Астананың қоғамдық көліктерінде электронды төлем жүйесі енгізілмек
2015 ж. 11 тамыз
1749
2
Астана қаласында қоғамдық көліктердегі төлем жүйесін электронды түрге көшіру ағымдағы жылдың соңына қарай жүзеге асыру жоспарланған. Осыған байланысты тамыздың 1-нен бастап жеңілдіктерге ие тұрғындар санаты үшін арнайы төлем карточкаларына фотоға түсу шарасы басталып кетті.
Елорда тұрғындарының аталмыш тобы жергілікті атқарушы биліктің шешімімен қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығына ие болады. Бүгінгі таңда жеңілдіктерге ие тұрғындар тізімінде тіркелген 86 мың адамның 20 мыңға жуығы фотоға түсіп үлгерді.
Сергей Попов, "Астана ЛРТ" ЖШС ІТ-технологиялар және байланыс бөлімінің жетекшісі:
- Біздің компания қазіргі уақытта Астана бойынша ІТС жүйесін енгізумен айналысуда. Бұл - интеллектуалды көлік жүйесі. Соның нәтижесінде қоғамдық көліктердегі қызмет көрсету сапасы жақсарады деп күтілуде.
Қазіргі уақытта автобустарда Еуропадан сатып алынған арнайы валидаторлар орнатылуда. Сонымен қатар, электронды төлем жүйесін іске қосардың алдында қала бойынша арнайы автоматтар орнатылмақ. Аталмыш автоматтар арқылы тұрғындар бір реттік және ұзақ мерзімді жол жүру билеттерін сатып ала алады.
Сергей Попов, "Астана ЛРТ" ЖШС ІТ-технологиялар және байланыс бөлімінің жетекшісі:
- Кондукторларды жұмыстан қысқарту көзделмеген. Олар консультант қызметін атқарады. Біліктілікті арттыру орталықтарында олар арнайы оқудан өтеді.
astana.gov.kz