ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ БІРІНШІ ТӨРАҒАСЫ: ТЕҢГЕДЕН БАС ТАРТУ – ӨЛІМ!

Ұлттық валютамыз теңге соңғы екі жылда бірнеше рет қолдан құнсыздандырылып, ел іші ала тайдай бүлінуде. Теңге бағамының төмендеуін экономикалық дағдарыс пен мұнай бағасының құлдырауымен байланыстырған Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығын реттеуге араласудан бас тартып, өткен айда теңгені «еркін айналымға» жіберді. Халықтың теңгеге деген сенімі жоғалып, күн сайын төл валютаның келешегіне деген үміт шоғы сөніп бара жатқандай. Түрлі пікір ұстанатын экономистер мен сарапшылар да бұл мәселеде «еркін» пікір білдіруде. Теңге айналасындағы күрделі ахуалды пайдаланып, Ресей, Белорусия, Қазақстан, Армения, Қырғызстан мүше болып отырған Еуразия экономикалық одағы елдері ортақ валютаға көшеді деген суық хабар да әр жерден қылаң беруде.  Өткен жұмада Қазақстан кәсіпкерлерінің тәуелсіз қауымдастығының президенті Талғат Ақуов мырза «Времия» газетіне берген «Даешь стране рубля!» сұхбатында қазіргі қалыптасқан қаржылық, экономикалық жағдайға байланысты Еуразиялық одақ елдері ортақ рубльді ортақ валюта ретінде қолдануды ұсынды. Т. Ақуов мырза атышулы сұхбатында рубльге көшудің «тиімді тұстарын» жан-жақты талдап берген. Қоғамда кәсіпкерлер қауымдастығы басшысының бұл пікірі наразылық туғызып, сынға ұшырауда. Қолдап пікір білдіріп жатқандар да аз емес. Қалай болғанда да бүгінгі қаржы нарығындағы қиындықтар ортақ валюта идеясын насихаттаушылар үшін қолайлы жағдай болып отыр. Осы ахуалды пайдаланып, кейбір сыртқы күштер ел ішінде қызу насихат жұмысын жүргізуі де мүмкін. Сол үшін қазақ мемлекеттілігіне бей-жай қарамайтын ел ағалары мұндай егемендікке қауіп төндіретін бастамаларға дер кезінде тосқауыл қоюы керек.

Бүгін Қазақстан Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы, танымал қаржыгер Ғалым Байназаров 365info медиа-порталына валюта нарығында қалыптасып отырған ахуал туралы сұхбат берді. Еліміздің алғашқы Бас банкирінің сол сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Ғалым Байназарұлы, ел ішінде теңгеден бас тартып, рубльге көшу керек деген пікір айтылуда. Ұлттық валютадан бас тарту ел тәуелсіздігі үшін өліммен тең деп ойламайсыз ба?

Әрине, қандай жағдай болмасын ұлттық валютадан бас тартуға болмайды. Дағдарыс – уақытша құбылыс. Бір сөзбен айтқанда, бүгін бар, ертең жоқ қиындықтар. Біз бірнеше дағдарысты бастан кешкенбіз. Бүгін қиналсақ, бір, екі жылдан соң жағдай оңалады. Қиындықтар тарих қойнауына кетеді. Біз бір күндік жағдайлармен өмір сүрмеуіміз керек.

Ұлттық валюта алғаш енгізілгенде теңге осынша құнсызданады деп ойладыңыз ба?

Ондай күдік болды. Себебі, кез келген валютаның қауқары ең алдымен экономика жағдайына байланысты.біз теңгені алғаш енгізген кезде жағдай мүлдем басқаша еді. Бірақ, ол кезде экономикалық құрылым да басқаша еді. Тіпті, ол кездегі жағдайымыз әлдеқайда жақсы еді деген болар ем. Ол кезде экономиканың кейбір салалары «тірі» еді, қазіргідей тек мұнайға тәуелділік болмады. Сондықтан, Үкімет ең алдымен бүгінгі экономикалық құрылымды оңалту жайын ойлауы керек.

Мұнайға тәуелді емес елдердің экономикасы қалай дамуда? Қытай, Үндістан, тіпті АҚШ пен Еуропа елдерін алайық. Дағдарыс әлем бойынша жүріп жатыр. Бірақ, әлгі елдерге шикізат бағасы қатты әсер етіп отырған жоқ. Арзан мұнай оларға қайта жаңа мүмкіндіктер беруде.

Яғни, шикізат экспорттамайтын дамыған елдер арзан шикізат есебінен байи түсуде дейсіз бе?

Дұрыс айтасыз. Барлық мәселеде теңгерім болуы керек. Нарық әлемі осылай құрылған.

Сіз кезінде Ұлттық банкті басқардыңыз. Бас банктің бүгінгі басшылығының қызметіне қандай баға берер едіңіз? Теңге бағамының құлдырауын Ұлттық банк басшыларының кәсіби деңгейімен байланыстыруға бола ма? Ұлттық банк тарихындағы ең жас басшы туралы қандай пікірдесіз?

Кәсіби біліктілік те, тәжірибе де, салиқалы жас та керек. Бұл салада бұрын қызмет атқармаған бала-шағаны Ұлттық банк төрағасы етіп тағайындауға болмайды. Құдайға шүкір, Ақышев мырза бұл жүйеде біршама тәжірибесі бар маман. Бірақ, бұл назарға ілінуі тиіс талаптардың біреуі ғана. Қазіргі ахуал өте күрделі, ал, Ұлттық банктің жас басшысы үшін тіпті қиын болып отыр. Өйткені, теңге еркін айналымға жіберілді. Ол дегеніңіз ұлттық валютаның билігі Бас банктің емес, экономиканың қолында дегенді білдіреді.

Сонда теңгенің ендігі тағдыры Ұлттық банк басшысының біліктілігіне емес, Үкімет жұмысына байланысты болмақ па?

Еркін айналымға жіберілген соң теңге бағамы Ұлттық банктің қадағалау құзыретінен тыс қалып отыр. Ақышевтің өз міндеті бар, әрине. Ол валюта нарығында «ауа райын» жасап отырғандарға қарауы керек. Мұнай бағасынан басқа теңге бағамына әсер ететін спекулянттардың жұмысы бар. Ұлттық банк спекулянттарды анықтап, соларды жауапқа тартуы керек.

Сонда, біздің биржада спекулянттар бар деп ойлайсыз ба?

Тек қазақстандық емес, кез келген қор нарығында, тіпті, әлемдік нарықта спекулянттық әрекеттер болады. Себебі, бұл нарықта нақты экономикаға қатысы жоқ спекулятивті ақша айналымы бар. Оның көлемі нақты экономикадағы ақшадан әлдеқайда көп. Осы еркін ақшалар валюта бағамын, мұнай бағасын қалыптастырып отыр. Бүкіл әлем бүгінде осы құбылыспен күресуде. Мысалы, Францияда спекулянттар жағымсыз бейнедегі алаяқтар емес, арнайы маман саналады. Нарықтық экономиканың бет-бейнесі осындай болып отыр. Біз осыған сай әрекет қылуымыз керек. Нарық заңына таң қалып отыру, қол қусырып қалу жөн емес. Сондықтан, Ұлттық банк өз ұстанымын білдіруі керек. Әсіресе, валюта нарығындағы саудадан түскен қаражат қайда кетуде? Шекара асып жатқан жоқ па? Бұл мәселе ірі экспорттық компанияларға қатысты.

Ал, егер Ұлттық банк мұндай жағдайлармен күреспесе оны қалай бағалаймыз?

Мұның бірнеше себептері бар. Бұл ең алдымен Бас банкирдің бастамашылдығына, ерік-жігеріне байланысты. Сондай-ақ, басқа да міндеттемелер болуы мүмкін. Тіпті, заңнамалардың кемшілігі, Ұлттық банк қызметінің тәуелсіздігі сынды мәселелер де болуы мүмкін. Мен Ақышев өз міндеттерін атқара алмай отыр демес едім. Осы жылды аяқтап келер жылы нақты жоспармен әрекет қылады деп сенемін.

Сұхбатыңызыға рахмет!

«Қамшы»