Депутаттар жұмыс аптасын 4 күнге дейін қысқарту мәселесін қарастыруға дайын
2014 ж. 08 қазан
1794
2
Қазақстандық депутаттар біздің елімізде жұмыс аптасын 4 күнге дейін қысқарту мәселесін қарастыруға дайын. Бірақ бұл сұрақ мемлекет алдында тұрған стратегиялық міндеттерді ескере отырып, жан-жақты зерттеуді талап етеді.
Бұл туралы Алматы арнасы хабарлайды.
Аталмыш жаңа ереже әйелдер қауымына тиімді болмақ деп есептейді Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Ферхо.
"Мен аталмыш өзгертулерге қарсы емеспін. Бірақ ол үшін алдымен жеке-жеке жағдайларды қарастыру қажет. Менің ойымша, бұл жұмыс істейтін әйелдерге тиімді болмақ. Олар мансаппен қатар бала тәрбиесіне де, отбасына да уақытылы көңіл бөліп отыруы қажет. Десе де, ұстаз ретінде мектептер қалай жұмыс істейтіндігі алаңдатады. Сұрақты экономика және әлеуметтік тұрғыдан қарастырған жөн. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі зерттеу жүргізгендігі абзал. Демалыс жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қажет", - деді Светлана Ферхо.
Ал мәжілісмен Камал Бұрхановтың айтуынша, Халықаралық еңбек ұйымының бұл идеясы негізсіз.
"ХЕҰ-ның бұл идеясы қызметкерлердің санын көбейтеді. Яғни, бұл бастама негізсіз. Қазақстан қазір 2050 бағдарламасын іске асыру үшін көп жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан, менің ойымша біз көп жұмыс істеуіміз керек", - деді Бұрханов.