Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасының дамуына $2,5 млрд бөлмек
2014 ж. 04 мамыр
2359
1
Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасын әртараптандыруға 2,5 млрд доллар бөледі. Бұл туралы халықаралық банк басшылығы Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде мәлімдеді.
Дүниежүзілік банк тобы ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қолдау көрсетпек. Әсіресе экономиканың шикізаттық емес секторына, кәсіпкерлік пен инновацияларды дамытуға, шағын және орта бизнесті дамытуға ден қойылды.
Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша вице-президенті Лора Так ынтымақтастықты арттыру жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге қол қойды.
"Жаңа келісімнің мақсаты - Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға қолдау көрсету және де біз Қазақстан экономикасы қарыштап дамыған, табыс көзі жоғары, азаматтарының барлық жағдайы жасалған елге айналуы үшін әрі қарай да көмек көрсетуге ынталымыз", - деді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша вице-президенті Лора Так.
ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың мәлімдеуінше, Қазақстан шикізаттық емес экономика сектораларына инвестиция тарту жағынан, жеке меншік бизнесті даму, орта, кіші бизнесті қолдау жағынан, адами капиталды даму жағынан, финанс секторы даму жағынан, ең басты маңызды мақсаттарды келісімге енгізді.
Мемлекет басшысы ынтымақтастық жеті бағытта жүзеге асырылатынын, олардың әрқайсысына жеке бағдарлама әзірленетінін атап өтті. Келісімді қысқа мерзімде іске асыру үшін Үйлестіруші кеңес құрылып, оған барлық мүдделі тараптардың өкілдері кірді. Жобаны басқару ісі Премьер-министр Кәрім Мәсімовке жүктелді.