Димаштың YouTube каналында «Қайран елім» бейнебаяны жарық көрді
2020 ж. 10 тамыз
1830
0
Димаш Құдайбергеннің ресми каналында жаңа «Қайран елім» музыкалық видеосы жарық көрді. Музыка авторы – танымал композитор Ренат Ғайсин. Сөзінің авторлары – Данияр Алдаберген және Орал Байсеңгір.
Бұл туралы dimashnews.com сайты хабарлайды.Мазмұны терең, трагедия мен үміті қатар, жүректі тербер эмоцияға толы музыкалық композиция… «Қайран елім» әні Димаштың жүрегінен өткізген уайымы Отаны мен әлемге деген алаңдаушылығынан туындаған тілегі іспетті. Негізінен, шығарма тақырыбына миллиондаған әлем тұрғындарының өмірін коронавирус індеті эпидемиясы арқау болған.
«Қайран елім» – адамзатқа жасалған үндеу іспетті, қорқынышты жайтқа қарамастан, жақсылықтан үмітіміздің барын ұғындыру. Барлық ауыртпалықты еңсеретінімізге сендіргіміз келеді. Дәл қазіргі таңда ең бастысы – мықты болуымыз керек», – дейді Ренат Гайсин мен Димаш Құдайберген.
Сонымен бірге, қобызының қоңыр үнімен бейнеге ерекше рең сыйлаған музыкант Олжас Құрманбектің еңбегін айтпай кетуге болмас.
«Қобыз ежелден халықтың мұңын жеткізетін киелі аспап саналады. Ренат Ғайсиннің «Қайран елім» әні біздің Алматыға сапарымыз кезінде туындады. Әнді жазатын кезде оның табиғатына, түпкі ойына бойлай алдық деп ойлаймын. Авторы мен Димаштың өтініші бойынша композицияны қобыз аспабында ойнаудан бастадық. Мен мұңлы әуенді ойнап бастадым, нәтижесінде расымен де, әдемі, жаңа туынды жасап шығарған сияқтымыз. Мен бұл жобадан ерекше әсер алдым. Мен үшін үлкен тәжірибе. Шығарма көпшіліктің көңілінен шығады деген үміттемін», – дейді қобызшы Олжас Құрманбек.
Клип Алматы облысының табиғаты сұлу жерінде түсірілді. Жобаға Димаш пен кинооператор Азамат Дулатов режиссерлік етті. Видео түсіру жұмыстары оңай, еш кедергісіз өтті. Түсіру тобының шабыттанғаны сол, ұйқысыз, демалыссыз жұмыс істеп, аз уақытта аяқтады.
«Бұл туындыны алғаш естігенімде оның терең мазмұны мен ойы көңіліме қонды. Әрине, түсіру жұмыстарына қуана кірістім. Барлығы ойдағыдай өтті. Түсіру жұмысына қатысқан әрбір жан керемет әсер алды. Осы жобаға үлесін қосқан әрбір жанға алғысым шексіз. Композицияны ішкі түйсігімен қойған монтаж режиссері Тимур Дулатов әдемі туынды жасап шығарды. Ал түс коррекциясымен талантты шебер Ерлан Танаев айналысты. Оған ерекше мән бердік, өйткені, түс арқылы әр көрерменнің, тыңдарманның жүрегіне жол тапқымыз келді. Біздің тыңдарманға қатты ұнайды деп сенеміз», – дейді Азамат Дулатов.
Клип стилисі – Нэлли Нурашева. Киім үлгілерін қазақстандық дизайнер Айнұр Тұрысбек ұсынды. Оның ерекше әрі жаңашылдыққа толы киім үлгілері клиптің футуристік атмосферасымен қабысып тұрды.
Визажист Санди Бексырға түсіру кезіндегі сәтті күліп еске алады:
«Білесіз бе, түсіру жұмыстары кезінде табиғаттың сұлулығына тамсандық. Алатау мен көлдердің әсемдігін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Табиғаттың өзі Димашты жақсы көретін секілді. Самал жел соғып, ағаштан ұшқан ұлпалар әуеннің ырғағымен су бетіне қонып жатты. Бұл расымен де тамсандырмай қоймайтын сұлулық!».