Үкімет мұнай бағасының төмендеуі салдарынан ел бюджетін қайта қарауы мүмкін
2016 ж. 14 қаңтар
1793
0
Үкімет алдағы аптада мұнайдың әлемдік бағасының барреліне 20 доллардан төмен құлдырауы жағдайындағы экономиканың даму барысына қатысты сценарийді талқылайтын болады.
Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді деп жазады Қазақпарат.
«Былтыр мемлекет басшысы мұнай бағасының барреліне 30 және 20 долларға дейін құлдырау жағдайына қатысты нұсқаларды қарауды тапсырған болатын. Біз ондай жағдайларды да сараладық. Келесі аптада үкімет басшысының жетекшілігімен экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысы өтеді. Сонда біз бұл мәселені қарастыратын боламыз», – деді журналистер сауалына жауап берген Б.Сұлтанов.
Оның айтуынша, қалыптасқан жағдайға қатысты бюджет қайта қаралуы да мүмкін.
«Біз барлық параметрлерді қарастыратын боламыз, қазіргі нақты жағдайда мұнай баррелі 30 және 40 доллар шамасында болып отыр. Сондықтан да, осы сценарий шынайы жағдайды білдіреді», – деді министр.
Бұдан бөлек, Бақыт Сұлтанов мәжілістің кезектен тыс сайлауына қатысты мәселеге де түсінік беріп өтті.
«Бізде жыл сайын сайлауға қатысты 4 млрд теңге шамасында бюджет бекітіліп тұрады. Бұл өзгерістер сенатта, мәжілісте, мәслихаттарға, сондай ақ қайта сайлауларға қатысты болып отыр. 2016 жылға біздің бюджетте 4 миллиард теңге қарастырылған, бұл мәселе алда әлі де қаралуы мүмкін» – деді Сұлтанов.