Оразбек Сәрсенұлы атындағы күйшілер байқауы мәресіне жетті
2020 ж. 21 қазан
4209
0
Өткен 2019 жылы Жиделібайсын күй мектебінің көрнекті өкілі – әкем Оразбек Сәрсенұлының күйлеріне әлеуметтік желі арқылы «Күй-аманат» атты онлайн-күй байқауын жариялаған болатынмын. Жақында байқау өз мәресіне жетті, - деп хабарлайды baq.kz.
Құймақұлақ әдісін қолданған бұл байқауды ұйымдастыруда көп іздендім. Осы салада еңбек етіп жүрген білікті мамандармен ақылдастым. Бұрын естімеген, халықтың құлағына әлі жете қоймаған жаңа күйлер болған соң, «ешкім қатыспай қоя ма?» деген үрей де болмай қалған жоқ. Өйткені, байқау жариялағаннан кейінгі алғашқы алты ай көлемінде ешкім хабарласпады. Қазылар алқасының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші, өнер зерттеушісі Мұрат ӘБУҒАЗЫМЕН ақылдасқан едім, ол:
– Оңтүстік өңірдің күйшілік өнері – әлі де болса толық зерттеліп, түбегейлі жинақтауды қажет ететін орындаушылық мектеп қой, – деді. – Күйші-орындаушылар үшін де толық ашыла қоймаған тың арна. Сан ғасырлардан бері қалыптасқан күйшілік мектепті игерудің өзі үлкен ізденісті, қажырлы еңбекті талап ететіні анық. Сонымен қатар, орындаушылық мектептің қыр-сырын, шеберлік құпиясын меңгеруге де біршама уақыттың керек екені белгілі жағдай. Оның үстіне, бұл – әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырылып отырған тұңғыш байқау. Күй өнерін насихаттау бағытындағы жаңа жоба. Осындай жағдайларды ескере отырып «Күй аманат» байқауының мерзімін 15 наурызға дейін ұзартып, қатысушыларға толық мүмкіндік берейік.
Сөйтіп, байқау мерзімін тағы үш айға создық. Осы аралықта еліміздің өнерге қатысты алдыңғы қатарлы оқу орындарынан күйшілер хабарласа бастады. Жай күйшілер емес, бірінен бірі оза шауып тұрған он күйші еді. Қатысушылар бәйгеге қосқан жеті күйден бес күйді тартып, жіберіп жатты. Ал жетінші күйді, яғни әкем Оразбектің ағасы – Жүсіп атамның «Жүсіп» күйін тартқан ешкім болмады. Байқаудың қорытындысын 2020 жылдың 18 наурызында Ықылас атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайында өткіземіз деп жоспарлағанбыз. 7 наурыз күні фейсбук әлеуметтік желісінде «Екінші күй ретінде «Жүсіп» күйін тартқан күйшінің бас жүлде алу мүмкіндігі бар!» деген жазба жарияладым. Сол сол екен, төрт күн өткенде жетісайлық Құрманғазы Әбдіхалықов аталған күйді тартып, жазбасын жіберіпті!
Бір таңқаларлығы, Құрманғазы күйші әкемнің туған жиені болып шықты. Ауылдан кеткелі көп жыл болды. Ауылдастар түгілі, кейбір алыстау ағайындарды қазір көрсем танымаймын. Әкем Оразбектің Керімкүл деген туған әпкесі бар-тын. Өте сұлу кісі еді. Басына әппақ сәлде орап, қашанда үстіне ақ көйлек пен оюланған қара камзол киіп жүретін. Сырт көзге құдды бір тарихи фильмдердегі байлардың бәйбішесі дерсің. Бала күнімде үйге келсе есіктен кіргеннен бізді бауырына басып, айналып, толғанатын. Есімде, Керімкүл апамның Ербатша деген ұлы мені көтеріп алып, иығынан түсірмейтін. Ұзын бойлы, келбеті дәл көкеме ұқсайтын. Енді мына кереметке қараңыз! Әлгі Құрманғазы – сол Ербатша көкемнің Гүлжан деген қызынан туған жиен-немересі екен. Жетісайдағы «Сырдария» университетінің аға ұстазы екен. Құдайым-ау, Жетісай ауданында неше мың халық бар. Қаншама күйші мен әнші бар. Ал көкемнің байқауына дәл өзінің туған жиені қатысып отырғаны ғажайып емес пе?
Өткенде Гүлжан әпкеммен сөйлестім.
– Мен келін болып түскен бұл елде домбыра ұстаған адам жоқ. Балама нағашыларынан дарыған! – деп отыр әпкем.
Осы әңгімеден соң бірнеше күн есеңгіреп, өзіме өзім келе алмай жүрдім. Қарап отырып көзімнен жас парлап аға берді. Қанда бар талант әйтеуір бір бұтақтан жарып шығатыны рас екен. Көкемнің немерелері домбыра ұстамайды. Яғни, бұл қасиет жиендерде жүр!
Әкемнің «Сырласу» күйі де тартылмады. Байқау аяқталуға үш күн қалғанда күйші Нұрлан Түменбаевпен байқау туралы сөйлескенбіз. Нұрлан отбасымен сапарлап, Таразда жүргенін айтқан. Сөз арасында:
– Көкемнің жеті күйінен «Сырласу» күйі тартылмады, – деген болатынмын. Көп күттірмей, үш күннің ішінде, өзі жол жүріп жүрсе де, «Сырласу» күйін нақышына келтіріп орындап, салып жіберіпті. Күй әлеміндегі рекорд деген осы болар!
Бұл байқау осындай тосынсыйларға толы болды.
ҚҰЙМАҚҰЛАҚТЫҚ – қазаққа ежелден тән қасиет. Қорқыттың, Құрманғазының немесе Ықыластың күйлері бізге нота арқылы жеткен жоқ. Бабаларымыздың ғажап жады арқылы, қазыналы сырсандық кеудесі арқылы ұрпақтан ұрпақтан жетіп отырды. «КҮЙ-АМАНАТ» байқауының ерекшелігі – Оразбектің күйлерін құлақпен алу, яғни, есту арқылы орындау. Байқауға еліміздің өнерге оқытатын білім ордаларының үздіктері қатысып, бақ сынағаны қуантты.
Байқауға қазылық етуге де күй саңлақтарын тарттым.
ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫ
- Мұрат Әбуғазы – қазылар алқасының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, күйші.
- Саян Ақмолда – ҚР Мәдениет саласының үздігі, күйші.
- Мәди Көшікбаев – Қарасай аудандық сотының төрағасы, Жиделібайсын өнер мектебінің өкілі, күйші Жүсіп Сәрсенұлының ұрпағы.
- Жанғали Жүзбай – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші
- Жанас Бекентұров – Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің дирижері
- Орақ Жауыров – Атырау облыстық филармониясының дирижері, күйші, профессор
- Төлепберген Тоғжанов – Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры, күйші-композитор
- Заман Төлеуов – жазушы, «Мәдениет» порталы
- Ақберен Елгезек – ақын, ҚР Жазушылар одағын төрағасының бірінші орынбасары
- Дәурен Қуат – жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы
- Марат Жанғазы – күйші, композитор
- Рүстем Қайратұлы – Ықылас атындағы халық аспаптар мұражайының директоры шақырылды.