«Адвокат жалдауға ақшам жоқ». Bek Air мен ұшақ құлаған үй иесі арасындағы сот отырысы кейінге қалды
2020 ж. 21 ақпан
1581
0
Алматы облысы Талғар аудандық соты Bek Air әуе компаниясының талап арызын қарауды кейінге шегерді. Бүгін әуе компаниясына тиесілі ұшақ соғылған ғимарат құрылысын заңсыз деп тану жөніндегі шағымы қарсы тараптың сотқа дайындықсыз келуіне байланысты 20 наурызға белгіленді. Гүлдала ауылдық округіндегі үйдің иесі (ұшақ құлаған – авт.) Решет Қалибек қаржылық қиындықтарға байланысты адвокат жалдауға мүмкіндігі болмағанын айтты. Сондай-ақ сот қазысы жауапкердің орыс тілін білмегендіктен аудармашы қамтамасыз етілмегенін ескеріп, соттың алдын ала тыңдауын бір айға шегеруге мәжбүр екенін айтты. Өз кезегінде үй иесі Решет Қалибек әуе компаниясына қарсы талап арыз дайындайтынын мәлімдеді.
«Мен Bek Air компаниясының талабын түсінген жоқпын. Мені не үшін сотқа беріп жатыр? Бұл жерде заңсыздық жергілікті әкімдік тарапынан болып отыр. Мен өз тарапымнан заңгерлермен ақылдасып, әуе мекемесінің өзін сотқа беремін. Бүгінгі сотқа адвокат жалдап үлгермедім. Ақшам болмады. Сөйлескен қорғаушылар қымбат сұрады», - дейді Р. Қалибек.
Ал, Bek Air әуе компаниясының президенті Нұрлан Жұмасұлтанов бәрін сотта дәлелдейтінін айтты.
«Апатқа ұшыраған ұшақтың үйге соғылып, адамдар өліміне себеп болғаны анық. Біз мұны сотта дәлелдейміз. Сол үшін жауапкердің үйінің заңсыз салынғанын сот арқылы дәлелдейтін боламыз. Біздің мақсатымыз осы», - деді журналистерге қысқаша жауап қайтарған Bek Air компаниясының президенті Нұрлан Жұмасұлтанов.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы маңында Bek Air әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатқа ұшырап, жақында Bek Air ұшақ соғылған үйдің иесін сотқа берді. Олар ұшақ соғылған үйдің иесі Решет Қалибекке «заңсыз жер алып, үй салды» деп айып тағып отыр. Ал, үй иесі Решет Қалибек «Мен ол жерді 2014 жылы Өмірғазиева Гүлнәр есімді азаматшадан сатып алдым. Ортада делдал болды. Ол жердің барлық құжаты заңды болды. ХҚКО-да ресми түрде маған тіркелді» деп отыр.
Ришат Асқарбекұлы