Ақтөбеде қысымға ұшыраған депо жұмысшылары әділдік іздеп жүр (видео)
2020 ж. 30 қаңтар
2932
0
Ақтөбе локомотив пайдалану депосының жұмысшылары басшылыққа наразы. Бұған әлеуметтік желіге тараған "ашық хат" дәлел. Ұжым басшылық тарапынан көрсетіліп жатқан қысымнан шаршаған. Айтуларынша жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді.
Бұл туралы rikatv.kz хабарлады.100-ден астам жұмысшы кімнен көмек сұрарын білмей, әділдік орнауын күтіп жүр. Осыған дейін 10-нан астам жұмысшы басшылық тарапынан қысым көріп жұмыстан шығуға мәжбүр болған. 5 жыл бұрын аталған жұмыс орнына жаңа басшы тағайындалған. Сол уақыттан бері мында қызмет ететіндердің мазасы қашты.
"Ақтөбе локомотив пайдалану депосының" басшысы мен орынбасарының жұмыстан кеткенін қалайды. Жұмысшылардың айтуынша адамдарды қорлау, балағат сөздермен тіл тигізу оларға түк емес. Ал қарамағындағы адамдар бұл қорлыққа төзуге мәжбүр. Себебі жұмыстан шығып қалуы әбден мүмкін. Егер жұмысшы жұмыс барысында денсаулық жағдайына зақым келген болса, оған материалдық көмек көрсетілуі қажет. Бұл заңда жазылған.
Жаңабек Байғазиев 2016 жылы жұмыс барысында тепловоздың суына күйіп қалған. Ауыр түрде зақым алып, емделуіне тура келген. Басшылық мұны білген соң оған күнделікті өмірде жарақат алдым деп айтсаң көмек көрсетеміз деп алдаған. Осылайша өз қалтасынан 400 мың теңгеден аса қаражатын жұмсапты. Қағазға қол қойғаннан кейін Жаңабектің мәселесі ұмытылған. Өзің күйдің, өзің емдел дегендей жауапкершіліктен жалтарған.
Басшылық тарапынан жұмысшыларға көрсетіліп жатқан қысым тоқтамай тұр. Тіпті жұмыстарында болып жатқан әділетсіздікке көз жұмған теміржолшылар жұмыстан шығып қаламыз ба деген қорқынышпен 5 жыл үндемей келдік, бірақ, шыдамның таусылар уақыты келді дейді. Ақтөбе локомотив пайдалану депосының басшылары жанайқайларын естісе дейді. Жұмыстағы болып жатқан әділетсіздік пен қысымның тоқтағанын қалайды.
Мәселенің анық-қанығына жету үшін мекеменің басшыларына хабарластық. Бірақ, жиналыс, кездесу деген сылтаумен жауап беруден бас тартты. Ақтөбе темір жол бөлімшесінің директоры Бөрехан Беркімбаев жұмысшылардың наразы хаты қолына енді жеткенін айтты. Тексеру жұмыстарын жүргізгеннен кейін ғана түсінік беретінін мәлімдеді.