Өскемендегі дәмханалардың бірінде танысын пышақтаған ер адамның видеосы тарады
2021 ж. 14 қаңтар
3140
0
Өскемендегі дәмханалардың бірінде танысын пышақтаған ер адамның видеосы тарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Согра ауданында болған, онда дәмханаға келген адам төбелес кезінде танысына пышақ салған.
"Өскемен полициясына облыс орталығының ойын-сауық мекемелерінің бірінде ер адамның төбелес кезінде танысына пышақ жарақатын салғаны туралы хабарлама келіп түсті. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларынан бейнежазбаларды алып, оны мұқият зерттеді. Тәртіп сақшылары күдіктіні "ізін суытпай" анықтап, ұстады", - деді ведомство өкілдері.
ЕСКЕРТУ! Видеоны жүрегі әлсіз адамдарға, жүкті әйелдерге және балаларға көруге болмайды!Алайда ішімдік ішу кезінде таныстар арасында дау шығып, ол төбелеске ұласқан.
"Ер адам жанжал барысында өзінің танысына пышақпен бірнеше дене жарақатын салды, ол алған жарақаттарынан есін жинамастан жедел жәрдем бригадасының көлігінде қайтыс болды", - деді ШҚО полиция департаментінің басшысы Сағат Мәдиев.
Ведомство мәліметінше, 32 жастағы күдікті бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жанжалдың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қазіргі уақытта күдікті Өскемен қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.