Елінің бағына туған озық ойлы алғыр азамат – Садықбек Сапарбеков 1902 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Балапантөбе деген жерде дүниеге келген. Әкесі кедей шаруа болған. Жастайынан зерек болып өскен Садықбекті Жаңақорғандағы «Қыш мектепке» (қазіргі М.Қаратаев атындағы мектеп) орыс класына береді. Ол мұнда 1912-1917 жылдар аралығында тәлім-тәрбие алады.
Жаңақорғандағы орыс мектебінде біршама оқып, едәуір сауатын ашып, дәріс алған соң Садықбек енді Ақмешітке (қазіргі Қызылорда) келеді. Осындағы орыс мектебінде білімін одан әрі жалғастырады. Осы кезеңде әке-шешеден бірдей айырылып, тұрмыс жағдайы тым қиындап кеткен сәтте Ақмешіт ревкомының мүшесі, В.И.Лениннің алдын көрген Хұсейін Ибрагимов деген кісіге барып, одан қолдау табады. Ақшалай көмек те береді. Біршама уақыт балалар үйінде тәрбиеленеді. 1917-1919 жылдар аралығында білімін көтере жүріп, Ақмешіттегі большевиктік ұйымдарға қатысып, жаңа өмір жолына түсе бастайды.
Жас жігіттің ерекше қабілетін сол кезде-ақ байқаған аға буын өкілдері Ақмешіт уездік-қалалық комитетінің шешімімен оны Ташкентте жаңадан ашылған үгітші-ұйымдастырушылардың қысқа курсына оқуға аттандырады. Ол сонда білімін шыңдады, алғыр шәкірт екенін байқатты. Жақсы үлгеріммен аяқтады. Түркістан өлкелік партия комитеті Мәскеудегі Я.М.Свердлов атындағы коммунистік университеттің қысқа мерзімдік курсына ел ішінен 35 кісіні оқуға жіберіп жатқанда, сол құрамға Садықбек те ілініп, комсомол бөлімінде оқыды. 1920 жылдың күзінде оқуды үздік аяқтап, Ташкентке оралады да, жастар арасындағы ұйымдастырушылардың бірі болып қызметін бастайды.
1920-1923 жылдар аралығында қабілетті жас Түркістан өлкелік партия комитеті жанындағы партия мектебінің комсомол бөлімін басқарды. Сонымен оған Алматы, Жетісу облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін де қоса атқаруға тура келді. Садықбектің шын жарқырап көзге түсуі осы кезеңдер болғаны анық. Өйткені, ол бір емес, бірнеше жауапты қызметтерді қатар алып жүре алды, бәріне де уақыт таба білді.
Осы жылдар ішінде С. Сапарбеков көрнекті комсомол қайраткері, жақын досы Ғ.Мұратбаевпен қоян-қолтық араласты. Екеуі бірлесе отырып, шығыс жастарына жол-жоба ұсынды. Зейінді балаларды дереу қамқорлыққа алып, тәрбиеледі. Кейінірек атағы шығып, қазақ халқының аяулы ұл-қыздарына айналған Ш.Артықбаев, А.Тоқмағамбетов, А.Хангелдин, Ө.Тұрманжанов, Б.Кенжебаев, Ж.Арыстанов, Ж.Бектұров, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Тәжібаев секілді азаматтарға көп көмегін тигізді. Бұл кісілердің бірқатары өз естеліктерінде С.Сапарбековтің есімін ілтипатпен атайды, еңбегіне зор баға береді.
Фильмнің авторы: Қалила Омар (Ютуб желісінен алынған)
Мақала авторв: Жолтай Жұмат