Cарапшылар Ұлттық банктің соңғы шешімін – биліктің “абдырауы” деп атады
2015 ж. 20 шілде
2338
2
Теңгенің долларға шаққандағы бағамының ауытқу шегі бес пайыздан көп мөлшерде кеңейді. Мұның мәнін түсіндірген кейбір сарапшылар биліктің бұл шешімін “кеш әрі кемшін” дейді.
Қазақстан Ұлттық банкі теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамының жаңа ауытқу шегін жария етті. Ең жоғарғы ауытқу шегі бір доллар үшін 198 теңге деп белгіленді. Бұған дейінгі ең жоғарғы ауытқу шегі 170-188 теңге болған.
15 шілдеде Астанада өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов қазір шетел валютасына “жоғары сұраныс қалыптастыруға себептер жоқ” екенін, алдағы тоқсанда доллар бағамы 190 теңгеден асуы неғайбіл екенін айтты.
Ұлттық банк валюта бағамын біртіндеп және жеңіл түрде өзгерту саясаты “экономикада девальвациялық көңіл-күйдің қалыптасу қаупін кәдімгідей азайтып 2009 және 2014 жылдарда болғандай валюта бағамын бір сәтте күрт өзгертуге мәжбүр етпейді” деген сенімде.
Азаттыққа Ұлттық банктің валюта бағамының ауытқу шегін кеңейту шешіміне қатысты түсінік берген сарапшылар бұл биліктің “абдырап қалғанын” көрсетеді дейді.“Сірә, елдің саяси және экономикалық басшылығы кібіртіктеп тұрған сияқты. Олар валюталық резервті жұмсамау тәсілдерін табуға тырысып жатыр, бірақ ондай тәсіл жоқ. Таяуда президент Назарбаев үкіметке өз резервтерін іздеп, ұлттық қордағы қаржыны үнемдеу қажетін айтты. Әйтпесе “Нұрлы жол” бағдарламасы сол жақтан ақша алуға құрылған ғой. Барлық шикізат парадигмасы түгесіліп жатыр, енді басқа тәсілдерді іздеу қажет. Ал бұған үкімет дайын емес. Ең өкінішті жайт – теңгені әлсіретуден нәтиже шықпайды. Егер билікте теңге бағамы арқылы айла-амал жасаудан басқа жол жоқ болса, онда бұл биліктің абдырап қалғанын көрсетеді”, – дейді экономист Петр Своик.
“Мұны (айырбас бағамының ауытқу шегін кеңейтуді) 2014 жылдың қараша-желтоқсанында-ақ жасау керек еді. Ол кезде мұнай бағасы арзандап, рубль құны екі есеге жуық құлдыраған. Менің есебімше, бір долларға шаққандағы теңге бағамын 350 теңгеге дейін құнсыздандыру қажет. Бірақ ешқашан істемегеннен гөрі кеш болса да істеген пайдалы. Девальвация не үшін қажет? Себебі Еуразия экономикалық одағы аясында Ресей өнімдері Қазақстан нарығына кедергісіз кіріп жатыр. Рубльдің долларға шаққандағы бағамы арзандағандықтан ресейлік тауарлардың өзіндік құны да доллармен алғанда екі есеге арзандады”, – дейді сарапшы.
Девальвация жасау керек және жұрт мұны түсінуі тиіс. Егер біз девальвация жасамасақ, онда жұмыссыз қаламыз. Өндіріс тоқтайды, барлығымыз ресейлік тауарларды тұтынып кетеміз.Ал азаматтық белсенді, экономист Мұхтар Тайжан: “Өткен жылы барлығы бұған жауап шаралары жасалады деп күтті. Девальвация жасау керек және жұрт мұны түсінуі тиіс. Егер біз девальвация жасамасақ, онда жұмыссыз қаламыз. Өндіріс тоқтайды, барлығымыз ресейлік тауарларды тұтынып кетеміз. Ал олардың бизнесмендері біздің барлық өндірісімізді төмен бағаға сатып алады. Бұдан өзге, Дүниежүзілік банк мәліметі бойынша, біз теңге бағамын ұстап тұру үшін 17 милилард доллар жұмсаппыз. Қазақстанның жарты жылдық бюджетінен асып кететін қаржы желге ұшқан”, – дейді экономист, азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан.
Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры, бұрын Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі болған Олжас Құдайбергенов те Facebook-тегі парақшасында валюта бағамының ауытқу шегінің кеңеюіне қатысты комментарий жазды.
“Күрт девальвация жасау сценариі қарастырылып жатқан жоқ, бұл дұрыс. Оның үстіне, теңге бағамының бір қалыпты арзандауы мәселені ушықтырмайды. Мәлімденген сценарий теңгенің долларға шаққандағы бағамын айына 0,5-1 пайыз көлемінде арзандатуды көздейді. Бұл қазіргі сыртқы жағдайлар өзгермесе ауытқу шегінің қолданыс мерзімін келесі жылдың ортасы, тіпті соңына дейін соза тұруға мүмкіндік береді. Егер Ұлттық банк мәлімдегенін іске асыра алса, онда ол өзіне деген сенімді қайта қалпына келтіріп, тіпті бұл саясатын алдағы жылдарда да жалғастыра бермек. Жалпы бұл сценарий қазіргі жағдайда экономика үшін “алтын орта” болып саналады” деп жазды Олжас Құдайберген.
“Қараша айына қарай Ираннан санкциялар алынып, мұнай бағасы тағы арзандайды. Ол уақытқа дейін біз бағамның баяу түрде төмендей беретініне куә боламыз. Ал күзге қарай барлығы күрт өзгеруі мүмкін. Қазіргі мұнай бағасының арзандауы – қолдан жасалған нәрсе”, – дейді мұнай-газ саласының маманы Сергей Смирнов.
Дереккөз: Азаттық