Балюта айырбастауды негізсіз тоқтатқан жағдайда заңмен жауап береді
2016 ж. 01 ақпан
2141
1
Қазақстанда қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларында айырбастау операцияларын жүргізуден негізсіз бас тартуға тыйым салынған. Егер айырбастау пункті операцияны кассада қажетті қолма-қол ақшаның болмауы себепті жүргізбесе, кассир операцияны жүргізуден бас тартылған адамға соманы және операцияны жүргізуден бас тарту уақытын көрсете отырып, анықтама беруі қажет, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.
Еркін бағам белгілеу жағдайында бір күн ішінде бағам күрт өзгерген кезде кейбір айырбастау пункттері белгілі бір валюталар бойынша операцияларды тоқтатып жатады. Мұндай жағдай 2016 жылғы 23 және 24 қаңтарда Алматы және Астана қалаларындағы айырбастау пункттерінде байқалды. Шекті маржаны кеңейту айырбастау пункттерінің валютаны сатып алу бағамын және сату бағамын белгілеудің икемдірек тәсілін қамтамасыз етіп, айырбастау пункттерінің жұмысындағы іркіліспен байланысты туындайтын мәселелерді жояды»,- делінген хабарламада.
Айырбастау пункттерінің жұмысына шағымды айырбастау пунктінің орналасқан жері бойынша Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарына беру керек. Айырбастау пункттері клиенттерінің аумақтық филиалға берілген жазбаша өтініші негізінде ғана айырбастау пунктінің қызметіне тексеру жүргізілетін болады. Өтініш беру нысаны міндетті түрде әрбір айырбастау пунктінің ақпараттық стендінде орналастырылады. Төменде Ұлттық банк аумақтық филиалдарының «жедел желілерінің» телефондары берілген, ол телефондар бойынша айырбастау пункттерінің қызметіндегі бұзушылықтар туралы хабарлар қалдыруға және орын алып отырған шағымдар бойынша жазбаша өтініштер беру мәселелері бойынша консультациялар алуға болады.
Еске сала кетсек, еркін өзгермелі айырбастау бағамының режіміне өткеннен соң және соның салдарынан болған бағам девальвациясынан кейін бұрын қолданыста болған қолма-қол шетел валютасының сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектері (АҚШ доллары үшін 2 теңге, еуро үшін 3 теңге) теңгенің айырбастау бағамының жаңа мәндеріне сәйкес келмейтін болды.
Осыған орай, 2016 жылғы 1 ақпаннан бастап бағамның жаңа мәндеріне тепе-тең түрде АҚШ долларын сатып алу бағамы мен сату бағамы арасындағы рұқсат етілген маржа 6 теңгеге дейін, ал еуро бойынша 7 теңгеге дейін ұлғайтылды (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 257 қаулысы).
Дерек көзі: ҚазАқпарат