Жылжымайтын мүліктің құны 30%-ға түседі
2015 ж. 24 қараша
2182
1
Қазақстандық жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов NUR.KZ редакциясына жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай туралы баяндап, тұрғын үй құнының өзгеруіне қатысты өз болжамдарын жасады.
Оның айтуынша, қазақстандық жылжымайтын мүлік нарығындағы сатылымның өсуі туралы статистика мәліметтері шынайы жағдайды көрсетпейді. Сатылым тек тұрғынүйді мемлекеттік бағдарлама есебінен сатудың арқасында өсіп жатыр. Ал шын мәнісінде жылжымайтын мүлікті сатып алу келісімшарттарының саны күрт азайған.
«Статистка бойынша комитеттің берген мәліметіндегі жылжымайтын мүлікті сатудың көбеюі шын мәнісінде тек елде мемлекеттік тұрғынүй жобаларын іске асыру негізінде орындалып жатыр. Мысал ретінде «Қолжетімді тұрғынүй» мемлекеттік бағдарламасымен жасалған бір келісімшартты айта аламын. Оның аясында “Самұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры бүгінде Алматыда «Асыл Арман» атты ірі тұрғынүй кешенін салып жатыр. Онда 5 088 пәтер бар – жалпы ауданы 302 974 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта алғашқы кезекте тұрғандардың легі 2000-нан астам пәтерге жайғастырылды. Мемлекеттік бағдарлама тек белгілі бір қазақстандықтардың легін ғана қамтитынын түсіну керек. Бұл пәтерлер қолжетімді бағамен қойылған. Онымен қоса мемлекет оны тұрғындарға біртіндеп сатып алу шартымен де береді», – дейді сарапшы.
Ол сонымен қатар алдағы уақытта тұрғынүйдің бағасы қандай болатынына болжам жасады.
«Сатушылар ағымдағы жылдың аяғы мен келесі жылдың алғашқы жартысында ғана тұрғынүй құнын доллармен шаққанда 30-40%-ға төмендету керектігін ұға бастайды. Ескі бағаны 2016 жылдың аяғына дейін өзгерткісі келмейтіндер де табылуы мүмкін. Қазақстандық жылжымайтын мүлік федерацияысының болжамдары бойынша, 2016 жылдың көктеміне қарай еліміздегі жылжымайтын мүліктің құны кемінде 30%-ға түседі», – дейді сарапшы.
Ал жалға беру нарығында ескі бағаға байланғандар өз клиенттерін жоғалтады деп санайды маман.