Екі полицейдің өліміне кінәлі BMW жүргізушісі 6 жыл полицияда қызмет еткен
2020 ж. 26 мамыр
1314
0
Алматыда блокбекетте екі полицейді қағып кеткен BMW жүргізушісіне қатысты жаңа деректер шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицейлердің мәліметінше, жүргізуші осыған дейін 6 жыл құқық қорғау органдарында жұмыс істеген. Алайда жұмыстағы міндеттеріне немқұрайлы қарағаны үшін қызметінен босатылған.
"Блокбекетте болған жағдайдан бірден екі полицей қаза тапты. Бірақ, ең өкініштісі, полицейлерді қаққан жүргізуші осыған дейін полицияда 6 жыл жұмыс істеген. Қызметтік міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін төрт рет тәртіптік жазаға тартылған. Осыған байланысты ішкі істер органдарындағы қызметінен қуылған. Заңды бұза отырып, оған ауыр жаза қарастырылғанын біле тұрып, мас күйде рөлге отырып, қылмыс жасады", - деді қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Тәймерденов.
Оның айтуынша, жүргізушіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Енді ол 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазіргі уақытта ол қамауда.
Еске салайық, кеше, 25 мамырда таңғы сағат 05.26-да BMW маркалы көліктің 1992 жылғы жүргізуші Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ықшамауданы Қожабеков көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, Жаңа Ғасыр көшесінің қиылысында №4 блокбекетке барып соғылып, инерциямен патрульдік көлікке соғылған еді. Салонда екі полицей болған. Көлікті мас күйінде отырған BMW жүргізушісі қамауға алында. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.