға келді. Тағы бір ескерерлік мәселе – Тоқтар Төлешов 2005 жылғы Парламент сайлауы қарсаңында Сарыағаш өңірінен түскен ЖСДП партиясының кандидатын ашық қолдады. Бұл ісін биліктегілер кешірген шығар. Бірақ соңғы уақытта Ресейдің күштік құрылымдарымен тым жақындап, соңында «бұлшығын бұлтыңдата» бастады. Т.Төлешов құрған «Үдеу-Өрлеу» деген ұйымның жұмысы да күдікті. Еліміздің бүкіл аумағында бөлімшелері тіркелген. Бірақ нақты жұмысы, бағыты туралы мәлімет жоқ. Алыстан (көбінесе Ресейден) басқаратын фрилансерлер парақшалар ашып қойған. Біреуінде ұйымның сипатын «әлеуметтік ұйым» десе, екіншісінде «қоғамдық бірлестік» деп атаған. Ал үшіншісі (ресейлік дереккөздер) «Үдеу-Өрлеу» қоғамдық қозғалысы» деп атайды. Яғни, бұл ұйымның жұмысы астыртын әрекет жасаушы партияны еске салады. Тоқтар Төлешовтың Питерлік Олег Зенор деген блогерге берген сұхбатының мазмұны тіпті сұмдық. Тұрғындарының 80 пайызына жуығы мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін Оңтүстік тұрғындарын: «орыс тіліне қысым жасайды, шенеуніктері қасақана орыс тілін кері ысырады. Қазақ тілін білмейтіндерді мемлекеттік қызметке алмайды» деп шағына отырып, екі ұлттың арасына байқатпай от тастайды. Егер, Оңтүстік өңірдегі экономикалық жағдай, нарқытың нақты секторының дамуы туралы сөз қозғалса – бір сәрі. Анық одақтасам, бірге дамимын, көсегемізді бірге көгертеміз деген ниетті кісіге орыс тілінің мәселесінен басқа нәрсе жоқ па еді? Басқасы-басқа, бірақ коммунистік көзқарастан ажырамаған Т.Төлешов азшылықтың көпшілікке бағынуы тиіс теориясын білмеуі мүмкін емес. Статистикалық деректер бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысында орыс ұлтының үлес-салмағы 10 ақ пайыз. Оның жартысынан астамы қазақ тіліне өте жетік. Яғни, жоқ жерден проблема табу кім үшін, не үшін керек еді? Екінші айыпқа мән берсек — Т.Төлешовты «есірткі жасап, сақтаған, сатқан» дейді. Анығында, күдікті Т.Төлешов Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданы, «Сарыкөл» елді-мекеніне жақын, Сырдария мен Сарыкөлдің ортасындағы тоғайлы, құмшауыт, 15-20 гектар жерді жалға алған. Бұрын ол жерде Сарыкөлдік тұрғындар мал бағып, аң аулап, отын шабатын. Кейін, зауыт қожайыны әлгі аумақты түгелімен сым темірмен қоршап, ішінде бірнеше күзетші мен қабаған иттермен күзететін болды. Ұшқан құс, жүгірген аңды ішке кіргізбейді. Соңғы уақытта сол аралда есірткі плантациясының жайқалып тұрғаны жайлы ел арасында алып-қашпа әңгімелер көбейді. «Күзетшілер ауылдағы жасөспірімдерге есірткі әкеліп, тегін таратады», дейді. Мұншама әңгіменің рас-өтірігін тексерген ешкім жоқ. Бірақ әлгі аралға қатысты Сарыкөл тұрғындары бірнеше жерге арызданды. Арнайы заңдар бойынша өзен-көлдердің жағалауы жалға беріліп, сатылмауы тиіс. Бірақ күні ертең сол тоғайдың ішінде орыс солдаты Шымкенттің салқын сырасын ішіп жатпасына ешкім кепілдік бермейді…
Тоқтар Жақаш Дереккөзі - halyknews.kz