Теңгеге қауіп төнсе, Ұлттық банк валюталық интервенция жасауға құқылы - Әбілқасымова
2019 ж. 06 маусым
4684
0
Ұлттық банк теңге қатты құнсызданса, интервенция жасайтынын айтты, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Доллардың қымбаттауына мұнай бағасының түсуі себеп. Ұлттық банктегілер теңгенің құнсыздануын осылай түсіндірді. Бірақ олар тағы девальвация болады деп қауіптенудің қажеті жоқ екенін айтады.
Бір доллар үшін 386-387 теңге. Ақша айырбастау орталықтарындағы баға осындай. АҚШ ақшасы күн сайын шарықтап барады. 5 күнде 5 теңгеге қымбаттап үлгерді. Ал Ұлттық банк төл ақшамыздың құнсыздануына мұнай бағасы себеп дейді. Өйткені "қара алтынның" құны соңғы күндері шамамен 10 долларға арзандап, баррелі 61 доллардан сатылып жатыр. Десе де, Ұлттық банк теңгенің шамадан тыс арзандап кетуіне жол бермейміз деп сендіріп отыр.
"Әлемдегі сауда текетіресінің күшеюінен Brent маркалы мұнайдың бағасы түсті. Тиісінше бұл теңгемізге әсер етіп отыр. Валютамызға қауіп төнсе, Ұлттық банк валюталық интервенция жасауға құқылы. Жағдайды бақылап отырмыз", - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Мадина Әбілқасымова.