Келімбетов банктерде теңге де, доллар да жетеді деп сендірді
2014 ж. 20 ақпан
2841
3
Биылғы жыл әлемдік экономиканы үлкен сынаққа алды. Дамушы ел түгіл, дамыған елдердің экономикалық өсім қарқыны күрт бәсеңсіді. Біраз мемлекеттің ұлттық валютасы девальвацияға ұшырады. Бұл көштен Қазақстанның да қалыс қалуына мүмкін болмады. Сөйтіп бір апта бұрын елімізде теңге 19 пайызға құнсызданды. Осы оқиғаға байланысты халық қобалжуын базбіреулер пайдаланып, отқа май құйғандай, өсек-аяңмен отандық банк жүйесіне ши жүгіртіп жатқан жайы бар. Жалпы, теңге девальвациясымен байланысты қоғамдағы бар мәселелерге қатысты түсініктемені қамтып, бүгін еліміздің бас банкирі Қайрат Келімбетов мырза «Алаш айнасы» газетіне арнайы сұхбат беріпті...
– Қайрат Нематұлы, жуырдағы теңге девальвациясы халықты біршама қобалжытты. Жалпы, ақша саясатындағы өзгерістің Қазақстаннан гөрі сыртқы факторлармен тығыз байланысты екенін фактілермен, цифрмен нақтылай түсуге бола ма?..
– Ашық экономика құрғандықтан, өзімізбен қарым-қатынастағы мемлекеттердің, әлемдік экономиканың өзгерістері бізге міндетті түрде әсер етеді. Бұл жолғы теңге курсының өзгеруі - осының айқын дәлелі. Мысалы, 2007 жылдан кейін көп мемлекетте дағдарыс орын алғаны белгілі. Сол дағдарыстың салдарын жою бойынша іс қалтқысыз жүргізе алмаған Еуропа мемлекеттері қазір өте қиын жағдайда отыр. Тіпті, қарқынды дамыған Қытай экономикасы осыған байланысты іркіліс жасауда. Ресей экономикасының өсімі мардымды емес. Мұның барлығы бізге жанама түрде ықпал етеді. Өйткені олар – сауда-саттық бойынша Қазақстанның бас әріптес-мемлекеттері.
Қазір АҚШ-тың жағдайы түзеле бастады, әрине, сондықтан да, бұған дейін дамушы елдерге қаржыларын инвестиция ретінде әкелген инвесторлар қайтадан кері - АҚШ-қа қайта бастады. Осыған байланысты биылғы жылғы қаңтар айының ішінде 22 дамушы елдің валюта курсы долларға қарағанда төмендеді. Соның ішінде Ресейдің де. 2013 жылы Ресей рублі тура 7 пайызға төмендесе, тек осы жылғы бір айда АҚШ долларына шаққандағы кұны 35 рубльге дейін құлдырады. Бұл БРИКС өзге елдеріне тән жағдай болмақ. Осы мәселенгің барлығын зерттей келе, бізге, Қазақстанға да теңгенің курсына өзгеріс жасауға тура келді. Аталған жағдайларды біз алты ай бойына жіті зерттеп, сараптадық, соның ішінде еліміздің төлем балансына қатысты мәліметтерді де есепке алдық...
– Алайда еліміздің 2013 жылғы төлем балансы оң сальдоға ие болды ғой...
– 2013 жылы біздің экспортымыз қысқарған. Төлем балансы сальдосы оң болғанына қарамастан 2013 жылғы еліміздің төлем балансы көрсеткіштері 2012 жылдағымен салыстырғанда әлдеқайда нашарлау боп шықты. Мысалы, 2013 жылы Қазақстан экспорт көлемі 4,5 пайызға азайған, ал импорт, керісінше алдыңғы жылдағысына қарағанда 5 пайыздан кем. Валюта бағамы, яғни 1 АҚШ доллары 153-155 теңгемен бағаланған кезде, 2014 жылы жалпы, тауар және қызмет көрсету импорты одан әрмен қарқын алып, 2013 жылмен салыстырғанда 10 пайызға көтерілер еді. Сондықтан 1 АҚШ долларының жаңа бағамы 185 теңге, ал оның ауытқу деңгейі ±2 теңге деп белгіленді. Теңгенің осы жаңа курсына сай 2014 жылы импорттың бағамы былтырғы дәрежесінде қалады.
Біздіңше, бұл өзгеріс болашақта төлем балансын жақсартуға септігін тигізеді. Нақтырақ айтқанда, экспортқа өнім шығаратын және ел ішінде импортты алмастыратын тауар өндірушілерді қолдау үшін жалпы валюта саясатына өзгерістер енгізілді.
– Ал сыртқы нарықтағы жағдайлар түзелмесе теңге девальвациясы тағы қайталануы мүмкін бе?
– Дамушы елдер валютасының әлсіреу процесі әлі жалғаса түседі. Өйткені АҚШ-тың Федеральдық жүйе саясаты өзгерді, сондықтан дамушы елдерден инвесторлардың жаппай кетуі байқалады. Меніңше, осы құбылыс ақырындап жалғаса береді.
Ал Қазақстанға келетін болсақ, бұл ретте сауда-саттық бойынша бас әріптес-мемлекеттеріміздің экономикасындағы өзгерістер маңызды. Еуропа рецессиядан тұрақты шыға ала ма? Ресейдің өсім көрсеткіші аса жоғары болып тұрған жоқ, ал Қытай жоғары өсімге аса сенімді емес. Сондықтан 2014 жылғы ақша саясатында осы қауіп-қатерлер де негізге алынды. Үкімет отырысында да Ұлттық банктің таңдап алған 1 АҚШ долларының ұлттық валютаға шаққандағы бағамы –185 теңге 2014 жыл үшін төзімді модель болады деп баға берілді. Демек, біз орташа мерзімдегі болашаққа нық сеніммен қараймыз.
– Төзімділікті шамамен қанша жылға бағалауға болады?..
– Бұл ретте 2009 жылы ақпанда жүргізілген девальвацияны мысалға келтіруге болады. Оның төзімділік қоры 4-5 жылды құраған болатын...
– Ақша саясатына қатысты шешімде болашақ тәуекелдер ескерілді дедіңіз. Демек, енді дамушы елдердегі, мысалы көршінің рубліне қатысты өзгеріс теңгеге еш әсер етпейді деп айтуға негіз бар ғой...
– Иә. Ресей рубліне қатысты орташа мерзімдегі өзгерістер теңгеге әсер етпейді.
– Девальвация бюджет тапшылығын жоя ала ма?
– Белгілі бір деңгейде бюджет тапшылығы жойылады. Мәселен, Экономика министрлігі теңге бағамының өзгеруінен республикалық бюджетке 130 млрд теңге түсетінін, кедендік салық пен алымның артатынын айтты. Ал қаржы министрлігі жалпы ішкі өнім көлемінің өсетінін болжады.
Расын айту керек, бұл шарадан отандық тауар өндірушілер, экспорт және импорт алмастыру саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер ұтады. Ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп салаларына да ол пайдалы болмақ. Кеден Одағы аясындағы кәсіпкерлердің позициясы артады. Бұл шара – біздің экономиканың бәсекеге қабілеттілігін, жалпы экономиканың тиімділігін арттырады.
– Алайда қазір қоғамда «Каспий банк, Центркредит банк және Альянс банк банкрот болады» деген өсек-аяң белең алған. Мұны қалай түсіндіруге болады?
– Өздеріңіз де көрген боларсыздар, ұялы телефон арқылы қысқа хабарламалар таратылды, ол ақпарат негізсіз, жалған, біздің банк жүйесінде дүрбелең туғызуға бағытталған. Ұлттық Банк құқық қорғау органдарына хабарласып, осы секілді арандатушылық жайттардың алдын кесу бойынша іс-қимыл жасауды сұрады.
Қазір елдің барлық банктерінде ұлттық валюта да, шетел валютасы да жеткілікті, ал егер тіпті қажет болып жатса, Ұлттық банк қажетті қаржымен қамтамасыз ете алады. Сіз өзіңіз де білесіз ғой, мемлекет кез-келген жеке тұлғаның банкке салған қаржысын қамсыздандыру бойынша арнайы заң қабылдаған. Сондықтан, әлеуметке айтарымыз – ондай арандатушы жайттарға еш назар аудармаңыздар!
– Қалай дегенмен де бұл өзгеріс базардағы бағаға әсер етпей қоймайды. Жалпы, қатты құнсыздануды болдырмау шаралары қарастырылып жатыр ма?
– Өткен жылы Қазақстан тарихында рекордтық ең төменгі инфляция көрсеткішіне қол жеткіздік: 4,8 пайыз! Ал биыл жаңа ақша бағамына қатысты біз инфляция деңгейі 6-8 пайыз аралығын қамтиды деп болжап отырмыз. Әрине, құнсызданудың күш алуына түрткі болар факторлар баршылық, алайда біз Үкіметпен болжанған инфляция деңгейін қамтамасыз ету үшін бірқатар шараларды қолдану турасын ақылдастық, соның ішінде табиғи монополиялар тарифін ауыздықтау да қарастырылған. Жалпы, нарықтағы баға, негізінен, тарифтерге сүйенетіндігі белгілі. Сондықтан біз осы мәселеге айырықша көңіл бөліп отырмыз.
– Тұщымды жауаптарыңызға ризашылығымызды білдіреміз!
Кәмшат Сатиева, "Алаш айнасы"